Ерлан Қиясов: Коронавирус инфекциясы ұдайы мутацияға ұшырайды
Ерлан Қиясов: Коронавирус инфекциясы ұдайы мутацияға ұшырайды
773
оқылды
Қазақстанда коронавирус қайта өршіп барады. Бүгінде 11 өңір «қызыл аймаққа» өтті. Отан­дық дәрі­герлер «оми­крон­мен» күресіп жатқанда әлемде одан да  қауіпті өзге штамдар пайда болып жатыр. Дерт дендемес үшін қандай жүйелі жұмыстар ат­қа­рылды? Коро­навирус­тың жаңа түрлерінен сақтану үшін нені ескеру керек? Осы және өзге де сұрақтарға елі­міз­дің бас са­нитар дәрігері Ерлан Қиясов жауап берді. – Ерлан Аңсағанұлы, елімізде болған дүрбелеңге қарамастан дә­рігерлер мен жедел жәрдем қыз­мет­керлері әдеттегідей жұмыс істегенін білеміз. Бүлікшілердің жедел жәрдем көлігін тоқтатып, жолды бөгеу фактілері тіркелді. Содырлар емханалар мен ауруханаларға баса-көктеп кіріп, медициналық мекеме­лердің мүліктері мен жабдықтарын қиратты. Ел ішінде тәртіпсіздік ке­зінде «дәрігерлерді зорлаған, соқ­қы­ға жыққан» деген сөздер де айтылып жүр. Індет ушығып тұрған шақта бү­ліктер отандық медицинаға қан­дай ауыртпалық салды? – Барша қазақстандықтармен бірге біздің де қайғылы оқиғаларға қабырғамыз қайысты. Тер­рористік әрекеттерден зардап шек­кендердің туыстары мен жа­қындарына көңіл айтамыз. Ахуал­ды бейбіт жолмен реттеуге ба­ғытталған шараларға қарамастан, әкімшілік мекеме­лерге, оның ішін­де медициналық ұйымдар мен медицина қызмет­керлеріне қару­лы шабуыл жасау, жедел жәрдем көліктерін бүлдіру фактілері болды. Денсаулық сақтау министрлігі тәулік бойы туындаған қиындық­тарды жедел шешіп отыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Халыққа уақытылы медициналық көмек көрсетуге қажет шаралардың бәрі қабылданды. Иә, дәрігерлер өздеріне тікелей төнген қауіпті сезсе де, аянып қалған жоқ. Қандай оқиға болмасын, әріптестеріміз халыққа медициналық көмек көр­сетуді жалғастыра береді. Өзіміздің кәсіби парызымызды орындай отырып, біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылдаған шараларын толық қолдаймыз. – Өткен тәулікте елде 10 418 адам коронавирус жұқтырды. Бұл арғы күнге қарағанда 1 300 адамға көп. Науқастардың көбі Нұр-Сұл­тан қаласында. Алматы екінші орын­да тұр. Онда тәулігіне 1 115 адам­нан вирус анықталды. Шым­кентте де жағдай күн санап қиындап барады. Індеттің өршуіне не себеп? Әлде жаппай бүлік салдарынан коронавирустың таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алдық па? – Әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандар «омикрон» штамының өте жылдам тарайтынын айтып отыр. Салыстырсақ, жаңа вирус­тың таралуы «Дельта» штамына қарағанда 5 есе жоғары. Әлемде бір күн ішінде коронавирус жұқтыр­ғандардың саны шамамен 3 жарым миллионнан асып кетті. Бұл пан­де­мия басталғалы болып тұрған ал­ғашқы жағдай. Соңғы рет ең үл­кен тәуліктік көрсеткіш өткен ап­тада расталған. Бірақ онда 3 мил­лионға жетпеген еді. Дертті бол­ғандардың көбі АҚШ-та. Мұн­дағы науқастар арасында балалар көп. Бір аптада елде ауруханаға түс­кен жеткіншектер мен бүлдір­шіндер саны 80 пайызға артқан. Вирус жұқтыру оқиғаларының күрт артуы тез таралатын оми­кронмен байланысты. Бүгінде ол біраз елде басым штамға айналып үлгерді. Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жаңа штаммен ауырғандар саны әр 2-3 күн сайын екі есе артып келеді. Мұндай жыл­дамдықпен кете берсе, әлемдегі коронавирус жұқтыру деңгейі бір аптаның ішінде 8 есе, ал екі аптадан кейін 40 есе нашарлауы мүмкін. Коронавирус жұқтыру де­ректерінің қатты өскені байқалады, КВИ-дің 275 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркеліп, жалпы 5,3 миллионнан астам адам қайтыс болған. «Омикрон» вирусы әлем­нің 126 елінде анықталды. Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсуі Данияда тіркелді. Бұл елде ауру 70%-дан астам, Италия мен Швецияда – 50%-ға, Франция мен Ұлыбританияда – 40%-ға, Норве­гия мен Португалияда 30%-дан астам өсті. Коронавирус инфекциясының тез таралуына, оның ішінде «оми­крон» штамына халықаралық са­парлардың көбеюі, қоғамдағы байланыс процестерінің жандануы ықпал етіп отыр. Жаңа жыл кезінде мерекелік басқосулар мен соңғы оқиғалар сырқаттану деңгейінің өсуіне сөзсіз әсер етті. – Індетпен күресіп келе жатқа­нымызға екі жыл болды. Бірнеше локдауннан аман шықтық. Жағда­йымыз енді оңалады дегенде, жаңа қауіп – «омикрон» штамы пайда бол­ды. Ол осы күнге дейін анықтал­ған штамдарға қарағанда, 5-7 есе жұқпалы екені айтылды. Коро­на­вирустың жаңа штамы Қазақстанға қаншалықты қауіп төндіріп отыр? – Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемио­логиялық ахуалдың нашарлауы байқалады. 2022 жылдың басы­нан бері COVID-19 жұқтырудың 16 000-нан астам жағдайы тіркелді. Қазір республикада 44 794 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Соның ішінде 4 495 пациент стационарда, 40 299 нау­қас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдық­қан­дардың арасында 208 адамның жағдайы ауыр, 76 пациенттің жағ­дайы өте күрделі және 42 науқас өкпені жасанды желдету аппара­тында жатыр. Коронавирус инфекциясы бо­йынша эпидемиологиялық жағ­дай­ды бағалау матрицасына сәй­кес, республика және аталған 4 өңір «қызыл» аймақта тұр. 6 өңір «сары» аймақта – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызыл­орда, Маңғыстау және Павлодар облыстары. Қалған 7 өңір жасыл аймақта. Соңғы 7 күнде коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың деңгейі бүкіл өңірлерде байқалып отыр. Бұл «омикрон» штамының таралуына байланысты. Сөзсіз «омикрон» елдегі эпидахуалды ушықтырып жіберді. – Коронавирус инфекциясының басқа түрлерімен салыстырғанда, «омикрон» нұсқасы 20-30 жастағы, яғни адамдардың ең белсенді тобына қатты әсер етеді. Сонымен қатар бұрын ауырып жазылғандардың қайта жұқтыру қаупі де байқалып отыр. «Омикроннан» қорғану амалдарын айтыңызшы... – «Омикрон» штамының кли­никалық белгілері мынадай: шар­шау, бастың ауруы, дене қызуының көтерілуі. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың ауырт­палығы, клиникалық көріністері мен вакциналардың тиімділігі бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда коронавирус вак­цинасы бүкіл әлемде өзін-өзі оқ­шаулау мен карантинге жалғыз балама ретінде танылды. Вирустың жаңа штамдары таралмасын десек, ұжымдық иммунитеттің қажетті дең­гейіне қол жеткізу маңызды. Рес­публика бойынша екпенің бі­рінші компонентін 9 миллионнан астам адам алған. Бұл тиісті кон­тин­генттің 79,2%-ы деген сөз. Ек­пе­нің екінші компонентін 8,5 млн адам қабылдаған, яғни тиісті кон­тингенттің 75,1 пайызы деген сөз. Бұдан басқа, жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинациямен қамту үшін министрлік Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын сатып алды. Pfizer вакцинасының бірінші компонентін 367 578 адам, екінші компонентін 157 210 адам алды. Бүгінде 600 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. Сондай-ақ 60 жастан асқан адамдарды Pfizer вакцинасымен ревакцинация­лау­ды бастау жоспарлануда. Уақытылы жүргізілген иммун­дау коронавирус инфекциясының ауыр зардаптарынан қорғауға қабілетті немесе аурудың жеңіл өтуіне ықпал етеді. Аурудың алғашқы белгілері байқалған сәтте, мүмкіндігінше бірден  оқшаулануды ұсынамыз. – Бүгінде әлемде «омикрон» жұқтырған науқас саны күрт артып, дерт меңдеп барады. Өзіңіз коро­навирустың жаңа штамы әлемнің 126 еліне тарағанын айттыңыз. Осыған байланысты еліміз бен өзге мемлекеттерде қандай шектеулер енгізіліп жатыр? – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы өкілі шектеуді күшейтпесе, ахуалдың ушыға түсетінін болжап отыр. Мысалы, АҚШ-та тәулігіне 1 мил­лион 130 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелген. Бұл – пандемия басталғаннан бері тіркелген абсолютті максимум. Шектеулерді күшейтіп жатқан елдер көп. Аустрияда көшеде екі метр арақашықтықты сақтау мүм­кін болмаса, бетперде кию міндетті деп танылды. Азық-түліктік емес дүкендерге кіруге вакцинация туралы сертификат немесе тиісті анықтама болған жағдайда рұқсат етіледі. Үндістанға кірудің жаңа ережелері пайда болды. Енді елге келгендердің бәрін бір апталық үй карантиніне жіберіп, бірнеше мәрте ПТР сынақтарын тапсыру қажет. Елімізде «омикрон» жаңа шта­мының таралуына, сондай-ақ КВИ сырқаттану жағдайлары­ның көбе­юіне байланысты коронави­рус ин­фекциясына жол бермеу жө­нін­дегі ведомствоаралық ко­мис­сия­ның тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 14 қаңтардан бастап қосым­ша алдын алу шаралары енгізілді. Жұмыс және демалыс күндері сауда орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілеріне қоса, спорт­тық-сауықтыру және фитнес-орта­лықтарға, йога-орталықтарға, бассейндерге, сауналарға, монша­ларға кіру «жасыл» статустың (вак­цинацияның болуы, сынамалар алынған сәттен бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеудің болуы, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар) болуымен жұмыс режимін шектеусіз жүргізіледі. Шетелден елге қайтқан кезде мерзімі 72 сағаттан аспайтын ПТР тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтаманың болуы міндеттелмек. – Дерт дендемес үшін не істеу керек? Әр азамат ауруға шалдықпау үшін қандай алдын алу шараларын сақтауы қажет? – Коронавирус инфекциясы ұдайы мутацияға ұшырайды. Сон­дай-ақ «омикрон» штамының жұғу көрсеткіші жоғары. Қыс айларында жіті респираторлық вирустар да өршиді. Сол үшін әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарап, басқаларға және өзіне жұқтырмау үшін қамдануы керек. Халық көп жиналатын орындарға барудан бас тарту, ұжымдық іс-шараларды өт­кізбеу және қатыспау ұсынылады. Жұмыс орындарында міндетті түр­де маска тағу, әлеуметтік қа­шық­тықты және жеке гигиена ер­е­желерін сақтау, үй-жайларға  қонақ шақыруды шегере тұру. Коронавирус инфекция­сы­ның алғашқы белгілері пайда бол­ған кезде үйден шықпай, ме­ди­ци­на­лық көмекке жүгініңіз. Жа­қын­дарыңыз бен туыстары­ңызға қауіп төндірмеңіз. – Әңгімеңізге рақмет!