Кісідегінің кілті аспанда
Кісідегінің кілті аспанда
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
1,254
оқылды
Жамбыл облысында Тоғыз жолдың торабындағы Меркі ауданында өндіріс ошақтары жетіп артылады. Әсіресе, қант, май, мұнай өндірісі өрістеген. Үлкен жанар-жағармай қоймасы да бар. Аталған өнімдердің дені ішкі, сыртқы нарыққа теміржолмен тасымалданатындықтан, кәсіпкерлер жүк пойызының қызметіне тәуелді. Алайда тауарларды тасымалдау тарифі Луговой телімаралық стансасынан кейін күрт көтеріліп кететініне кәсіпкерлер наразы. Меркілік кәсіпкер Совет Құлмамбетовтің айтуынша, Луговой стансасы мен Қырғыз Респуб­ликасына шекаралас Шалдавар стансасы арасын­дағы 41 шақырым болат жол толықтай айыр қал­пақты ағайынның меншігінде. Сол себепті тасымалдау құны шарықтап кеткен. Бұл мәселе Парламент Мәжілісі депутаттарының құлағына жетсе де, әлі күнге шешімін таппаған екен.
– Бірер жыл бұрын Луговой мен Мерке стансасы аралығына екінші теміржол салып, оны толықтай «Қазақстан темір жолы» компаниясына өткізіп, электрлендіру мәселесі көтерілген болатын. Алайда жоба аяқсыз қалды. Соның салдарынан меркілік кәсіпкерлер тауарларын Луговой стансасына дейін қазақстандық тарифпен әкеледі де, одан кейін қырғызстандық тарифпен төлейді. Ал ол шығынды екі есе арттырады. Доллар бағамы тұрақсыз болғандық­тан, тариф күнде құбылады. Сондықтан кәсіп­керлерге қазақстандық тарифті қойып беру тиім­ді болар еді.
Тағы бір мәселе, жүк вагондары Луговой стансасында апталап тұрып қалады. Себебі вагондар жиналмай маневрлық тепловоздар қозғалмайды. Ол тепловоздар да қырғыздардікі.
Осылайша, өз жолымызбан өзіміз жүре алмайтын күйге түстік, – дейді кәсіпкер.
Шынында, бұл жағдай таңданыс туғызады. Теміржол желісі Қазақстан аумағымен тартылса да, оның қырғыздарға тиесілі болатыны қызық. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» мекемесінің «ЖТ – Жамбыл бөлімшесі» филиалы директорының логистика бойынша орынбасары Әділ Түсіпов мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілуі қажет екенін айтады.
– Жыл басында Парламент Мәжілісі депутат­тары тарапынан сауал жолданып, мәселе көктемде қаралды. Бірақ ол жолы тек Меркі қант зауытының шикізат тасымалдау мүмкіндігі ғана зерделенді. Сол себепті бүгінге дейін еліміздің ішкі нарығындағы тауарлар Меркі стансасына дейін ғана қазақстандық тарифпен тасымалдана­ды. Ал импорттық тариф саясатына біз араласа алмаймыз. Бұл – үкіметтік деңгейде қаралатын мәселе, – дейді Әділ Түсіпов.
Негізі, Луговой телімаралық стансасынан кейінгі 36,39-разъезд, Мунке, Мерке, Шалдавар стансалары толықтай Қырғыз Республикасына қарайды. Теміржол желісінің ұзындығы 41 шақырымды құрайды. Мерке стансасынан «Бішкек – Мәскеу», «Бішкек – Новокузнецк» және «Бішкек – Казань» жолаушылар пойызы өтеді. Қырғыз Республикасы теміржолы Мерке стансасының бастығы Мақсатбек Шірікбаевтың айтуынша, мұнда тәулігіне екі, кейде бес жүк пойызы жүреді екен. Ал стансада 20 адам жұмыс істейді. Олардың айлық жалақысын да «Қырғыз Республикасының теміржолы» мекемесі төлейді.
– Жалақымызды қырғыздар төлейтін болған­дықтан, қазақстандық әріптестерімізге қарағанда екі есеге аз жалақы аламыз. Оған қоса, Мерке вокзалының жағдайы да мәз емес. Нысанға жөндеу жұмыстарын Қырғыз Республикасының теміржолы жүргізуі қажет еді. Күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алу мәселесі талай жылдан бері айтылып келе жатқанымен, әлі іске асқан жоқ. Биыл күзде ғимаратты ең болмаса ағымдағы жөндеуден өткізу туралы ұсынысымызды жеткіздік. Бірақ шекарадан құрылыс материал­дарын алып өту қиын болғалы тұр. Бұл мәселені осы күзгі комиссия отырысында көтерсек деп отырмыз, – дейді Мақсатбек Шірікбаев.
Бір қызығы, тасымалдау құнын бақылайтын «Қырғыз Республикасының теміржолы» өздеріне қарасты теміржол стансасында қандай да болмасын қылмыс болатын болса, оған жауапты болмайды екен. Мұндай құқықбұзушылықтың алдын алу, анықтау қазақстандық құқық қорғаушылардың құзыретіне кіреді. Сондықтан бұл мәселені құзырлы органдар сүзгіден өткізгені абзал. Тариф құны да қос елдің Үкіметі арасында талқыланып, оңтайлы шешілеріне үміт артамыз.

Жамбыл облысы