2013 жыл: «Қазақстан-2050» – жаңа саяси бағыт
2013 жыл: «Қазақстан-2050» – жаңа саяси бағыт
673
оқылды

Тарихқа айналған кезекті жыл. Осының алдындағы 2012 жылдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялаған еді. Бұл жылда экономика саласында да жеткен жетістіктеріміз аз емес.

Сапалық және саналық дамудың қозғаушы күші

Негізгі 7 бағыттан тұратын «Қазақстан-2050» стратегия­сының басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономи­каның және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанды әлемнің ең да­мыған 30 елінің қатарына жет­кізу. Осы реттен алғанда бұл құ­жат экономикалық және әлеу­мет­тік-тұрмыстық даму бағдар­ламасы ғана емес, сонымен бірге ұлттың сапалық жаңа деңгейге көтерілуі мен саналық дамуының да қозғаушы күші ретінде айқын­далды. Ол жедел өзгерістер мен қарқынды бетбұрыстарға ие құ­былмалы уақытта еліміздің адас­тырмас бағыт-бағдарына айнал­ды. Сол себептен де бұл бағдар­ламаны халыққа түсіндірудің ма­ңызы зор еді. 2013 жыл осы мақ­сатта кешенді жұмыстар жүр­гізілді. Байқаған адамға осы жыл­дан бастап елімізде атқарылған шаралардың қай-қайсысынан да «Қазақстан-2050» стратегия­сының рухы аңғарылып тұрады. Сол жылдың өзінде-ақ жоғары деңгейдегі ірі жиындар көп өтті. Мәселен, 30 қаңтар күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен өткен құқық қорғау ор­гандарының 2012 жылғы жұ­мысын қорытындылау жиыны «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру міндеттеріне ар­налған кеңейтілген кеңес ретінде қарастырылды. Ал 24 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасының қатысуымен «Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерей­той­лық ХХ сессиясы өтті. 20 қа­рашада елордада Қазақстан Рес­публикасы судьяларының VІ съезі болып өтті. Осы алқалы жиын­да сөз сөйлеген Елбасы «Қа­зақстанның сот жүйесі алдың­ғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұр­ғаны Жоғарғы Сот болып та­бы­лады. Жоғарғы Соттың абыро­йы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан-2050» стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет», – деді.

Үдемелі инновация – даму кепілі

Жаңа мыңжылдықтың алғаш­қы 10 жылдығынан бастап мем­лекет экономиканы жаңашыл­дық­тармен жандандыра түсуге ерекше ден қоя бастаған болатын. Осы орайда «2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» қабылданып, оның аясында республикалық және өңірлік деңгейдегі индус­трияландыру карталары әзір­ленді. Осы мемлекеттік бағдар­лама 2012 жыл соңында жария етілген «Қазақстан-2050» стра­тегиясының бір бағыты ретінде де қарастырылған болатын. Ел­басының тікелей тапсырмасына орай, мұндағы жұмыстар одан сайын жандана түсті. 2013 жыл­дың аяғына қарай Индус­трия­ландыру картасы өзектендіруді қоса алғанда 11,5 трлн теңге со­масындағы 872 жобаны қамтыды. Осылайша, құрылыс кезеңіне 228 мың жұмыс орны және пайда­лануға беру кезеңіне 192 мың жұмыс орны қамтамасыз етілді. Индустриялық жобалар бірінші кезекте агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, мұнайды қайта өңдеу, металлургия, химия өнеркәсібі және фармацевтика, энергетика, көліктік және теле­коммуникациялық инфрақұ­ры­лым секілді басымдықты сала­ларда жүзеге асырылды. Индус­триалды-инновациялық даму нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуы байқалды. Қазақ­станда алғаш рет электр модуль­дерінің өндірісі ұйымдастырылды. Жаңа сала – көліктік машина жасау саласы пайда болды. Ал­ғаш­қы онжылдық аясында ав­томобиль және ұшақ жасау, теп­ловоздар, жолаушылар және жүк вагондарының өндірісі құрылды. ҮИИД МБ жүзеге асыру бастал­ғаннан бері игеру өнеркәсібінің көрсеткіштері айтарлықтай өсті. 2013 жылы индустрияландырудың алғашқы қарлығаштары іске қосыла бастады. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалпы­ұлт­тық телекөпірде отандық локо­мативтер шығаратын зауытты ашты. Мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде 2008 жылдан бастап алғанда мұнай-газды қайта өңдеу өндірісі – 5,1 есеге, мұнай кә­сіпшілігі – 3,2 есеге, ауылшаруа­шылық техникасы 2 есеге өсті деуге болады. Бағдарлама жүзеге аса бастаған 4 жыл ішінде еңбек өнімділігі 1,4 есе артып, бір жұ­мысшыға $38 мыңнан $50 мыңға дейін жетті.

Теңдесі жоқ Қашаған жобасы

Жылдың жарқын жетістігінің бірі – Қашаған кен орнының іске қосылуы. Бұл еліміздегі ғана емес, мұнай әлеміндегі елеулі оқиға еді. Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан, соңғы 40 жылда та­былған әлемдегі ең соңғы ірі кен орны. Атырау қаласынан оңтүс­тік-батысқа қарай 80 шақырым жерде, судың тереңдігі 3-4 метрді құрайтын қайраң аймағында орналасқан, аумағы 75 шақырым x 45 шақырымды құрайды. Кен орнының коллекторы теңіз тү­бінен 4 200 метрдей тереңдікте жатыр. Ол 700 бардан астам жо­ғары қысыммен және күкір­тсу­тектің (H2S) тым қоюлығымен сипатталады. Бұл ретте күкіртті газды жоғары қысыммен кері айдау мұнай беру деңгейінің ұлғаюына әкеліп отыр. Теңіздегі қатаң экологиялық жағдайға және жобалау, логистика мен қа­уіпсіздік саласындағы мәселе­лерге байланысты Қашаған әлем­дегі ең күрделі салалық жобаның бірі болып есептеледі.

Енді VI форум аясында Біріккен Ұлттар Ұйы­мының қолдауымен және Елба­сы­ның жетекшілік етуімен тұң­ғыш рет Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті. Осы­лайша, Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық белгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, сая­саткерлер мен беделді эконо­мистер, БҰҰ-ға мүше мемлекет­тердің орталық банктерінің басшылары, халықаралық қаржы ұйымдарының жетекшілері мен ірі бизнес өкілдері жаһандық экономика түйткілдерін арнайы ұйымдастырылған осынау алқалы жиында талқылап, БҰҰ-ның жаһандық дағдарысқа қарсы жос­парын жасады.

Зерттеу деректеріне сүйенсек, кен орынның мұнай қоры 9-13 миллиард баррель. Кен орнын шетелдік компаниялардан құрал­ған North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық кон­сорциумы Өнімді бөлісу туралы келісім арқылы игеруде. Кон­сорциумға Eni (16,81%), «Қаз­Мұ­найГаз» (16,87%), Total (16,81%), Royal Dutch Shell (16,81 %), ExxonMobil (16,81%), CNPC (8,33%), INPEX (7,56%) компаниялары кіреді. 2013 жылғы 11 қыркүйекте Солтүстік Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнынан мұнайдың алғашқы баррелін өндіру бас­талды. Кен орнына ХІХ ғасырда Маңғыстау облысында дүниеге келген қазақтың әйгілі жырауы Қашаған Күржіманұлының есімі берілген.

Саяси-әлеуметтік реформалар бастауында

Жаңа ғасырдың бір мүшелі елімізде саяси-әлеуметтік рефор­малардың жүзеге аса бастауымен де есте қалды. Ел тарихында тұң­ғыш рет аудандық маңыздағы қалалардың, селолық округтер­дің, селолық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар­дың әкімдерінің сайлауы өтті. Жергілікті билік органдары бас­шыларын мәслихат депутаттары баламалы негізде сайлады. Осы­лайша, 7 миллионнан астам тұр­ғыны бар елді мекендердің 2 454 әкімі сайланды. Бұл елдегі бүкіл әкімдердің 91 пайыздан астамы еді. Сайлауда бұрынғы әкімдер­мен қатар, біраз жаңа жас есімдер де өз бақтарын сынады. Кейбір округтерде олар жеңіске де жетті. Жанама сайлаудың арқасында ел сайлаған аудандық мәслихат депутаттары халықтың атынан өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Консти­туциялық заң аясында өткен жер­гілікті әкімдердің сайлауы өткен 2013 жыл жаңаша саяси-әлеу­меттік реформалардың бастауы ретінде тарихта қалды.

VІ Астана экономикалық форумы

23 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаһандық үнқатысу алаңына айналған Астана экономикалық форумы өтті. Естеріңде болса, 2012 жылғы V форум аясында өт­кен «Көшбасшылар пікір алысуы» отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өткізу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Осы ұсыныс күн тәртібіне қойылып, қатысушылардың қызу қолда­уына ие болған еді. Енді VI форум аясында Біріккен Ұлттар Ұйы­мының қолдауымен және Елба­сы­ның жетекшілік етуімен тұң­ғыш рет Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті. Осы­лайша, Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық белгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, сая­саткерлер мен беделді эконо­мистер, БҰҰ-ға мүше мемлекет­тердің орталық банктерінің басшылары, халықаралық қаржы ұйымдарының жетекшілері мен ірі бизнес өкілдері жаһандық экономика түйткілдерін арнайы ұйымдастырылған осынау алқалы жиында талқылап, БҰҰ-ның жаһандық дағдарысқа қарсы жос­парын жасады. Бұл конференция аясында әлемдік қаржы жүйесін реформалаудың нақты жолдары қарастырылды. VІ Астана эконо­микалық форумының күн тәрті­біне бес тақырып қойылды. Олар – нарықтағы шикізат бағасының тұрақсыздығы, инфрақұрылымға салынған инвестициялар рөлі, әлемдік нарықтағы бәсекелестік түйткілдері, экономикалық өсім мен әлеуметтік даму арасындағы тепе-теңдік, халықаралық қаржы жүйесін жетілдіру және оны тұрақтандыру. Сонымен қатар форум ая­сын­да тұңғыш рет ASTEX-2013 ха­лықаралық көрме-конферен­циясы ұйымдастырылды. Көлік және коммуникациялар министр­лігі мен «Зерде» ұлттық ақпарат­тық-коммуникациялық холдингі және «АКТ-ні дамыту қорының» ұйымдастыруымен ашылған бұл көрме Қазақстандағы ақылды технологияны меңгеру үрдісіне тың серпін берді. Ұйымдасты­рушылардың мақсаты – ASTEX-2013-ті ақылды технология-лар­дың ірі көрме алаңы ғана емес, әріптестер тәжірибе алмасатын және саладағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған халықаралық ком-муникативтік тұғырнамаға, меморандумдар мен келісімдер жасайтын, іскерлік байланыс­тармен қатар ұзақмерзімді серік­тестік қарым-қатынастар орна­татын орынға айналдыру.

Нұрлан ҚОСАЙ