Халыққа қару керек пе?
Халыққа қару керек пе?
501
оқылды

Өткен аптадағы Лисаковск оқи­ғасы, кешегі Ақбұлақтағы жағдай – бірінде 3 адам, енді бірінде 5 адам қаза тапты. Жазықсыз жандардың қаны төгілген бұл оқиғалар «осы біз­дің елімізде адамдарға қа­ру ұстауға рұқсат беру керек пе?» деген сұрақты туындатып отыр. Қоғамды дүр сілкін­дір­ген мұндай жайттардың мем­лекет тарапынан жауабы да болатыны белгілі.

Қару айналымы қатаң қадағалауда

Жыл басынан бері еліміздің ішкі істер органдары атыс қаруымен жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 90-ға жуық жедел-профилак­тикалық іс-шара өткізген екен. Атыс қаруын заңсыз айналымнан алу және азаматтық қару иелерінің оны сақтау тәртібін тексеруге бағытталған шаралар барысында 3 351 дана қару, 60 мыңнан астам ойық қаруға патрон, 31 жарылғыш құрылғы, 15 келі жарылғыш заттар, 11 дана снаряд тәркіленген. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін (ҚК 287-бабы) сотқа дейінгі 908 тергеу басталып, 1 203 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Азаматтық қарудың 254 564 иесі тексеріліп, сақтау және тіркеу ережелерін бұзған 12 356 дерек анықталып, 241,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ІІМ жыл сайын халықтан заңсыз сақталған атыс қару, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акциялар өткізеді. «Қару» және тағы да басқа атаулармен мұндай акциялар 2008 жылы, 2012-2018 жылдары өткізілді. Оның нәтижесінде халық ақшалай сыйақы үшін 52 мыңнан астам атыс қаруын, 1,6 миллионнан астам ойық қару патрондарын өз еріктерімен тапсырды.  Барлығы  1,7 млрд теңгеден астам сомаға қару-жарақ заттары сатып алынды. Биыл бұл акция 20 сәуірден басталып, осы мақсатта 95 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы уақытқа дейін азаматтар өз еркімен 1,4 мың бірліктен астам атыс қаруы 57,5 мың дана ойық қару патрондарын тапсырды. Ерікті түрде тапсырылған барлық қару комиссиялық түрде кәдеге жаратылады.  Комиссияның шешімдері бойынша мәдени құндылығы бар қару музейлерге тапсырылады», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алексей Милюк.
Министрлік өкілінің айтуынша, соңғы 5 жылда атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыс санының жартысынан көбіне азаюы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін айғақтайды. Мәселен, мұндағы көрсеткіш, 2015 жылғы 488 деректен 2020 жылы 224 дерекке дейін, яки 54%-ға төмендеген, ал биыл өткен осы кезеңмен салыстырғанда 17%-ға, 166-дан 138-ге азайып отыр. Әйтсе де, кешегі оқиғалардың бұл бағыттағы жұмыстарды одан сайын қатаңдата түсу қажетін көрсетіп отыр. ІІМ әзірге зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Мүдделі мемлекеттік органдармен және депутаттық корпуспен бірлесіп, аңшылық қаруды иелену құқығын 18 жастан емес, 21 жастан бастап беруді қарастырамыз. Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі талаптарды қатаңдату, сондай-ақ аңшылық қарудың айналымын реттеу және оны бұзғаны үшін жауапкершілік енгізу мәселесі пысықталады. Осы заңнамалық бастамаларды іске асыру азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде қару айналымы саласында жұмыс істейтін субъектілердің қызметі заңнамаға сәйкес ІІО қызметкерлері тарапынан тоқсан сайын тексерістен өтеді. Биыл жыл басынан бері қызметтік қаруы бар 230-дан ас­там жеке фирманың басшылары әкім­шілік жауапкершілікке тартылды», – дейді полиция полковнигі Алексей Казимирович.

Қаруды үйде сақтамаған дұрыс

Соңғы күндердегі қанды оқиғалар біздің елде қаруды үйде сақтауға болмайтынын көрсетті. Сондықтан да елімізде 2019 жылдан бастап қолға алынған орталықтандырылған қару сақтау қызметіне жүгінген дұрыс секілді. Мұндай практиканың ТМД бойынша теңдесі жоқ екенін бұған дейін де айтқанбыз. Өйткені жекеменшік компаниялар жүзеге асыра бастаған мұндай тәжірибеге ресейлік құқық қорғаушылар бірден қызығушылық танытқан екен. Елімізде ең бірінші болып қолға алынған қару сақтаудың мұндай баламалы түрі посткеңестік мемлекет­тердің ешқайсысында жоқ. [caption id="attachment_162678" align="aligncenter" width="1007"]қару © коллаж: Елдар Қаба[/caption]
«Бұл – өте ыңғайлы жүйе. Біріншіден, заңды тұлғаларды да, жеке тұлғаларды да қару сақтаудағы жауапкершіліктен босатады. Екіншіден, қадағалаушы органдар үшін, яки ішкі істер қызметкерлеріне қарудың сақталу тәртібін тексеру жұмы­сын жеңілдетеді. Айталық, жеке адам қаруды сейфте сақтау керек, қалалық жер­де тұрса, дабылқаққыш орнатуы міндетті. Ал мекемелердің қару сақтау бөлмесі, тәулік бойы күзеті болуы керек. Бұл –қауіпсіздік талаптары. Мәселен, учаскелік инспекторлар қаруды тексеру үшін оның иесінің уақыты қашан босайтынын күтіп жүреді. Осы тұрғыдан кел­генде бұл – өте оңтайлы шешім. Сақтау да, тексеру де бір орталықтан жүзеге асады»,– дейді осы қызметті көрсететін еліміздегі әзірге жалғыз компания Sapsan Group KZ ЖШС өкілі, запастағы полиция полковнигі Нұртай Сартаев.
Расында да, қару ұстаудың тек қана қауіпсіздік емес, әлеуметтік-психология­лық та астары бар екенін соңғы оқиғалар көрсетті. Ендеше бұл бағытта жаңадан пайда болған осынау тетікті заңмен нығайта түсу қажет болар. Өйткені қалай болғанда да, елімізде жеке адамдардың қаруды үйде ұстағаны қауіпті болып тұр. Көршілері мен келушілерге шабуыл­дағаны­нан бөлек, үйінде балалары мыл­тық­пен ойнап, өздерін немесе бірін-бірі атып алған деректер де жоқ емес. Тіпті, үйдегі қарумен суицид жасағандары да бар. Сондықтан қару мәселесін халыққа таратып беруде асықпаған дұрыс.
«Қару ұстауға біздің еліміздегі азаматтар дайын емес. Мұны кешегі оқиға­лардың өзі көрсетіп тұр. Соттың шешімімен келіспей немесе көршісіне доқ көрсетемін деп әрқайсысы осылайша қару ата берсе, не болады? Сондықтан да біздің мұндағы мәдениетіміз кішкене төмен. Оның үстіне, халық арасында саяси-әлеуметтік жағынан наразылық бар. Осы реттен келгенде олар билікпен де, басқамен де көп санаса бергісі келмейді. Бұл да өз ретінде қауіпті. Өйткені олардың көңіл күйінен лықсып шыққан наразылығы айналасындағыларға, кешегі оқиғалар көрсеткендей, жазықсыз жандарға зиянын тигізіп кетуі мүмкін. Сол себепті бірінші кезекте халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізу қажет», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Ендеше ашумен атылған оқтың зауалы, жазықсыз көз жұмған жандардың обалы кімге? Қостанайда оқ атқан адам­ның өзі өлді, ал Алматыдағы атыс шығару­шының өмірі жер ортаға келгенде талқан болды. Қос полицейдің бірі – 7, бірі 18 жыл сапта болса, сот орындаушысы 20 жыл қызмет еткен екен. Арттарында аңырап бала-шағасы қалды. Одан бөлек, жазықсыз жандарды жоқтаған­дардың көз жасы тыйылмай тұр! Олар кімдер еді? Құ­қық­тық  мемлекетінің құзы­реті шайқал­ған, азаматтық қоғамы­ның қатынасы шиеленіскен, қылмыс­кердің емес, тұрмыс титықтатқан жер­лестерінің қолынан қаза тапқан құр­бандар. Өкінішті...

Нұрлан ҚОСАЙ