Жандос Қиянов: «Пара дзюдоға қызығушылар саны артып келеді»
Жандос Қиянов: «Пара дзюдоға қызығушылар саны артып келеді»
659
оқылды

Биыл 24 тамыз-5 қыркүйек аралы­ғында Токиода XVI Жазғы Паралим­пиа­да ойындары өтті. Байрақты бәсе­кеде 25 спортшы 7 спорт түрі бойынша бақ сынады. Токио төріне қазақ дзюдошыларын бастап барған, олардың жүл­де­гер атануына үлесін қосқан Пара дзюдодан ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов­пен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазақстан құрамасы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс пен 1 қола медаль еншіледі. Бұл – біз үшін тарихи жетістік. Сондай-ақ бұл жолғы сында пара дзюдо спортынан алты бірдей балуанымыз жарыс жолына шықты. Байрақты бәсекеде сынға түскен татами шеберлерінің арасында Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина күміс медаль иегері атанды. Төртжылдықтың басты додасына барған балуандардың өнеріне көңіліңіз толды ма? Оларға қандай баға бересіз? – Паралимпиадаға тыңғылықты дайын­дық­пен бардық. Балуандар осы сында өз­де­рінің бар қарым-қабілетін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуге тырысып бақты. Ел құрамасы сапынан 7 пара дзюдошы жарыс жолына шықты, алтауы атыраулық балуандар. Оның 3-еуі ел қоржынына күміс жүлде салды. Өздеріңіз білесіздер, олар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина. Ал Аманжол Жанбота осы спорт түрінен 5-орын алды. Бұл – қазақ пара дзюдосы үшін үлкен жетістік. Жалпы Паралимпиадаға келер болсақ, жапон халқы кез келген іс-шаралардың бәрін орын-орынымен, уақытымен жасайтын халық екенін дәлелдеді. Пандемияға қара­мастан жарыс жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды. Барлық сайыс өз уақытында өтті. Ешқандай шектеулерді сезінген жоқпыз. Балуан­дардың барлығы да бар күш-жігер­лерін салып, жақсы күресті. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Туын көкке көтеріп, еліміздің Әнұранын өзге елдердің алдында шырқату болды. Осы ойындарға жолдама алу үшін спортшыларымыз талай сыннан өтіп, талай додадан жеңіп шықты. Сол себепті Токиоға барған әр спорт­шымыздан жүлде күттік. Соның дәлелі ре­тінде, міне үш күміс медаль алып отырмыз. Қазақ парадзюдосының жаңа тарихын жаздық. Алыстағы күншығыс елінде жүріп қазақ халқының қолдауын сезіндік. Бізге тілеулес болған барша жанкүйерге алғыс айтқым келеді. Жарыс алдында «Әнуар бабында, бағы жанып жатса, Риода кеткен есені қайтарады» деген болатынмын. Күміспен күптелді. Әрине, алтынға бір қадам қалғанда шалыс бастық. Оған да өкінуге болмайды. Бұйырғаны осы шығар. Әнуар – әлемдік рейтингте үшінші орындағы татами шебері. Осыған байланысты бірінші айналымда қарсыласы болмады. Екінші кезеңде моңғол балуанын жартылай жеңіспен жеңді. Сол жерде аздаған жарақат алды. Мұрны сынды. Саусағын ауыртып алды. Соған қарамастан келесі айналымда венесуэлалық Маркос Бланкомен белдесті. Венесуэлалық спортшы алғашқы айналымда 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерін ұтқан. Екінші белдесуінде Рио ойындарының жеңімпазы өзбек Шерзод Намозовты жеңді. Міне, сондай балуандардан басым түскен қарсыласын Әнуар екі әдіспен жеңді. Бұл ретте Әнуар бабында екенін дәлелдеді. Жалпы, барлық спортшыларға ризамын. Бәрі де әлемдік додада жақсы өнер көрсетті. – Паралимпиада ойындарында балуанда­рымыздың басты қарсыластары қай елдің спортшылары болды? Жалпы, пара дзюдоның елімізде даму деңгейі қалай? Қай облыстарда мықты дамыған? Елімізде пара дзюдомен айналысатындар саны көп пе? – Пара дзюдо күресі, жалпы дзюдо спорты бүкіл әлемде қарқынды түрде дамып келе жатқан спорт түрі. 200-ден астам елде федерациясы бар. Сондықтан дзюдода бәсеке­лестік өте жоғары. Паралимпиадаға да әр елдің беткеұстар мықты балуандары келді. Бірақ осы жолы бізге Әзербайжан елінің балуандары лайықты деңгейде қарсылық танытты. Ануар да, Зарина да финалдық бел­десуде әзербайжандық спортшылардан жеңілді. Одан бөлек, бұл сында ресейлік, украиналық, өзбекстандық саңлақтар да үздіктердің қатарынан көрінді. Жалпы, пара дзюдодан әлем бойынша мықты спортшылар көп. Елімізде бұл спорт түрі 2014 жылдан бастап қолға алынды. Оның басында өзімнің шәкіртім Ануар Сариев тұр. Ол 2015 жылы Оңтүстік Кореяда көзі нашар көретіндер арасында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Кейін өзге де көптеген турнирде үздіктер қатарынан көрініп жүрді. 2016 жылы Паралимпиада ойындарына жол­дама алды. Сол жарыстан соң елімізде пара дзюдоға қызығушылардың саны арта бастады. 2016 жылы қараша айында Қызылордада Қазақстанның чемпионаты өтіп, 30-ға жуық балуан жарыс жолына шықты. пара дзюдо Қазір Атырау облысы пара дзюдодан ең жақсы көрсеткіш көрсеткен аймақ саналады. Өйткені аталған өңірде осы спорт түрінен бәсекелестік жоғары. Осы жерде 3 ірі турнир ұйым­дастырылды. Оның ішінде Паралим­пиадаға жолдама беретін жарыс та бар. Әлемдік Гран при жарысы, Әлем кубогі, Азия және Мұхитаралық чемпионат өтті. Бүгінде Атырау, Қызылорда, Нұр-Сұлтаннан бөлек, басқа да өңірлерде пара дзюдоға қы­зығушылық артып келеді. Жуырда елордада Спартакиада өтеді. Қазірдің өзінде 100-ге жуық балуаннан өтініш келіп түскен. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өтініштің артуына Токио­дағы Паралимпиаданың тигізген септігі мол деп ойлаймын. – Пара дзюдоға қыздардың қызығушылығы қалай? – Қыздардың да қызығушылығы жоғары. Заринаның медалінен кейін пара дзюдоға келетін спортшы аруларымыздың қатары артпаса, азаймасы анық. Өйткені Паралимпиададан жүлдегер атанған спортшылар үлкен қошеметке, сый-құрметке бөленіп жүр. Ақшалай сыйақылар берілді. Жеңім­паздарға көлік мінгізіп, пәтердің кілтін табыс етті. Жер-жерде спортшылармен кездесулер де ұйымдастырылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Олимпиада мен Паралимпиадада жүлдегер атанған спортшылар елдің ыстық ықыласына бөленеді. Осыдан соң спортқа деген жастардың да қызығушылығы арта бермек. Қазірдің өзінде спортшылар мен жаттықтырушылар да қызығушылық білдіріп, маған хабарласып жатыр. Оның ішінде қыз балалар да бар. – Алдағы мақсат-жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Пара дзюдошылар жаттығу жұмыстарын бастады ма? – Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жыл өткен сайын көрсеткішімізді жақсартып, спортшылардың шеберлігін шыңдай түсеміз. Паралимпиадаға 2016-да 2 лицензия жеңіп алсақ, 2020-да 7 лицензияны иелендік. Енді сол межеден түспей, алға жылуымыз керек. Басты мақсат – 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасы. Ал жуырда жоғарыда да атап өттім, 26-29 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қала­сында Спартакиада өтеді. Қазан айында Қызылордада турнир ұйымдастырылады. Одан соң желтоқсан айында елордада Азия және Мұхитаралық турнир өткелі жатыр. Спортшылар осы жарыстарға қызу дайындық жұмыстарын бастап кетті. Токиода кішігірім жарақат алған спортшылар да бар. Оларға қажетті деңгейде ем-дом шаралары жасалады. Жарақаттарынан толық айыққаннан кейін сол балуандар да қатарға қосылып, жаттығу жұмыстарын бастайды. Алдағы бо­ла­тын бұл жарыстардың бәрі саңлақтары­мызға Паралимпиадаға лицензия алуға септігін тигізеді. Сөз соңында айта кетейін, осы орайда Мәдениет және спорт министрлігіне, Ұлт­тық паралимпиада комитетіне, облыстық спорт басқармаларына, ҚР Парадзюдо федерациясына спортшылар және жаттықтыру­шылардың атынан алғысымызды білдіргім келеді. Алла қаласа, алдағы рейтингтік жа­рыс­тарға қатысып, одан да жоғары көтерілуге және паралимпиада ойындарына көбірек лицензия алуға тырысамыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ