Реформаның бастауы – әділ сөз
Реформаның бастауы – әділ сөз
5,315
оқылды
Жалпы, ХХІ ғасырдағы демократияның ең шешуші ал­ғышарты не десе, сөз бостандығы мен пікірлер алуандығын атауға болар. Себебі онсыз әділ сайлау мен әлеуметтік теңдікті болсын, тәуелсіз сот пен белсенді аза­маттық қоғамды болсын елестету мүмкін емес. Адамзаттың өзі пай­­да болмастан бұрын бастап­қыда Сөз болған деген тұжырым да тегіннен айтылмаса керек. АҚШ-тың тұңғыш пре­зиденті Джордж Вашингтон: «Сөз бостандығы болмаса, біздің бәрімізді мылқау да көнгіш қой сияқты сойысқа айдауға болар еді», – дейді. Уақыт өткен сайын аталмыш қанатты сөз өз құнды­лығын арттырмаса, жоғалтпай келеді. Өйткені тәуелсіз ақпарат қана ақты ақ, қараны қара деп, қоғамның көзін ашуға, саясат атаулының үгіт-насихатына көз жұмып сену емес, биліктің әр қадамын бақылап оған ықпал етуге мүмкіндік қалыптастырады. Рас, тәуелсіздік жылдарында отандық баспасөз бірталай асу­ларды бағындырды, кәсіби дең­гейін көтеріп заман талабына сай ысылып-жетілді. Мемлекет тара­пынан журналистердің жұмысын заңдық жағынан реттеп, олардың еңбегін сүйемелдеуде, жас ма­мандарды дайындауда бірталай игі шаруалар тындырылды. Билік орындарына, Пар­ла­мент­ке, қоғамдық кеңестерге баспасөз саласының көрнекті өкілдерін жиі тарту да БАҚ ықпалының күшейгенін айғақтайды. Қазақстандағы медиа-кеңіс­тік ойдағыдай қарқынмен бол­маса да, жылдан-жылға қа­зақиланып келе жатқаны – жақ­сы жаңалық. Керек десеңіз, кеше тек орыс тілінде шыққан ақпарат құралдары өздерінде қазақ ре­дакциясын ашып, қазақтілді авторларға жиі жүгінуде. Бұл, әлбетте тоқмейілсуді білдірмеген абзал. Керісінше, ұлттық сана-сезімі оянып келе жатқан қазақы әлеумет аталған оң үрдіске белсенді атсалысқаны құба-құп. Атап айтқанда, газет-журнал­дарға жазылу, моральдық, шама келсе материалдық демеу жасау, басқа да жолдар арқылы. Бұл да қоғамдық жауапкершілік та­ныту­дағы халықаралық тәжірибе. Мәселен, Ұлыбританиядағы аты күллі әлемге танымал «Би-би-си» корпорациясы тек азамат­тардың қаржысына арқа сүйеп, есесіне қоғамды тәуелсіз ақ­паратпен қамтамасыз етуде. Бізге де осындай тәжірибені қолға алған абзал. Елімізде баспасөз өкілдерін ын­таландыруға арналған «Үркер», «Тұмар», «Нұр-Сұңқар», «Туған ел» премиялары, Бейсен Құранбектің құрметіне «Жігер» сыйлығы тағайындалған. Аталған жүлделерге қатысты журналистік қауымдастықта түрлі ой бар. Бірі мемлекет БАҚ қызметкерлерін елеп, марапаттап жатса, демек бұл біздің әлеуеті­мізді мойындағаны, сонымен қатар күрделі әлеуметтік жағ­дайда әжептәуір қаржылық қолғабыс болып табылады деп санайды. Енді бірі мұндай тәжірибе қоғам үшін пайдалы журналистикадан гөрі билікке ғана жағымды ақпарат тарату­шыларды ынталандырады, ал нағыз журналист қоғам үшін жұмыс істеуі тиіс деген ұс­та­нымда. Мойындау керек, біздегі билік орындарының жур­на­листер жұмысын шектеуге ты­рысуы, БАҚ-тардың редак­циялық саясатына араласуы көптеп кездеседі. Әсіресе, осын­дай жағдай мемлекеттік баспасөз бен телеарналарда кеңінен етек жайған. Бірақ мұндай әсірелеу­шілік нәтижесінде бәрі ұтылады: «сылап-сипап» берген жаңалық пен сараптамадан мемлекеттік орындарға деген сенім артпайды, оқырман және көрермен қауым шындықты балама көздерден ғана іздей бастайды, журна­листердің өзі, әсіресе буыны қатпаған жас кадрлар басты міндетін ұмытып, жалтақ әрі әлжуаз болып өседі. Екі ортада хайп мен алып-қашпа әңгімелер салтанат құрады. Осы тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң­ның заман талабына сай жаңадан қабылдануы әлдеқашан пісіп-жетілді. Әсіресе, мем­лекеттік тапсырыс саласындағы бы­лықтар, негізсіз шектеулер жойылуы айрықша маңызды. Сон­дай-ақ журналистердің жұмысы лайықты бағалануы, оларды әлеуметтік қамсыз­дандыру ісі кешенді түрде қолға алынғаны жөн. Түптеп келгенде, баспасөз формалды ғана емес, іс жүзінде төртінші билікке айналғаны шарт. Бұдан мемлекет те, халық та ұтары сөзсіз. Ал ұпайын жо­ғалтар біреу болса, олар заңды белден басқан жемқорлар мен қара бастың қамын елден жоғары қойған шенді дөкейлер ғана. Ақпаратпен емін-еркін бөлісу, цензура құрсауын босауға келгенде қазіргі заманның зор жетістігі ретінде интернетті атауға әбден болады. Ғаламтор ұсынған тың мүмкіндіктер, әсі­ресе әлеуметтік желілер, қазақ қоғамына да көп пайдасын тигізуде. Соның арқасында бұрындары тасада қалып келген талай келеңсіздік әшкереленуде. Бүгінде интернеттің құдіретін мемлекеттік мекемелер де мойын­­дап отыр. Ал енді лауа­зым­ды әлдекімге ұнамсыз болса да қоғам үшін әлдеқайда құн­дысы – істің беті ашылғаны. Осы ретте ағылшын жазушысы Эвелин Холлдың сөзін еске түсірсек: «Мен сіздің сөзіңізбен келіспесем де, осыны айтудағы сіздің хақыңыз үшін өлуге дайын­мын». Пандемия ауыртпалығы, қауіпті дерт мәжбүр еткен өмірлік жаңа шындық көп нәр­сеге көзімізді ашты. Соның бірі шы­найы ақпарат тарату мен оны бұқараға уақытылы жет­кізудің маңызын, әйтпесе пайда болған бос кеңістікті әдетте қауесет пен дүрлігу басатынын ұғынумен байланысты. Ендеше баспасөзді жан-жақты қолдау, осы саладағы ойын ережелерін әділ қылу, қо­ғамдағы сан алуан пікірлерді ел мүддесіне сай ортақ мәмілеге келу жолдарын ойластыру – мемлекеттік саясаттың басым­дығына айналуы керек. Өз ке­зегінде қоғам да сөз бос­тан­дығына келгенде жауапкершілік танытқаны маңызды. Ресей баспасөзінің майталманы Владимир Познердің айтқаны бар: «Сөз бостандығы – ойыма не келсе соны айта беремін дегенді білдірмейді. Бұл – барып тұрған жауапсыздық. Ал шынайы сөз бостандығы дегеніміз – әр сөзіңе жауап бере алу қа­білеті». Бүгінгі таңда қоғам алдын­дағы ашықтықты жариялаған билік орындары, өз ішінде қай­та құруға бет бұрған «Nur Otan» партиясы осы аталған қажет­тіліктерді мұқият ескеріп, олар­ды өтеуге күш салғаны – за­ман талабы. Тоқ етерін айтқанда, тек нағыз сөз бос­тандығы би­лікте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ре­фор­матор­лардың ең адал да қуатты серік­тесіне айналары да, ел басына күн туса сыртқы ақ­параттық ша­буылдарға той­тарыс беретін бірден-бір күш болары да хақ.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы