Елімізде соңғы уақыттары патернализм мен масылдық мәселесі күн тәртібінде жиі көтеріліп келеді. Олай болуының реті де бар. Өйткені қордаланып тұрған әлеуметтік проблеманың бір себебі осы мемлекетке міндет артып, масыл болуда жатыр. Оған қоса, жыл сайын елімізде адами капиталдың индексі төмендеп келеді. Ендеше, мемлекет бұл проблемаға дер кезінде назар аударып отыр деуге негіз жоқ емес.Міндетсіну көшеге жетелейді
Әркім – өз өмірінің иесі. Сондықтан да оны тұрмыс тауқыметіне шалдықтырмай, әлеуметтік проблемаға душар етпей, ел қатарлы сүргісі келетіні хақ. Кім-кім де болса, баласын қатардан қалдырғысы келмейді. Ел қатарды табыс тауып, баспана алып, көлік мініп, ақшасы одан артылса жылына бір рет болса да демалып қайтқанды кім жаман көрсін? Оған елімізде мүмкіндік те жоқ емес. Бірақ түрлі себептермен өмір жолы мен тұрмыс қамын дұрыс жоспарлай алмағандар, түбі қажығаннан мұсалдат күй, масыл пиғылға бой алдырады. Осылайша олар мемлекет көмек көрсетуге міндетті деген қате ұғымға ұрынып, өз өміріндегі сәтсіздіктерін өзгеден көріп, өздеріне назар аударту үшін көшеге наразылық акциясына шығып, қоғамда резонанс тудырып жатады. Бір өкініштісі, оларға от беріп, қолдау көрсетіп саяси ұпай жинауға немесе еліміздегі тұрақтылықты шайқалтуды мақсат ететін қоғам өкілдері де жоқ емес. Осынау өмірлік түрлі жағдайлар кейбір ортада әлеуметтік әділетсіздіктің мәні ретінде бұрыс бағаланып жүр. Бұған Президенттің өзі де сан мәрте назар аудартып келеді. Осы мәселені ол таяуда Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда да еске салған болатын.
«Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай қоғамдық құбылыстың өзіндік себебі де бар. Өйткені мемлекеттің реттеушілік функциясын жүзеге асырып, әртүрлі проблемаларға дер уақытында ден қойып, басталған деңгейде-ақ шешудің орнына, жергілікті атқарушы билік пен депутаттар тек көшеге ұран көтеріп шыққандарға ғана мән беретін болған. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Бұл – түбірімен дұрыс емес көзқарас. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. Президент осы ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек деп тапсырды. Бұл ретте халық арасында түсіндіру жұмыстары кемшін екені бірден көзге ұрады. Өйткені міндетсініп көшеге шыққандармен жұмыс алаңда емес, оған дейін үстел басында кездесулер мен қабылдаулар барысында түсіндіру және шешім қабылдаулар арқылы шешілуі керек.
Жұмыс жоқ емес, ықылас жоқ
Елімізде осы уақытқа дейін басына баспана, дастарқанына ас сұрап көшеге шығатын көпбалалы аналардың қатары жиі болған болса, соңғы уақыттары ірі кәсіпорындардан жұмыс сұрап шығатын жұмыссыздардың жиыны жиіледі. Олардың арасында жағдайы шынымен нашар отбасылардың өкілдері де, ата-анасының қамқорлығында, отбасын құрмаған, көлденең табыспен де күнелте алатын тепсе темір үзетін жас жігіттер де бар. Бұл – жастардың арасында патерналистік пиғыл орнығып келе жатыр деген сөз. Ол аз дегендей, бір жаманы мемлекет жұмысқа тұрғызуға міндетті деп талап қоятын олар өздерін өртеуге әрекеттеніп, радикалды қадамдарға барып жүр. Тіпті, астанаға дейін келіп, «жұмыс берушілер тек қана наразылық тілін түсінеді» деп ашық мәлімдеп жүр. Мұндай әрекеттердің астарында ел тұрақтылығын шайқалтуға деген ниеттің ұшы қылтияды. Әрине, үстел басында шешімін табуы тиіс мәселенің астанадағы алаңға дейін ұласып кеткені өкінішті. Ал мемлекеттің міндеті – әлеуметтік жағдайы шынымен төмен адамдар мен отбасыларға көмектесу екенін түсінетін кез жетті. Бұл масылдықты жоюдың алғышарты болмақ.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, елде жұмыс орындарын ашу жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әйтсе де, жұмыс іздеп мемлекеттік органдарға жүгінгендердің дені айлығы аз деп ұсынылған жұмыстарға бармайды екен. Ал қымбатшылық қысқан заманда азаматтардың кез келген мүмкіндікті мүлт жібермегені абзал. Өйткені айлығын қорсынбай жаңа ұжымға қосылғандардың қатарында еңбекқорлығымен көзге түсіп, лауазым баспалдағымен жоғарылап, көбірек табыс табуға қол жеткізгендердің қарасы да аз емес екен.
«Бірінші кезекте табылып тұрған жұмыстардан бас тартпау қажет. Көп жағдайда естіп жататыным зауыттар мен кәсіпорындарда 300 мың теңгеге жұмысшылар келмейді дейді. Ондай фактілер бар. Ондай жалақыға жұмыс істегісі келмей, еркін жүріп нағыз қоғамдық жұмысқа араласқысы келмейтіндер бар. Сондай масылдық бары белгілі. Дегенмен де менің негізгі кеңесім – жұмыс істеу. Жұмыс істеймін дейтін адамға бәрі бар. Кәсіп ашқысы келсе де барлық мүмкіндік жасалып отыр. Орташа жалақымыз қазір 250 мың маңайында. Бұл жалақыны көп деп айта алмаймын бірақ өмір сүруге жетілікті. Дегенмен қосымша талпыну, жұмыс істеу артық етпейді. 90-жылдардағы жұмыссыздық кезімен салыстыруға келмейді. Қазір әлдейқайда көп жұмыс орындары бар», – дейді Премьер-Министр орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Министр ең табысы төмен санаттағы азаматтардың жағдайы барынша жасалып отырғанын айтады. Бұл мақсатта бюжеттен қаржы мен инвестициялар құйылып, жұмыс жүргізіліп жатыр.
Адами капитал кеміп келеді
Елімізде адами капиталдың көрсеткіші кеміп келеді. 2 маусымда өткен Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы біздегі білім беру жүйесі бала туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдылар жиынтығының тек 63 пайызын беріп отыр деп мәлімдеді. 2018 жылдан бері адам капиталы индексі туралы есеп жүргізіп келе жатқан Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сүйеніп отырған депутат Қазақстан (2020 жылғы дерек) осы индексте 0,63 көрсеткіш жинап, 55-орынға тұрақтағанын мәлімдеді. Яғни, әрбір дүниеге келген бала 18 жасқа дейінгі аралықта толыққанды әрі сапалы білім мен денсаулыққа қол жеткізсе, 63 пайызға өнімді (productive) бола алады екен. Бұл елімізде әлеуметтік қамту мәселесін бір пысықтап алу қажеттілігін көрсетеді. Жалпы аталған статистикада рейтинг басындағы көшбасшы мемлекеттердің басым бөлігі экономикасы табысты елдер.
Келесі бір мәліметтер бойынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылғы есебінде 130 елдің ішінде Қазақстан ТМД бойынша Ресей мен Украинадан кейін 29-орында тұрса, Дүниежүзілік банктің 2018 жылы жария етілген адами капитал индексінде 157 елдің ішінде 31-орыннан көрінді. Сол сияқты 2019 жылы БҰҰ-ның адами капиталды дамыту индексі тізімінде 189 елдің ішінде Қазақстан 50-орынға тұрақтады. Халықаралық есептерді саралаған мамандар «бұл арада бізге ой салуы тиіс көптеген маңызды ескертулер жатыр» дегенді айтады. Мысалға, біздің елде бастауыш, орта және жоғары біліммен қамту көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Алайда жастардың (25–34 жас) кәсіби тұрғыдағы икем-дағдылары аға ұрпақпен (55–65 жас) салыстырғанда біршама төмен. Сол сияқты бүгінде өзекті саналатын «сыни тұрғыдан ойлау» қабілетін дамытуда біз алдыңғы қатарлы 30 елден шамамен екі жыл көлемінде қалыс қалып отырмыз.
Осы тұрғыда айтылғандарды жинақтай келгенде, мемлекет әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешумен қатар, адами капиталды да дамытуға ден қоюы қажет. Яғни, адами капиталды нығайтып, күшейтеміз десек, біз бұл капиталға ауқымды инвестиция құюды ескеруіміз керек. Ал адами капиталды инвестициялауда бастапқы және негізгі бағыт – білім және медицина. Мұның сыртында халықтың еңбек мәдениетінің төмендігі, азаматтық қоғамның әлсіздігі, жемқорлық мәселесі, экологиялық жағдай, тіпті бүгінде ескіріп кеткен ұлттық дәстүрлер мен ұлттық идеяны дамыту траекториясы да адами капиталды дамыту жолындағы жағымсыз факторлардың шоғырын құрап отыр. Одан бөлек, бүгінде Қазақстанда адами капиталды дамыту мәселесімен қатар, бар капиталды сақтап қалу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өйткені елімізде жыл өткен сайын жоғары білімді эмигранттар саны артып барады. Мысалға, 2013 жылы Қазақстаннан қоныс аударғандардың 30 пайызы жоғары білімді болса, 2017 жылы 40 пайызды құраған. Осы кезең аралығында елімізден сыртқа кеткен техникалық мамандар саны 1,5 есе өскен дейді мамандар.
Қорыта айтқанда, егер қаржы капиталы «ақша әкелетін ақша» деп түсінетін болсақ, адами капиталды елдің дамуына «жаңадан қосылған құндылық» қалыптастырушы байлық көзі деп қарағанымыз жөн. Сондықтан да бүгінде күн тәртібіне шығып тұрған патернализм мен масылдық пиғыл проблемасын әлеуметтік деңгейде ғана қарастыру аз. Оған кешенді тұрғыда келу қажет!