Алматыда қазақ вальсінің короліне ескерткіш қойылды. Бұл – Шәмші Қалдаяқовқа, қазақ өнеріне жасалған құрмет еді. Ескерткіш айрықша эскизде, ерекше композицияда көрініс тапқан. Қазақ зиялысына, қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсету идеясы осыдан төрт жыл бұрын басталған.
Барлық мүсін, ескерткіш, олардың орналасатын орны қала тұрғындарымен кеңесіп, таңдалды. Мүсін эскиздеріне республикалық деңгейде байқау жарияланды. Елбасы тапсырмасымен қойылған ерекше композиясының бірі – ашаршылық құрбандарына арналған тас мүсін. Ол Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында «Қарағайлы» бағында орналасқан. Бұл ескерткішті ел 25 жыл күткен еді. Аласапыран жылдағы зұлмат-зұлымдықты суреттеп тұрған тас мүсінге жүрек дір етпей қарау мүмкін емес. Арып-ашқан, өлімші халдегі баласын кеудесіне қысып ұстап, қасқайып ана тұр. Бұл – қазақ халқының 1931-1933 жылдардағы ауыр тағдырын бейнелейтін ақиқат еді. Әрі ескерткіш ашаршылықта құрбан болған миллиондаған тағдырдың рухына бүгінгі буыннан тағзым және кешегі қайғы-қасіретті келер ұрпақ біліп жүруіне қажет тағылым.
Соңғы жылдардың өзінде Елбасы тапсырмасымен қаланың тарихынан сыр шертетін көптеген ескерткіш бой көтерді. 60-тан астам елеулі тұлғалар өмір сүрген үйге тақталар орнатылды. Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюда қаза болғандарға, еліміздегі энергетика ғылымының негізін қалаушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Шапық Шөкинге ескерткіш ашылды. Барлық мүсін, ескерткіш, олардың орналасқан орны қала тұрғындарымен кеңесіп, таңдалды. Мүсін эскиздеріне республикалық деңгейде байқау жарияланып, арнайы концепция жасалды. Қыз Жібек пен Төлегенге, Шәкен Аймановқа, Шәмші Қалдаяқов пен Балуан Шолаққа ескерткіш қою жоспарланған еді. Мұның бәрі халықтың даңқты өнер майталмандарына құрмет көрсету болатын.
Қазақ кино өнерінің тарихын Аймановсыз елестету мүмкін емес. Оның мүсіні ерекше жерде орын тепті. Аңызға айналған режиссердің құрметіне қойылған ескерткіш 2019 жылдың 16 мамырында ашылды. Мүсінді қою үшін «Алматы» қонақүйі бекер таңдап алынған жоқ. Бұл қонақүйде режиссердің атақты «Тақиялы періште» фильмі түсірілді. Көшенің қарсы бетіндегі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрына ойлы жанарын қадап қойып, ойға шомып отырған Шәкен келбетін бірден байқайсыз. Өзі отырған орындықтың арқалығын қапсыра құшақтап, аяқтарын айқастырған күйі алысқа көз тігеді. Ескерткіштің бейнесі мүлдем бөлек. Көз үйренген мүсіндерге мүлдем ұқсамайды. Қоңырқай түсті қоладан құйылған айрықша бейненің авторы – белгілі мүсінші Нұрлан Далбай.
Үздік эксиздерді комиссия 50-ге жуық өтінім ішінен ашық байқау негізінде іріктеп алды. Республика сарайы мен «Қазақстан» қонақүйі арасындағы баққа жыл соңына дейін композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған қола ескерткіш орнатылатыны туралы маусым айында мәлім болған еді. Сондай-ақ атақты қазақ палуанына арналған мүсін де Абай даңғылындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында биылғы күзде қойылуы тиіс еді. Сонымен бірге қазақ фольклорының кейіпкерлерін мәңгі сақтау мақсатында мәңгілік махаббаттың символы – Төлеген мен Қыз Жібекке арналған қола композицияны орнату жоспарланған.