Үстірт көзқарас не дейді? Түркия Сирия жеріне басып кіріп, «лаңкестерді» қыруда. АҚШ оның өз қорғауындағы күрдтерге қырғидай тигенін біліп, шомбалдай жұдырығын көрсетіп, ашудан санкция енгізді. Ал Башар Асад тағы бір жат күштің өз жеріне басқыншылық жасауынан естен танып отыр... Шынында, геосаяси ойын аренасында бәрі біз ойлағандай қарабайыр емес.
Бірнеше ай бойы Анкара Вашингтонмен Сирияның солтүстігінде, Түркиямен шекарада «қауіпсіздік аймағын» құру бағытында бірлесе қимылдау туралы келіссөздер жүргізді. Әрине, екеуі еш келісімге келмеді. Бірақ ақырында түріктер дегеніне жетті: АҚШ сириялық одақтасы саналатын күрдтерді қорғансыз тастап, операция аймағынан әскерін алып кетті. Сөйтіп, Ердоған билігінің шекаралас аймақты өз бетінше «тазалауға» кірісуіне жол ашты.
Түріктердің өз жерінде ұрыс салуына Сирия билігінің өте-мөте қарсы екені туралы пікірлер – бос сөз. Шынында, осыдан жиырма жылдай бұрын екі ел арасында «Адана келісімі» бекітілген. Оған сәйкес, Дамаск түрік билігіне күрд содырларын Сирия аумағында да қудалауға рұқсат етті. Сирияда әскери операция бастағанда Түркия сыртқы қатерлерден қорғануға құқық беретін БҰҰ жарғысын және Адана шартын алға тартқан болатын.
Сирия мемлекетінің барлық 19 тонна алтын қорын Мәскеуге көшіріп алып, Тартустағы теңіз базасын және Хмеймимдағы әуе базасын 49 жылға иеленіп, бұл елде өзін қожайындай әрі құтқарушыдай сезінетін Ресей неге «түріктердің бассыздығына» тоқтау болмайды? Солтүстік көршінің саясаткерлері мен сарапшыларының байламына құлақ түрсек, Мәскеу мен Теһран басқаның қолымен от көсеп отыр: Ресей мен Иран Таяу Шығыстағы қуатты серіктеске ие болу үшін шииттік Сирияның бұрынғыдай біртұтас мемлекетке айналғанын қалайды. Алайда одан бөлініп, төл автономиясын құру үшін алысқан сириялық күрдтер ол сценарийдің шырқын бұзды. «Түркия операциясы Мәскеу мен Теһранға қолайлы. Себебі, сириялық күрдтер «Астана процесіне» тек кедергі келтіреді», – деп жазады ресейлік сарапшылар.
Түркия президенті Режеп Ердоған Сириядағы әскери операцияның басталғанын 9 қазанда жариялады. Оған «Бейбітшілік қайнары» (Barış Pınarı Harekâtı) деген атау берілді. Түріктер «Күрдістанның жұмысшы партиясы» және «Ислам мемлекеті» (екеуіне де Қазақстанда тыйым салынған) ұйымдарының базаларын тып-типыл етіп жоюға ниетті.
Қазір түркиялық армия өз елімен шекаралас аудандардан күрдтерді ығыстыруда. АҚШ түріктермен тайталаста оларды қолдаудан бас тартты және Сирия жерінен әскерін алып кетті. «Сирия демократиялық күштеріндегі» күрд жасақшылары бұл қадамды «арқаға пышақ ұру» деп бағалады.
«Бейбітшілік қайнары» операциясы Түркия шекарасынан оңтүстікке қарай 30 шақырымдық қауіпсіздік белдеуін құруды көздейді. Түріктер осы ауданда бірде-бір күрд және «ДАИШ» жауынгерлері болмауын қалайды. Осы мақсатта күрдтердің қарулы құрылымдарына аяусыз соққы жасап, орны толмас нұқсан келтіруге күш салуда. Операция аяқталғаннан кейін Ердоған Түркияда қарасы шамамен төрт миллионға жетіп қалған сириялық босқындарды еліне қайтарып, әлгі ауданда орналастыруды, бұл үшін онда баспана мен инфрақұрылымның кең ауқымды құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Яғни, әзір Сириядан кету ойы жоқ, оның етегін ен жайламақ.
Сонымен қатар Түркия осы арқылы Сирия мәселесін реттеуде Ресеймен терезесі тең жетекші ойыншы мәртебесін бекітпек. Бұл оған халықаралық бедел әкеледі, оның үстіне Батысты өзімен санасуға және бағалауға иліктіреді. АҚШ пен Еуропа қанша сынағанымен, Сирияда өздеріне жаулық көзқарастағы Ресей не Иранның емес, НАТО мүшесі Түркияның басым рөл атқарғанын тәуір көреді.
Сириядағы алпауыттар айқасынан қанға бөгіліп, жем болған жақ – күрдтер. Жан-жақтан соққы көріп, мүлдем жойылуға жақындайтынын түсінген күрдтер амал жоқтықтан Ресеймен және Башар Асадпен келіссөзге баруға мәжбүр болды. Бұл хабарды Демократиялық одақ партиясының тең төрағасы, сириялық күрдтердің саяси лидері Салех Муслим растады. Ол сириялық армияның бірқатар аудандарға ғана енгізілетінін және күрд әкімшілігі сақталатынын атап өтеді.
Халықаралық сарапшылар «Бейбітшілік қайнары» аяқталғаннан кейін не болатынын болжауға тырысуда. Солардың бірі «Астана процесі» бойынша одақтастар Түркия мен Ресей арасында алауыздық туады дегенге саяды. Қайшылық мысалға, Кобани атты шекаралық күрд қаласына қатысты туындауы ғажап емес: оны Түркия толығымен «тазартып» шықпақ, бірақ оған Ресей наразы. Түрік шекарасынан 28-30 шақырымдық қашықтықта жатқан М4 тасжолы үшін талас-тартыс қазірден өрістеуде. Оны Дамаск Анкараға ұстатқысы келмейді: М4 трассасы Асад пен оны қолдайтын Ресей үшін стратегиялық маңызды Манбидж секілді бірнеше қалаға апарады. Бұл елді мекенді кезінде ИГИЛ басып алды, кейін АҚШ күрдтер қолымен азат етті. Бүгінде оған батыс пен оңтүстіктен Асад армиясы кіріп жатыр. Солтүстігін сириялық түркітілдес оппозициямен бірге түріктер жайлауда. М4 тасжолы сияқты бұл шаһардың ақырында кімнің қолында қалары беймәлім.
«Түркия осы жорығы үшін Батыс санкциясынан сорлайды» деген де пікір бар. Әйтсе де, Түркия үкіметі ол санкциядан қорықпайтынын анық аңғартты. Мұның себебін түсіну үшін «қысымды» өлшеген жөн. Сонда санкциялардың шапқыншылықты тоқтатар пәрменді тетік емес, «косметикалық» шара екені байқалады. Американың түрік болаты экспортына 50%-дық баж салығын қайтаруы жаңа жаза емес: ол бұған дейін болған және мамырда 25%-ға кемітілген. Үш министрдің АҚШ санкциясына ілігуі де Түркия билігіне тұсау емес. Еуропа Түркияға қару жеткізуге эмбарго енгізді. Одан өздері зардап шегеді: түрік нарығын жоғалтып алмақ. Сондықтан ЕО шектеудің уақытша екенін ескертуге асықты. БҰҰ аталған операция Сирияда гуманитарлық дағдарысқа, бейбіт тұрғындардың құрбан болуына соқтыратынына назар аудартып, дабыл қағуда. Бұл қауіп қандай державаны тоқтатқан?
Ел тарихында бұрын-соңды болмаған аса ауқымды әскери қимылдар барысында Түркия жаңа жетістіктермен рухтануда. Жаңа елді мекендер қауіпсіздік аймағына табысты қосылуда, алты жүздей күрд содыры жойылды. Олардың әскери инфрақұрылымы бұзылуда. Түрік армиясының шығыны бірнеше адамды құрайды.
Түйін.
Түрік – түп-төркініміз бір халық болғанымен, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстан мұндай басқыншылықты қолдай алмасы сөзсіз. Оның үстіне Ресей Қырымды тартып алғалы бері армиямен өзге мемлекеттің жерін меншіктеу тәжірибесі жаһанда кең тарала бастағанға ұқсайды. Егер Түркия операциясын аяқтағаннан кейін Сирия солтүстігінде ұзақ жылдарға қалса және өркен жайса, мұны сарапшылар «аннексия» деп бағалайды. Мұндай құбылыстың кең таралуын қазақ елі құптай алмақ емес.