Барымташылар басынып барады
Барымташылар басынып барады
832
оқылды
Жамбыл облысында ба­рым­ташылар басынып бара­ды. Айдың-күннің аманында қорасындағы малынан айы­рылып, сан соққандардың қарасы қалың. Жыл басынан бері 781 мал ұрлығы тір­келсе, оның 139-ы – қамбар ата түлігі. Ұрының уысында кет­кен төрт түлігі айлап та­былмағандықтан, шаруалар­дың құқық саласы қызмет­керлеріне деген өкпесі қара қазандай. Мәселен, Байзақ ауданының Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінде жыл сайын 40-қа жуық төрт түлік ізім-ғайым жоғалып кетеді екен. Ауыл тұрғындары «тәртіп сақшы­ларынан түк қайыр жоқ» деп отыр.
– Өткенде ғана екі жылқымды ұрлап кетті. Содан полиция қыз­меткерлері «табылды» деп сүйінші сұрады. Қуанышты хабарды ести сала барсақ, «сіздің жылқыңыз емес екен» деп шығарып салды. Жыл сайын малымыздан айырыламыз. Бұларға тосқауыл қоя алатын адам бар ма? Осылай жалғаса берсе, бала-шағамызды қалай асыраймыз? Бұдан кейін заң органдарына қалай сенуге болады? – дейді ашынған ауыл тұрғыны Ораз Мелдібек.
Ақжардағы ағайынның мұңы тек мұнымен шектелмейді. Мал ұрлығының кесірінен ауыл тұр­ғыны Маржан Кәлінбекованың ұлының басы дауға қалған.
– Биылғы көктем көңілсіз бас­талды. Ауылдағы ауқатты бір азаматтың жылқысын менің ба­лам бағатын еді. Көктемде 3 жыл­қы­сынан айырылса, жуырда тағы 14 қылқұйрығы қолды болды. Құзырлы орган өкілдері әлі бірде-бір ұрланған малды таппады. Малды барымташылар қолды қылса да, шығынын біз төлеуге мәжбүрміз. Ұлым еңбекақы да алмайды. Амалсыздан жоғалған жылқылар үшін тегін жұмыс істеп жүр, – дейді ауыл тұрғыны.
Жуалы ауданында да жағдай мәз емес. Атап айтсақ, Қ.Д және Қ.С. есімді азаматтар жуырда Теріс ауылының адамдарымен алдын ала сөз байласып, бөтеннің мал қорасына түсіп, жәбірленуші И-ге тиесілі екі биесін ұрлап әкет­кен. Материалдық шығын 1 мил­лион теңгені құраған. Сондай-ақ биылғы жылдың 14 қыр­күйегiнде Байзақ ауданы полиция бөліміне осы өлкенің 44 жастағы тұрғыны «Қазфосфат» ЖШС-на және ауыл тұрғында­рына тиесілі 22 бас жылқының жайы­лымнан жо­ғалып кеткені туралы арыздан­ған. Аудандық полиция бөлімi қыз­меткерлері қыл­мыстың ізін суытпай 47 жас­тағы тұрғынды құ­рықтаған. Ең сұмдығы, күдікті ауыл тұрғында­рының малын ақы­ға бағатын бақташы болып шық­қан. Ол өзіне берілген мүм­кіндікті пайдаланып, жылқыларды жайы­лым басынан сатып жіберген. Қазір аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, өткен жылы Шу ауданын шулатқан 25 жылқының ұрлығы биыл ашылып отыр. Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жалпы құны 11 мил­лион 550 мың теңгені құрай­тын 25 жылқыны ұрлаған 52 жас­тағы Талас ауданы Ақкөл ауылы­ның тұрғынын араға жыл салып барып ұстап отыр. Ол жылқы­ларды Шу ауданы Алға ауылына қарасты жайылымнан жасырын түрде айдап әкеткен екен. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің өкілдері мал ұр­лы­ғы өткен жылмен салыстыр­ған­да биыл біршама азайғанын ай­та­ды. Сондай-ақ ашылған қыл­мыс­тардың да саны артқан көрі­неді.
 – 8 айдың қорытындысы бо­йын­ша, облыс аумағында мал ұрлығының тіркелуі былтырмен са­лыстырғанда 17,3 пайызға азай­ды. Қылмыстың ашылу пайызы 52,2-ден 55,5 пайызға артты. Со­ның ішінде ауыр санаттағы мал ұрлығының саны 12,3 пайызға ке­міді. Облыс аумағында ұрлан­ған және жоғалған 781 бас малдың 399-ы, яғни 50,9 пайызы иесіне қайтарылды. Малды немесе ет өнімдерін заңсыз, тиісті жолдама құжаттарсыз тасымалдағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық тура­лы кодекстің 406-бабымен 135 тұлға әкімшілік жауапкер­ші­лікке тартылды. Сондай-ақ жа­йы­­­лымдарда не өзге орындарда мал­­ды қараусыз қалдырған мал иелеріне Әкімшілік құқықбұзу­шы­лық туралы кодекстің 408-ба­бына сәйкес 1 513 хаттама тол­тырылды, – дейді облыстық Поли­ция департаментінің бөлім бастығы Қанат Қожамқұлов.
Әрине, қылмыс санының азайғаны қуантады. Алайда он айда 781 мал ұрлығының тіркелуі сүйіншілейтін жағдай емес. Құ­қық саласының қызметкерлері 50,9 пайыз мал иесіне қайтарылды деп отыр. Сонда әлі ұрланған төрт түліктің жартысы барымташы­лар­дың қолында деген сөз. Ал оның қаншасы сойылып, саты­лып кеткені бір Аллаға аян. Естеріңізде болса, өткен жыл­дары Мойынқұм ауданында өріс­те жүрген мүйізді ірі қараларды мыл­тықпен атып алып, етін сойып әкететін ұрылардың әре­кеті тұр­ғындардың төбе шашын тік тұр­ғызған болатын. Аталған барым­ташыларға қатысты сол кез­де аз-маз ақпарат айтылғаны бол­маса, толыққанды дерек беріл­­меді. Осы сияқты ақиқаты ай­­тыл­май, ашыл­май жатқан қан­ша қылмыс бар десеңізші. Жоға­рыда айтылған сандар соған дәлел бола алады. Айтпақшы, жуырда жам­был­дық полицейлер малшыларға жарық шағылыстырғыш элемент­терді төрт түліктің мойнына тағу­ды міндеттеуді бастады. Тәртіп сақшылары бұл қараусыз қалған малды түн мезгілінде анықтауға мол мүмкіндік туғызатынын ай­туда. Ал бұл бастама барымташы­лар­дың жолын кесуге қанша­лық­ты септігін тигізер екен? Оны ал­дағы уақыт көрсетер...