Жамбыл облысы биыл әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша өңірлер арасында алдыңғы қатардан көрінді. Бұл жөнінде Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 6 аймақта байқалған. Оның ішінде Жамбыл облысы жоғары көрсеткіш көрсеткен. Экономикалық көрсеткіш көш бастап тұр
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-қырқүйек айларында еліміздегі өндіріс көлемі 4,6 пайызға өскен. Соның ішінде ең жоғарғы көрсеткіш Жамбыл облысында байқалып отыр. Атап айтсақ, есепті кезеңде өңірдің экономикалық өсімі 106,8 пайызды құраған. Ал республикалық меже 103,5 пайызды ғана көрсеткен.
Бұл ретте өнеркәсіп өндірісінің көлемі 112,4 пайыз деңгейінде (639,2 млрд теңге) қалыптасса, ауыл шаруашылығында 431,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп отыр. Өсім – 105,5 пайыз.
Жыл басынан Жамбыл облысына 293,6 млрд теңге инвестиция тартылса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артқанын айғақтауда. Дәл сондай құрылыс көлемі 149,0 млрд теңгені құрап, 8,7 пайызға артқан.
Сондай-ақ, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, бюджет кірісі – 402,5 млрд теңгеге орындалып, 1,1 пайызға, өзіндік кіріс – 88,1 млрд теңгені құрап, 15,5 пайызға көбейген. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 98,6 пайызға игерілген.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов барлық саладағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, жыл қорытындысы бойынша да даму динамикасын сақтауды жауапты мамандарға мықтап тапсыруда.
Пилоттықжобаныңпайдасымол
Жамбыл облысы аграрлық аймақ болғаннан кейін экономикалық өсімде асыраушы саланың алар орны ерек. Бұл тұрғыда «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының пайдасы орасан. Ал жоба жемісті жанданып жатқан өлке ретінде Қордай ауданын баса айтуға болады. Мәселен елді мекен тұрғындарына 2,5 пайызбен жалпы көлемі 704,1 млн теңге несие берілген. Нәтижесінде 950 аула үй іргесіндегі жерді тиімді игеріп отыр.
Жоба аясында ауылдықтар 4 193 бас мал сатып алса, орташа табыс көлемі 500 мың теңгеден асып, жұмыссыздар саны 2,5 есеге азайған.
– Жобаға дейін округте 131 жеке кәсіпкер тіркелсе, несиелендірудің аясында 381-ге көбейді. 83 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 113 отбасыға азайды, – дейді Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев.
Ауыл әкімі елді мекендегі әр отбасының жағдайынан хабардар болуы тиіс. Мемлекет қолдауларды ауылдықтар сезінуі маңызды. Ол үшін ауыл әкімі барлық жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін өзі жете түсініп, халыққа жеткізуі қажет, – деді Нұржан Нұржігітов.
Асылтұқымдымал шаруашылығыдамыпкеледі
«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дейді дана қазақ. Қазір Жамбылда асылтұқымды қой шаруашылығын дамытып, толағай табысқа кенеліп отырған шаруалар аз емес. Сондай қожалықтың бірі – Меркі ауданындағы «Ниет» шаруа қожалығы. Бұған дейін егін шаруашылығымен айналысып келген қожалық енді асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алған.
Өткен жетіде аталған шаруашылық Ұлытау облысынан 800 бас асылтұқымды Еділбай қойын әкелді. Оның 700 басы тұсақ, 100 басы – тоқты. Барлығы – аналық бас.
– Қой ұсақ мал болғанымен, пайдасы едәуір көп. «Кисең киім, жесең тамақ» болатын қой шаруашылығының берері мол. Мұндағы бар мақсатым – мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын дамыту. Көзін тапқан адамға кәсіп – нәсіп алып келеді, – дейді «Ниет» шаруа қожалығының басшысы Тәуіржан Алтынбаев.
Меркі ауданының тұрғындары бұл іске қуанып, оң көзқарас танытып отыр. Адал еңбекпен айналысқан адам көздеген мақсатына жетеді деген – осы.
Айта кету керек, облыста бүгінгі күні 3,3 млн бас қой болса, ондағы асылтұқымды қойдың үлес салмағы 28,3 пайызды құрайды. Ал, асылтұқымды қой өсірумен 993 шаруашылық айналысса, онда 414 мың бас қой бар.