Машина жасауда маман аз
Машина жасауда маман аз
418
оқылды

Машина жасау – Қазақстанда нөмірі бірінші нарық. Мәселен, елдегі барлық тауар импортының жартысына жуығы, яғни 48,9 пайызы машина жасау өнімінің импорты. 2020 жылы салада 3 007 кәсіпорын тіркеліп, шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Әйтсе де, кәсіпорындардың көбінде білікті мамандар жетіспейді. 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған Машина жасауды дамытудың жол картасында дуальді білім беру жүйесін жетілдіру қарастырылған.

Кадрға да қам керек

Штаб-пәтері АҚШ-тың Калифорния штатының орталығы Лос-Анджелесте орналасқан Korn Ferry басқарушылық консалтингтік фирмасы жүргізген зерт­теулердің нәтижелері бойынша, 2030 жылға қарай дамыған елдерде мамандар тапшы­лығы өте қатты туындайды екен. Сарап­шылардың пікірінше, бұл жағдай әлемдік экономиканың баяулауына және оның шамамен 8,5 трлн АҚШ долларын жоғал­туға әкелуі мүмкін. Тіпті, барлық салада технологияның баяулауына әсер етуі ықти­мал. Сондықтан да сарапшылар кәсіп­орындарға кадрлық әлеуетті арт­тыруға баса назар аударуға кеңес береді. «Білікті мамандар – кез келген өндіріс­тің басты және маңызды факторларының бірі. Басқа салалар сияқты машина жасау да жоғары білікті мамандардың жетіспеу­шілігіне тап болады. Мәселен, әлемнің ең ірі төрт бухгалтерлік фирмаларының қата­рына кіретін, штаб-пәтері Лондонда орна­ласқан, мультинационалды профес­сионалдық қызмет түрлерін көрсететін PriceWaterhouseCoopers фирмасы биыл еліміздің 60 кәсіпорны басшылары ара­сында сауалнама жүргізді. Олардың 90%-дан астамы білікті мамандар тапшылығын өндірістік мәселелер арасындағы басты проблема ретінде атап көрсеткен. Сондықтан да 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған Машина жасауды дамытудың жол картасында саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету басты міндеттердің қатарында тұр. Оны мемлекет дуальді білім беру жүйесін жетілдіру есебінен шешпекші. Атап айтқанда, өндірістік тәжірибеден өтуге жұмсалатын шығындар бірлесіп қаржы­ландырылады. Атап айтқанда, шығын­дардың 70%-ын мемлекет және/немесе оқу орны, 30%-ын жұмыс беруші өтейді. Кәсіпорындардың оқу орындарымен тығыз ынтымақтастығы оң нәтиже бермек»,– дейді «Qazindastry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов. Бірқатар кәсіпорындар мамандар жетіспеушілігі мәселесін бейінді білім беру мекемелерін қамқорлыққа алу немесе толық иемдену арқылы шешіп жатыр. Бұл студенттер мен курсанттарға өндірістік процесс шеңберінде ең қажетті білім беруге мүмкіндік беріп, оқушылар нақты жұмыс орындары мен табысты қызметке тұраты­нына сенімді болады. Сапалы білім беру процесі еңбек нарығына серпін әкеліп, оны дамытуға мүмкіндік береді. Білім беру стандарттарын бизнес үшін өзекті салалық біліктілік шеңберіне және кәсіби стан­дарттарға бейімдеу қазақстандық машина жасау саласын одан сайын жандандырмақ.

Импорт – $17,3 млрд

Әйтсе де, білікті кадрлардың тапшы­лығы бүгінде ауыр өнеркәсіп саласы үшін үлкен кедергі болып отырған жоқ. Әзіргі көрсеткіштеріміз көңіл көншітерлік. Мә­се­лен, 2020 жылы салада 3 007 кәсіпорын тіркелген болса, оның 63-і ірі, 102-сі орта және 2 842-сі шағын кәсіпорын. Осы мекемелерде 14,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыр индустрияландыру жеңіл өнеркәсіпке де тыныс беретінін ескерсек, мұнда бір жұмыс орнын құру сабақтас салаларда бес-алты жұмыс орнының ашылуына әсер етеді. Осы есеппен алғанда бұл кемі 70-80 мың адам жұмыспен қам­тыл­ды деген сөз. Шын мәнінде, 10 жыл ішінде елімізде машина жасау өндіріс орындарының саны 76,8% өсті. Индус­трияландыру бағдарламасы басталған 2010 жылға дейін олардың саны 1700-ге жет­пейтін еді. «Елдегі барлық тауарлар импорты 35,4 млрд АҚШ долларынан асатын болса, оның жартысына жуығы, яғни 17,3 млрд АҚШ доллары машина жасау өнімінің импорты. 2009-2020 жылдар аралығында өндіріс көлемі ақшалай алғанда 6,4 есе өсіп, рекордтық ең жоғары көрсеткіш – 1,8 трлн теңгеге жетті. Индустрияландыру жылдарында қазақстандықтар жаңа тауар­лар: электровоздар, жолаушылар вагон­дары, қуаты аз тракторлар, авто­тіркеуіш­тер, пресс-жинауыштар, желдет­кіш жабдықтар, теміржол дөңгелектері, осьтер және теміржол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштар, Орталық Азия нарығы үшін өндірісі бірегей – аса қуатты трансфор­маторлар, модемдер мен комму­тация­лық жабдықтар және тағы басқа­ларын жасауды меңгерді», – дейді «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму дирек­­циясының басшысы Әсет Адахаев. QazIndustry орталығының мәліметінше, Қазақстандық машина жасауда қосылған құнның жаһандық өндірістік тізбегін құру бойынша үлкен перспективалар бар екен. Қазір көптеген кәсіпорын әлемдік машина жасаудың ірі брендтерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Өскемендегі «Силу­мин Восток» компаниясы «Шнайдер Элек­трик» компаниясымен ынтымақ­тастықта жоғары экспорттық құрамы бар электр машина жасау өнімдерін шығарады. «АВЗ» ЖШС мен әлемге әйгілі LG Electronics арасындағы ауаны баптау және желдету жүйелері өндірісіндегі ынтымақ­тастықты да атап өткен жөн.

Экспорт басты назарда

Машина жасау өндірісін дамыту негізінен Қазақстанның ішкі нарығына бағдарланған. Дегенмен сала өнімдерінің экспорты да артып келеді. 2009 жылдан бастап экспорт көлемі 3,3 есе өсті (2009 жылы 395,3 млн АҚШ доллары, 2020 жылы 1 309,4 млрд АҚШ доллары). Өткізу нарықтары кеңейтілді. ЕАЭО елдерінен басқа, отандық өнімді жақын және алыс шетелдер – Әзербайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, БАӘ, Бенин, Люксембург, Венгрия пайдаланады. Өсімді негізінен мұнай-газ, теміржол машина жасау және электр жабдықтары өнімдері қамтамасыз етті. «Отандық автомобиль жасау саласы да экспорттық позицияларын нығайтуда. Егер 2010 жылы Қазақстаннан тек 3 машина экспортталса, 10 жылдан кейін, яғни 2020 жылы 8 122 көлік экспортталды. Экспорттың негізгі бағыты – Өзбекстан мен Ресей. Алайда біздің автоөнеркәсіптің мақсаты – ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Өткен жылы 77 400 автокөлік жиналып, биыл оны 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр», – дейді ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков. Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдына үшінші бесжылдыққа маңызды индикаторлар қойып отыр. 2025 жылға қарай машина жасау мен өңдеу өнер­кәсібінде экспорттық көлем екі есе, еңбек өнімділігінің нақты өсімі 1,6 есе, негізгі капиталға салынатын инвестиция­лар 1,6 есе өсуі тиіс. Отандық машина жасау саласының әлеуеті зор. Импортты алмастыру есебінен ғана 16,5 млрд АҚШ долларынан астам көлемде тауар өндіруге болады. Ал мұндай әлеуетті өнеркәсіп тек қана білікті мамандардың есебінен сәтті жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да мемлекеттің техникалық мамандықтарға гранттарды көптеп бөліп, мұндағы әлеу­меттік қолдауды бұрынғыдан да арттыра түскені ләзім.

Нұрлан ҚОСАЙ