Қылмыстық топтар көбейіп бара ма?
Қылмыстық топтар көбейіп бара ма?
590
оқылды

Мемлекеттің ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күресі бір сәтке де тоқтаған емес. Әйт­се де, ол 30 жыл бұрын­ғы­дай криминалмен ғана шек­теліп қалып отырған жоқ. Қа­зіргі сипаты өте алуан. Уа­қыт дамыған сайын жаңаша тә­сілдері пайда болып жатыр. Мә­селен, киберқылмыстар, трансплантациялық хирур­гия, діни экстремизм, қаржы пирамидасы, мұнай ұрлау, нарколаборатория сияқты қылмыстар белең алып тұр. Соңғы уақыттары ақпарат құ­рал­дарынан оларды құрықтау опе­рациялары туралы жиі ес­тіп жүрміз. Содан да болар, ҰҚТ-лар еркінсіп кеткендей әсер қалады. Тіпті, қатары да кө­бейіп кеткен сияқты. Ра­сын­­да да солай ма?

5 аймақта бір мезгілде

Қазақстанның бес өңірінде бір мезгілде жүргізілген арнайы опе­рация барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 28 қатысу­шы­сы ұсталды. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz сайты 1 қыркүйек кү­ні хабарлады. Басылым мә­лі­метінше, арнайы операцияны Іш­кі істер министрлігі мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Алматы қа­ласы, Алматы, Ақтөбе, Жам­был және Батыс Қазақстан об­лыс­тарының аумағында Ішкі іс­тер министрінің арнайы мақ­сат­тағы бөлімшелерін тарта отырып жүр­гізген. Қауіпті ұйымдасқан топ қызметінің жолын кесу жө­нін­дегі арнайы операцияның ба­ры­сын Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Бас прокуратурасы үйлес­тір­ді. Тәртіп сақшыларының ұйым­дасқан қылмыстық топтың 28 қа­тысушысын ұстағаны белгілі бол­ды. Олардың 16-сы қамауға алын­ған. 53 нысанды тінту кезін­де атыс қаруының арсеналы мен оның оқ-дәрілері тәркіленді, со­­­нымен қатар бақылауға ар­нал­ған арнайы техника табылды. Бұл топ көбінесе елдің оңтүстік ай­ма­ғында жұмыс істеп, бұл қыл­мыс­тық жағдайға теріс әсер еткен. «Сотқа дейінгі тергеу барысында ҰҚТ көшбасшылары Б. және Ж. атты азаматтар тұрақты ұйымдас­қан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны анықталды. Бұл қыл­мыстық топта иерархия, көшбас­шы­ларға сөзсіз бағыну және қас­тандық шараларын сақтау қатаң сақталған. Сонымен қатар олар жа­саған қылмыстар ерекше қаты­гез­дікпен ерекшеленді. Қазір айып­талушыларға қатысты қыл­мыс­тық істер сотқа жіберілді», – деп хабарлады полиция ведомствосы. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар елдің оңтүс­тігінде 15 ауыр және аса ауыр қыл­мыс жасаған. Оған үш қарақшылық шабуыл, кәсіпкерлерге қатысты қару қолдану арқылы бес бопсалау, сондай-ақ бұзақылық және қаруды заңсыз сақтау дерегі кіреді.

ҰҚТ ұғымын нақты анықтау қажет

Белгілі заңгер Джохар Өтебеков «ұйымдасқан қылмыстық топ» ұғымының өзінде нақты тұжырым жоқ деп санайды. Ал негізінде оның белгілі бір анықтамалық ерек­шеліктері болуы тиіс. Бірақ осы уақытқа дейін ондай талаптар сақталған жоқ та, екі адам бірге ұсталса да, оларға ҰҚТ деген ярлык тағылды. Бұл дұрыс емес. Шын­дығына келгенде, ҰҚТ-да міндетті түрде жетекшісі болуы тиіс. Сондай-ақ олар кем дегенде үш адамнан тұруы қажет. «Белгілі бір уақыттарда мемлекет ұйымдасқан қылмыстық топ­тарға соғыс жариялады да, бұл біртіндеп осы ұғымның стандартын өзгертіп жіберді. Яғни, оның ҰҚТ екенін немесе ҰҚТ емес екенін дәлелдеу қажетсіз болып қалған дәрежеге дейін жетті. Тергеу мен прокуратура адамдарға ұйымдасқан қылмыстық топ құр­ды және қатысты деген айыпты жиі тағатын болды. Бір өкініштісі, олардың бұл ұстанымы сотта да қолдау таба бастады. Осы бап бойынша жұмыста экономикалық немесе коррупциялық қылмыс­тарды бірге жасаған әріптестер жауапқа тартыла бастады. Жоғарғы сотта да ұзақ уақытқа дейін ҰҚТ-лардың жетекшісі болуы шарт емес деген ұстанымда болды. Бұл нонсенс еді. Осылайша, жасалған қылмыстың бабы дұрыс квалифи­ка­цияланған жоқ», – дейді адвокат. қылмыс Джохар Өтебековтың айтуынша, осы жылдың басында Жоғарғы сот осы кемшіліктерді түзеп, ҰҚТ-ға нақты анықтама беретін нормативтік қаулы шығарған. Бірақ іс жүзінде бұл мәселе әлі де болса қойыртпақ күйінде қалып отыр. Өйткені құқық қорғау органда­рының ұйымдасқан қылмыспен күресуге құлшынысы қатты. Ал нәти­жесінде ұйымдасқан қылмыс­тық топқа қатысы жоқ адамдар да ауыр баппен сотталып, зардап шегіп жатыр. ҰҚТ-лардың көбейіп кеткен сияқты болып көрінуінің бір себебі де осы болуы мүмкін. Ал іс жүзінде ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейіп кеткен жоқ.

Қылмыстық ахуал қадағалауда

Келесі бір адвокат Асқар Қаймақов та соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы ақпараттардың көбейіп кеткені шындығында да ҰҚТ-лар­дың көбейіп кеткенінің белгісі деп ойламайтынын айтады. Өйткені кез келген жерден ұйымдасқан қыл­мыстық топ құрып, оны бас­қа­рып кету мүмкін емес. «ҰҚТ дегеніміз ауыр және аса ауыр қылмыстар жасау мақсатымен құрылатын ниеттес адамдардың тобы. Ол бір күнде пайда болмайды. Егер бұған дейін мұндайды көп естімеген болсақ, ал кейінгі кезде көбейіп кеткен сияқты болып көрінетін болса, оның да өзіндік себебі бар. Мәселен, бұрындары үш-төрт адам бірігіп қылмыс істесе де, статистиканы бүлдірмеу үшін бұл бапты қолданбаған болуы мүмкін. Қолданған жағдайда да бұқара халыққа қазіргідей жиі хабарланбай қалған. Ал қазір керісінше түрлі себептермен бұл бапты жиі қолданады. Сондықтан да елі­міздегі қылмыстық ахуал, со­ның ішінде ұйымдасқан қылмыс­тық топтар соншалықты белең алып кетті деп санамаймын», – дейді ол. Бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен адвокат ұйымдасқан қылмыстық топтардың санаттарын жақсы білетінін айтады. Сон­дықтан да ондай криминалдық элементтердің бірігуіне мемлекеттік күштік құрылымдар мүмкіндік беріп отырған жоқ. Олар ахуалды толық қадағалап отыр. Егер ақ­па­рат құралдарында бәленше ұйым­дасқан қылмыстық топ ұсталды деген ақпарат шығатын болса, бұл олардың қарап отырмағанын, кешенді жұмыстар жүргізіп жатқа­нын білдіреді. Сондықтан да ҰҚТ-лар белең алып кетті деп уайым­дамауға болады екен. Ал есірткі зертханаларына келер болсақ, олар да жекелеген адамдар. Қазір есірткіні жасау оңай болып кеткені сондай, жалғыз өзің үйде отырып алып, шағын ғана аспаптардың көмегімен, зертхана ашуға болады. Соның өзін де арнайы органдар мұндай әрекеттердің тамырына балта шауып үлгеріп отыр.

69 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Биылдыққа Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп ел аумағында құқыққа қайшы әрекеттер жасап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы 3 арнайы операция өткізген екен. Соның барысында топтардың жетекшілері мен белсенді мүшелері қолға түскен. Бірнеше адамға ха­лықаралық іздеу жарияланған. Топтардан қару-жарақ, оқ-дәрі­лер, ақша қаражаты және мүліктері тәркіленген. Барлығы 32 адам ұсталған болса, соның ішінде 9 адам­ға «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылыпты. «Ішкі істер министрлігі мүд­делес құқық қорғау және арнайы органдармен тұрақты негізде өзара әрекет ете отырып ұйымдасқан қыл­мысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асырады. Осындай шара­лардың арқасында 2020-2021 жылдарда 35 қылмыстық топқа қа­тысты ҰҚТ ұйымдастырғаны және басқарғаны үшін 69 сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәселен, 2020 жылы мұндай 36 іс тіркелген болса, биылғы 8 айда – 33 іс. ҰҚТ ұйым­дастырушылары мен қатысу­шы­ларына қатысты Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1,2 бөлімдері (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 188-бабы 4-бөлімі (Ұрлық) және 196-бабы 4-бөлімі Көрiнеу қыл­мыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр», – дейді ІІМ Кри­­миналдық полиция департа­мен­­тінің аса маңызды істер жөнін­дегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Самал Мақыбаева. Осы сұрақты төтесінен қойып, тілдескен қай маманның да айтары осы боп тұр. Әйтсе де, қылмыстық ахуал қанша жерден қадағалауда десек те, түрі көбейген түрлі қыл­мысты ауыздықтауда бір манипуляция бар-ау деген күдік көкейі­мізде қалып қойды.

Н.ҚОСАЙ