Әкіммен ашық диалог
Әкіммен ашық диалог
426
оқылды
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңір тұрғындарымен кездесуді жабық кеңседе ғана емес, ауыл-ауылды аралап, ел жағдайын өз көзімен көре отыра жүргізді. Осы уақытқа дейін облысқа қарасты бірнеше қала мен ауданды аралап шықты. Бұқар жырау ауданында болған кездесуде ауыл тұрғындары әлеуметтік мәселелерден бастап мал ұрлығына дейін көптеген мәселені көтерді. Аймақ басшысы тұрғындармен келесі кез­десуін Бұқар жырау ауданында  өткізді. Же­ңіс Қа­сымбек Қызылжар, Ростовка ауылдарына барды. Қызылжарда 800-ден астам адам тұрады. Фельдшерлік пункт пен фельдшер жұмыс іс­тейді. Бірақ 1964 жылы салынған ғимарат көп­тен бері күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі «биыл жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады» деп ауыл тұр­ғындарын бір қуантып тастады. Ауыл тұрғын­дары спорт залын да қалпына келтіруді сұрады. Өйткені ұзақ уақыт бойы бос тұрған ғимарат құрылыс материалдары үшін жартылай бұзыл­ған. Жеңіс Қасымбек жобалық-сметалық құ­жат­тама әзірлеуге конкурс жарияланғанын ха­барлады. Аудан басшылығына облыс әкімі ғимаратты тезірек жөндеуді тапсырды. – Бала кезімнен осы ауылда тұрамын. Кү­респен айналысамын. Бұрын бұл жаттығу залына барып жаттығушы едім. Осы жерден талай чемпион өсіп шықты. Қазір ауылда спорт залы жоқ – балалармен күреспен айналысатын жер жоқ. Бұл ғимарат қалпына келтіріледі деген үміттеміз және облыс әкімінің бізге ұсынған шешіміне көңіліміз толды, – дейді Қызылжар қаласының тұрғыны Амангелді Есенғали. Ал Ростовкада Жеңіс Қасымбекке ауыл жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жат­қаны туралы айтылды. Оның бір бөлігі былтыр ретке келтірілсе, биыл қалған көшелерге ас­фальт төселмек. Тұрғындар өз кезегінде мек­теп-интернатта педагогикалық кадрлардың жетіспейтінін, сондай-ақ ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына шағымданды. Жеңіс Қасымбек мердігердің жұмысын ба­­ғалайтын комиссия құруды тапсырды. Ком­па­ния кепілдік бойынша барлық ақауды жөндейді. Сонымен қатар Бұқар жырау өңіріндегі өт­кір мәселе – мал жаюға арналған жайылым­дық жер жоқ. Облыс әкімі жер заңнамасы ая­сында бұл мәселе шешіліп, Президент тапсыр­масы бойынша пайдаланылмай жатқан жер ауыл тұрғындарының пайдалануына беру үшін мемлекет меншігіне алынатынын жеткізді. Ботақара мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан орталығының ғана емес, басқа да ауыл­дар­дың тұрғындары жиналды. Кездесуге кел­ген­дердің әрқайсысы өз сұрақтарын қойды. Мы­салы, Доскей ауылынан келгендер электр желілерінің жағдайына шағымданды. Бұл мә­селенің шешілуі монополистің инвестициялық бағдарламаны іске асыруына тікелей байланысты. Қушоқы тұрғындары ДСК салып беруді сұрады. Басқа ауылдарда да спортпен шұғыл­данатын орындар жетіспейді. Аудан әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, биыл 17 елді мекенде жаңа спорт нысандары ашылады, онда көпфункционалды хоккей корттарын, шағын футбол алаңдарын, Workout көше алаңдарын орнату жоспарланған. ДСК Ботақара кентінде, Ғ.Мұстафин ауылында салынады деп көзделіп отыр. Қушоқы үшін де жоба әзірленбек. Ғ.Мұстафин кентінде көпірді жөндеу мә­се­лесі бірнеше жыл бойы шешілмеген. Биыл бюд­жеттен қаражат бөлініп, жұмыстар басталады. Ауыл клубын жөндеу, физиотерапия каби­нетін жабдықтау, мектепке жапсарлас ғимарат салу – бұл ауыл тұрғындарының өтініші.  Көптеген сұраққа облыс және аудан әкімі бірден жауап берді. Кейбіреулеріне бір апта ішінде жазбаша жауап беріледі. – Жалпы, Бұқар жырау ауданы дамып келеді, оң динамика бар. Бұл – жаңа үйлер мен жаңартылған жолдар. Доскей ауылында бес қабатты екі үйге күрделі жөндеу жұмыстары аяқ­талып қалды, сондай-ақ облыстық бас­қар­малар есебінен тағы үш үй қалпына келтіріледі. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақ­сарып келеді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Бірақ шешілмеген мәселер аз емес. Осы кездесудің қорытындысы бойынша сіздер айт­қан ұсыныстар мен ескертулерді ескере оты­рып, іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Келесі кездесуде не істелгені туралы есеп береміз. Есеп беру кездесуінің жаңа форматы Бұқар жырау ауданының халқына ұнады. – Бүгін жерлестерімнің проблемалары туралы айтып бердім. Әкімнің есебіне бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осындай кездесулер көп болуы керек. Еш жалтақсыз, ашық диалог болды. Біздің мәселелеріміз шешіледі деп үміт­тенеміз. Халыққа жақын болу – бұл өте жақсы. Мұндай кездесулер билікке деген сенімді арттырады, – деді Ботақара кентінің тұрғыны Раушан Сағандықова. Кездесуден кейін облыс әкімі жеке мә­селелер бойынша да қабылдау өткізді.

Қарағанды облысы