«Өскемен водоканал» мекемесінің жұмысшылары жалақыларының аздығына шағымданды
«Өскемен водоканал» мекемесінің жұмысшылары жалақыларының аздығына шағымданды
Сурет: Азамат Қасым
350
оқылды

Сегіз жүзден астам қызметкері бар «Өскемен водоканал» мекемесінің 100-ге жуық жұмысшысы жақында жұмысқа шығудан бас тартты. Олар кәсіпорынның алдына жиылып, өз талаптарын қойды. Негізгі талабы – жалақының мардымсыздығы, айлықтарының шайлықтарына жетпеуі, - деп хабарлайды Aikyn.

Ондағы жұмысшылардың сөзіне сенсек, алатын жалақылары 70-80 мың теңгенің айналасы. Астарындағы техникалары да тозған көрінеді.
«Бізге айлықты сағатпен төлейді. Менің сағатына алатын ақым – 536 теңге. Соны сегіз сағатқа көбейтіп, одан зейнетақы жарнасын алып тастағанда, күніге маған үш мың екі жүз теңге шығады. Ал мына заманда үш мың теңгеге өмір сүру мүмкін бе? Үйде мүгедек балам бар. 70-80 мың теңге айлығыма соның пенсиясын қосып, әупірімдеп өмір сүріп жатырмын», - дейді осы кәсіпорында жүргізуші болып жұмыс істейтін Ермек Кәрімбек.
Оның айтуынша, мекемеде айлық аз болған соң адам тұрақтамайды. Қазіргі уақытта гаражға 19 жұмысшы жетіспейді екен.
«Жоқ жұмысшылардың орнына біз демалыссыз, еңбек демалысына бармай жұмыс істеп жатырмыз. Енді жұмысты тоқтатуға болмайды ғой. Жалақы төмен, ешкім мұнда жұмыс істегісі келмейді. Қаншама жүргізуші жұмыстан шығып кетті»,- дейді ол.
Кәсіпорында экскаватор жүргізушісі болып еңбек ететін Ержан Әлімханов отбасын асырау үшін сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істейтін жасырмады.
«Менің айлығым – 80-90 мың теңге. Демалыста жұмыс істегенде жүз мың шығады. Әрине, демалыс күндері еріккеннен шығып жүрген жоқпын. Біздің бір ғана талабымыз бар – еңбекақымызды көтерсін. Басқа ештеңе сұрап тұрған жоқпыз. Біздің де ел қатарлы өмір сүргіміз келеді. Бәрі күннен күнге қымбаттап жатыр. Маған «кірісіңіз аз» деп банктер несие бермейді. Мәселемізді басшылыққа айта-айта шаршадық», - дейді ол.
Басшылық не дейді? «Өскемен Водоканал» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Ержан Әубәкіров мәселенің шешілу-шешілмеуі тарифке байланысты екенін айтады. Мекеме басшылығы тұтынылған суық су мен кәріз жүйелеріне төленетін ақшаны 50 пайызға көтеруді сұрапты. Алайда Сауда және интергация министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті тарифті тек 32 пайызға көтеруге рұқсат беріпті.
«Біз мұнымен келіспей, департаментпен соттасып жатырмыз. Төрт отырыс өтті. Енді бесіншісі болады. Сотта жеңеміз деп ойлаймын» дейді директор. Ал департаменттің бас маманы Ақтөре Дидаров: «Сотта жалақыны көтеру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Олар суық су мен кәріз жүйелеріне қатысты біз белгілеп берген бағамен келіспей сотқа шағымданды. Жұмысшылардың бүгінгі талабының сотқа қатысы жоқ. Біз жалақы 135 мың теңге болсын деп ұсыныс бергенбіз. Сот процесіне байланысты әзірге тоқтап тұр», - дейді.