Таразда «Ұлы дала ақыны» халықаралық конференциясы өтті
Таразда «Ұлы дала ақыны»  халықаралық конференциясы өтті
390
оқылды
Биыл ХХІ ғасырдың Гомері атанып, саналы ғұмырының 85 жылын жырға арнаған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кеше­нінде «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті. Ғасыр жасаған жыр иесінің мерейтойына арналған ауқымды шара­ға Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы қатысты. Халықаралық жиынды алғыс­өзімен ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбылдың қазақ халқының ғана емес, көршілес қырғыз елінің, одан қалды бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған мемлекеттердің әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған өшпес ізі жайлы сөз қозғады. – Халқымыз табиғатынан ақын халық. Есте жоқ ескі заманнан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да сөз зергерлері – ақындар. Солардың ішінде бірауыз сөзі мыңжылдық мұраға айналған жыр алыбы Жамбылдың да шоқ­тығы биік, тұғыры бөлек. Жамбыл­дың ұлылығы оның ақындық шеберлігімен ғана емес, халық ақын­дарының жасампаз­дық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған дара­лығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Бүгінгі ұрпақ та осындай асылымыз­дың кәусар бұлағынан сусын­дауға тиіс. Биыл еліміз жыр алыбы Жамбыл Жаба­ев­тың 175 жылдығын атап өтіп жатыр. Бұл ретте Жамбыл облысы да ұлт ақынының мерейтойын жо­ғары деңгейде өткізуге барынша үлес қосуда, – деген аймақ басшысы бұл мақсатта өт­кізіліп жатқан шараларға тоқталып өтті. Келесі кезекте сөз алған Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев жалпы ұлт болып Жамбыл арман­даған заманды орнату жолында жұмыс істелуі қажет екенін айтты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдас­тыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құ­рылды. Бұл айтулы датаның был­тырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы жұрты­ның дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті. Жамбылдың рухани мұрасы бізге несімен құнды? Ең алдымен, Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым», – деп жырлаған ұлы ақын әрдайым жұртының жанынан табылып, қамын жеді. Ел басына күн туған сәтте жалынды сөзімен көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін жаныды. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлы Жамбыл – қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып өкілі», – деп тарихи бағасын берді. Бұл тұрғыдан алғанда дала дана­гөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге. Жамбыл жырлары – отан­сүйгіш­­тікті оятып, ұлттық дең­гейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт...» – деген абыз бабамыз туған жерге деген сүйіспен­шілікті, татулық пен бірлікті, адамгершілік асыл қасиеттерді жырына арқау еткен. Дала Гомерінің отты жырлары қиын сәттерде тек бізге ғана емес, өзге де көптеген халыққа серпіліс сыйлады. Оның «Ленин­град­тық өренім» атты өлеңі Екінші дүние­жүзілік соғыстың бейресми ән­ұранына айналды десек артық айтпаймыз. Фашистік басқын­шыларға қарсы күресіп жүрген әр солдат бұл жыр жолдарын жүрегіне жазып алған еді. Жамбыл жырлары жалпы адамзатқа ортақ құндылықтармен үндесіп, әлемдік мәде­ниеттің ажырамас бөлігіне айналған. Ақын шығармалары елуге жуық тілге аударылып, әлемдік әдебиет қорына қомақты үлес болып қосылды. Осы ретте Жамбыл­дың рухани мұралары әлі де болса қазақы түсінік тұрғы­сынан терең бойлап, егемен елдің көзімен қарауды, жан-жақты баға беруді қажет етеді. Азат көзқарастың бір тармағына ақынға сыртынан таңылған өлеңдер мен сөздерді анықтап, оларды саралау жұмыс­тары да жатады. Бұл – отандық жамбылтану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі, – деді Дәурен Әскербекұлы. Жиын барысында халықаралық жиын­ға арнайы келген меймандар – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ел көлемінде Ұлы дала ақынының мерейтойын атап өту мақсатында істелген жұ­мыс­тарға тоқталса, журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қали­жан жыр жампозы жайлы зерттеу еңбегінен үзінділерін оқыды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Жамбыл жайлы 30 томдық жи­нақты дайындау барысы жайлы сөз қозғап, журналист, қоғам қайраткері, Парламент Сена­тының депутаты Нұртөре Жүсіп жыр алыбының ешкімге бас имеген қайсар міне­зі, мұндай қа­сиеттің әр қазақтың бо­йында болуы керек екені жайлы терең толғады. Бұдан бөлек, Қырғыз Республикасынан келген филология ғылым­дарының докторы, Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет инсти­тутының жетекші ғылыми қызмет­кері Келдібек Қойлыбаев пен ақын, «Манасшылар» театрының директоры Әзиз Бимырза жыр алыбының қырғыздың әдебиеті мен мәде­ниетінде қалдырған орнын тілге тиек етті. Ал Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбылов ақынның мерейтойын кең көлемде атап өтуге үлес қосқан барша аза­матқа алғысын білдірді. Жиын соңында конференция қатысу­шылары «Жамбыл жырау» кітабының тұсауын кесті.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы