Жаңа кітап: ашаршылық ақиқаты
Жаңа кітап: ашаршылық ақиқаты
1,150
оқылды
Ашаршылық. Нәубет. Адамзат баласы мұның бәрін өткерді. Кешегі 1931-1932 жылдары қазақ қынадай қырылды. Орталық Қазақстанда да бұл сойқанның ізі қалды. Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» Қарағанды университеті шығарған «Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық: архивтік құжаттар мен естеліктер жинағы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Ақи­қат айтылды... Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұйымдастыруымен  өткен дөңгелек үстел барысында археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры З.Сақтағанованың,  Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Мустояпованың, Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының ассистент-профессоры Ж.Ибраимованың, Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының ассистент-профессоры Л. Харитонованың баяндамалары тыңдалды. Жиынды Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жүргізіп отырды. – Мұндай үлкен зерттеу алғаш рет аймақтық бөлімде жүргізілгенін айта кету керек. Тарихшылардың қажырлы еңбегінің арқасында 90-нан астам мұрағаттық құжат табылса, оның  80%-дан астамы бұрын жарияланбаған. Өз кезегінде филологтер далалық іздеумен айналысты. Бұл міндет оңай болған жоқ. Оқиғалардың тікелей куәгерлері дүниеден озған. Бірақ ғалымдар олардың балаларымен және немерелерімен сөйлесе алды. Жинаққа ашаршылықты бастан кешкен 100 отбасының тарихы кірді, – дейді Нұрлан Дулатбеков. – Жобаның мақсаты – мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ сол қайғылы кезеңдер туралы әңгімелер сақталған отбасылардың естеліктері мен сұхбаттарын жинау болды. Жиналған материалдар Қарағанды облысындағы сталиндік ұжымдастыру салдарының толық көрінісін ұсынады, – дейді басылымды құрастырушылардың бірі, филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова. Ал «Біз кешегі кеңес заманында дүниеге келген ұрпақпыз. Соғыстан кейінгі ел еңсесі 60-жылдардан кейін көтерілді. Рухани тұрғыдан аш болсақ та, нанға тоқ болдық. Сол тоқшылық көп нәрсені ойлатпады. Әке-шешелеріміздің айтып отырған әңгімелері бізге ертегі сияқты кө­рі­нетін. Бүгін еміс-еміс есте қалғандарды қағазға түсіріп, күңіреніп отырмыз», – деп толғанады естелік айтушылар. Жиналған материалдар Қарағанды, Семей, Қарқаралы, Егіндібұлақ, Нұра, Балқаш, Мойынты, Шет, Қоңырат, Шұбартау, Осакаровка, Жаңаарқа және тағы басқа аймақтардың ашаршылық кезеңіндегі ахуалын көрсетеді. «Социалистік мүлікті ұрлаған, талан-тараж еткендерді қылмыстық жауапкершілікке  тарту» деген баппен масақ тергені үшін, жүк көліктерінен кішігірім төгіліп қалған бидайды жинағаны үшін сотталып кеткен адамдар болған екен. Адамдардың түнде бидай масағын  ұрлап теріп, балаларын тамақтандырғанын, сол масақтың өзін ауылда қалған өкіметтің шолақ белсенділерінің тергізбейтінін, ел ішінде інісі ағасын, бір-бірін ұстап берген жағдайлар болғанын, бидай үшін қамбаға шабуыл жасауға мәжбүр болғанын Смағұл Есекейұлы, Дәкен Сетікбайқызы мен Молдақаш Белгібайұлы естеліктерінен оқимыз. Манаш Мұқашқызы бір уыс ұнға алтын-күмістерін айырбастай алмағандарын, «алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөздің сол ашаршылық жылдары пайда болғанын айтады. Әртүрлi салық ойлап табылып, шөлейттi жерлердегі, егін екпейтін мекендерге де бидай салығын төлеу талап етілгенін, ел қолындағы малын бидайға ауыстырып, үкiметтiң салығын төлеуге мәжбүр болғанын, ол салықты төлемесе, итжеккенге айдалып кеткендерін Қорған Әмірхамзаұлы әңгімелейді. Нәубет аяғы зұлматқа ұласып, бір уыс бидай үшін кісі өлтіруге дейін барғанын Тоты Мұсатайқызының естелігінен оқысақ, ардагер Төленді Аралбаев отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу үшін қарындасының өз еркімен бір қап бидайға айырбасталып кеткенін жылап отырып баяндайды. Жаңылған Садуақасқызының естелігінен қазақ даласында іш сүзегі ауруы ашаршылықпен қатар белең алғанын, адамдардың іштеріне ас тұрмай, бір жылдың ішінде бір отбасынан бірнеше адамның көз жұмғанын, 7 ағайындыдан екі бала ғана аман қалғанын, анасының қайтыс болған балаларын жер қойнына тапсыруға шамасы жетпей, мәйіттерді шошалада киізге орап ұстауға мәжбүр болғанын, яғни аш қасқыр, ит-құс, тіпті аш-арық адамдардың өздері қазып алып, жеп қоятынынан қорыққанын айтады. Ал Мәкеш Сүлейменқызы Қарағандыда оба, сүзек ауруы басып кеткенін, тіпті шахтаның қара суынан басқа жөні түзу ішер судың болмағанын баяндайды. Бұл кісілердің сөзін Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдайды, ел ішіндегі жаппай аурудан болған өлім жағдайларын көрсететін оннан астам құжат растайды, олар кітаптың бірінші бөлімінде жарияланған. Ашаршылық қазақ даласында қылмыстың өсуіне алып келді. Аштық адамдарды өлімге ғана əкелмейді, ол адамдарды ақыл-есінен айырады. Мұндай аштық көріністерінің бірі адам жегіштік. Қай уақыт болмасын моральдық тұрғыдан әлсіз адамдар үнемі  кездесіп  отырады,  олар  бір  сәтте  адамдық  қасиетін  жоғалтып,  хай­уандық  санатқа  өтеді. Өкінішке қарай, адам жегіштер қазақ даласына да келді. Біз мұндай жайтты ақпарат берушілердің, атап айтсақ Бибігүл Қалмағанбетқызының, Қорлан Халыққызының, Айтжан Смағұл­ұлының, Зейнеп Рақымбайдың, Аппаз Төреұлының, Қалиева Бибекештің естелігінен кездестіреміз. Мысалы, Әбен Айтжанұлы «Нәубет» деген әңгімесінде «Мен кейде жұмыстан қажып келгенімде әкем: «Балам, сен неге шаршайсың? Маңдайың терлеп, үш күн жұмыс істеген жоқсың. Мына біз аштықты көрдік, адам етін кісі жегенін көрдік, соғысты көрдік, көрмегеніміз жоқ, ондай нәубетті сендердің бастарыңа бермесін. Мына мамыражай заманда шаршадым, қажыдым деу ұят» деуші еді марқұм» деп жазған екен. Кәмел Жүністегі ашаршылықтың осы біз өмір сүріп отырған аймақтағы көрінісі туралы, бүкіл Арқаны қамтыған аштық туралы, онда қанша адамның қырылғанын білу үшін Қарағанды архивінде отырып, сол 30-жылдарға байланысты 50-60 папканы алып ақтарғанын, біраз дүние тапқанын, қазаққа жасаған зорлықтарын оқып отырып, іштей еңіреп те отырған кездерін еске алады. «Мол мәлімет негізінде жазылған «Апат» романы Ғазиза әжемнің айтқан әңгімелерінің желісімен жазылды, романдағы оқиғалардың барлығы да бұл дүниеде болған қайғылы жағдай»,  – дейді автор. Көп жыл Балқаш телестудиясында қызмет істеген, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы болған Жанболат Башар «Жұмысшы әулеті» деген бағдарламалар дайындау барысында көргені көп шежіре ақсақалдармен ашаршылық нәубеті туралы талай рет әңгімелескенін айтады. Ол кісінің айтуынша, көрші отырған өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмендерде аштық болмаған. Олай болса, неге біздің халқымыз ашаршылыққа ұрынды? Неге қазақ даласы қансырап жатты? Тігерге тұяғы қалмаған қыр қазағы, босып, тышқан аулап, шөптің тамырын жеп, аштықтан сүйегі шашылып қалды. Өндіріске ұмтылған қазақтар одан да опа таппай, қырылды. Неге бұлай? Мемлекет қайда, үкімет қайда? Мен осыны білгім келді, соған  жауап іздей отырып, «Қабір үстіндегі зұлмат» атты  повесін жаздым», – дейді автор. Естелік берушілердің жазғаны қиын кезең тарихының бір бөлігі ғана. Халқымыздың басынан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы дерек, айтылмаған сырлар әлі көп. Сонымен қатар жинаққа архивтегі бұлтартпас құжаттар да енген...

Қарағанды облысы