Kazakh Tourism қаржылық делдал қызметін атқарады ­– Мәжіліс депутаты
Kazakh Tourism қаржылық делдал қызметін атқарады ­– Мәжіліс депутаты
299
оқылды

Мәдениет министрлігінің Kazakh Tourism компаниясына қосымша құзырет беру туралы ұсынысын естігенде, депутаттардың шашы тік тұрды, ­– деп хабарлайды КТК.

Телеарнаның хабарлауынша, мәселенің мәнісі миллиардтап бөлінетін қаржыда жатыр. Мәжілісмендердің пікірінше, ұлттық компания қомақты қаражатты иемденсе, еліміздегі туризмнің болашағы бұлыңғыр болып кетуі мүмкін.

Мәжіліс депутаты Артур Платонов: «Kazakh Tourism компаниясының өзі 100 пайыз мемлекет қаражатына күн көріп отыр. Бұдан бюджет қаражаты Kazakh Tourism арқылы жеке қолға таратылатынын аңғаруға болады. Осылайша компания қаржылық делдал қызметін атқарады. Онсыз да бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін Kazakh Tourism бұған дейін де қатаң сынға іліккен болатын. Сондықтан Kazakh Tourism компаниясына қосымша құзырет берудің қажеті қанша? Біз бұл норманы алып тастауды ұсынамыз», ­– деді.

Мәдениет министрінен Мәжіліс спикері туроператорлық жұмысты не себепті үш түрге бөлгенін сұрағанда, министр Райымқұлова әбден састы. Шенеуніктер бұл норма туристік сала бизнесіндегілерге қолдау болады деп сендірді. Бірақ Нұрлан Нығматулин Мәдениет министрінің бұл ұсынысымен келіспейді. Өйткені туроператорлардың санын айқындау оларды «Туристік қамқор» қорына жарна аударуға міндеттейді екен.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Бұған дейін шетелге шығатын қазақстандық туристерге қызмет көрсететін туристік операторлардың кейде жабылып қалып, мұның қиыншылығын қарапайым туристер көріп келді. Сондықтан заң жобасы арқылы туроператорлар арнайы лицензиялаудан өткізіліп, сыртқы туризм саласында еңбек ететін турфирмалар санын айқындау көзделген», ­– дейді.

Бірақ бұл уәжге Нұрлан Нығматулин сенбейді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Министр ханым, бизнесті қорғаймыз деудің қажеті жоқ. «Атамекеннің» бұл мәселені уақытылы көтергені қандай жақсы болған. Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр. Мынадай жоғары мінберде бизнесті қорғаймыз деп ұрандап, туристік компанияларға керісінше қысым көрсетуге тырысудың қажеті жоқ. 2025 жылы бұл бағытта көрші мемлекеттермен қалайша бәсекелесе аламыз? Қайталап айтамын, бұл мәселенің талқылануына туристік қауымдастықтардың өкілдері тартылуы керек», – деді.