IQALA – елдегі бірегей жоба
IQALA – елдегі бірегей жоба
895
оқылды
Бүгінде өмір мен өндірістің түрлі са­ласында қолданылатын заманауи цифрлық технологиялар үйреншікті дүниеге айналды. Өйткені ақылды құ­рыл­ғыдан амал артылмайды. Бұл де­геніңіз бюрократиялық кедергілерді болдырмайды, жемқорлықтың жолын жабады. Шығынды азайтып, уақытты үнемдеуде де артықшылығы мол. Өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін цифрландыру жобасы елордада қалай жүзеге асып жатқаны жайлы Астана қа­ласының Цифрландыру және мем­ле­кеттік қызметтер басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбековтен сұрап-білдік. – Цифрландыру жобасының қажеттілігін қаншалықты сезініп үлгердік? – Қазір қарыштап дамып келе жатқан ақ­параттық технология кез келген саланың ілгерілеуі үшін қажет. Сол үшін дамыған ел­дер мен дамушы мемлекеттер қаржысын да, ресурсын да аяп жатқан жоқ. Біз де сан­­дық технологиялардың қоғамға берер ар­тықшылықтарын ескеріп, цифрландыруға ден қоя бастадық. Себебі сандық техноло­гия­­­ларды мемлекеттік органдардың қыз­метіне енгізуден көп нәрсе ұтамыз. Бұл ха­лыққа да тиімді, екінші жағынан мемлекеттік органның өзі үшін ұтымды шешім. Осының арқасында қарапайым тұрғындар қажетті ақпаратқа қол жеткізу үшін сандық тех­но­логияның көмегімен Үкіметпен байланыс ор­натуға мүмкіндік алды. Оның үстіне, ақ­па­ратты алмасу мен сақтауда да алға ба­сарымыз анық. Соңғы үдерістен Астана қаласы да қалыс қалмай келеді. Бұған дейін қалалық деңгейде цифрландыруға қатысты мәселелерді «Ци­фр­лық Қазақстан» ММ, сондай-ақ қаланың «Смарт Ас­тана» тұжырымдамасы реттейтін. Бүгінде құжаттардың қолданылу мерзі­мінің аяқталуына және бірқатар сала бойынша өзектілігіне байланысты жұмыс аяқталды. Ендігі жерде орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдары Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрлігінің 2022 жылғы №227/НҚ 1 шілдедегі бұйрығымен бе­кітілген «ақыл­ды» қалалар құрылысының эталондық стандартына сәйкес жұмыс істеуде. Осыған сәйкес, қаланың урбанизация қарқынын және жа­қын болашақтағы міндеттерді ес­ке­ре отырып, 2022-2024 жылдарға арнал­ған «Тұрақты және цифрлық елорда» тұжырым­дамасы әзірленіп жатыр. – Сандық технология енгізілген салаларда қандай жетістікке қол жеткізе алдық? – Бүгінде жылжымалы құрамның 100 па­йы­зы электронды төлем жүйесімен жаб­дық­талған. Соның арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлеңкелі айналымдағы 40%-ға дейінгі қаражатты алуға мүмкіндік берді. Елорданың көше-жол желісін басқару жүйесін оңтайландыру және кеңейту үшін интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Бұл да тасымалдау жылдамдығын 18%-ға, өткізу қабілетін 40%-ға арттырып, орташа жол жүру уақытын 20%-ға қысқартты. Қазір диспетчерлік жүйеге мыңнан астам автобус қо­сылған. Ол өз кезегінде маршруттардың қоз­ға­лысына, жолаушылар ағынының дина­ми­касына септігін тигізіп, елордадағы мар­шруттық желі тұрақты негізде оңтай­лан­дыруға көшті. Сондай-ақ сандық технология жолдар мен аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етті. Мысалы, қалада бюджет қа­ражаты есебінен жүзеге асырылған жо­балар аясында 30 мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылды. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда қылмыс 73%-ға, қала жолдарында жол-көлік оқиғалары 36%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 50%-ға, жол-көлік оқиғаларынан жа­­ра­­қаттану көрсеткіші 24%-ға төмендеді. Және тіркелген қылмыс саны 78%-ға аза­йып, қылмыстық және әкімшілік істерді ашу екі есеге артқаны байқалған. Бұдан бө­лек, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша операциялық орталық жобасы іске асырылды. Оған Астана қаласы әкім­дігінің ақпараттық-телекоммуни­кациялық инфрақұрылымы, Сергек ҚХА, Iqala, ikomek мониторинг орталығы, «Астана-Innovations» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ, «Ас­тана-Теплотранзит» АҚ, «Астана су арнасы» ЖШС, «CTS», АҚ» Астана-РЭК» се­кілді бар­лық стратегиялық нысан қосылды. Байланыс операторларының бі­рыңғай ин­тернетке қол жеткізу шлю­зі арқылы барлық КВОИКИ иелерін ин­тернетке қосу, бағдар­ламалық қам­тамасыз етудің жаңартылған дерекқорларымен антивирустық қорғау құралдарын жаңарту шаралары қабылданды. – Әлеуметтік мекемелердегі цифрландыру жүйесі тиімділігін көрсете алды ма? – Әлбетте, көрсетіп жатыр. Мысалы, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың арқасында емхана дәлі­зіндегі ұзын-сонар кезек азайды. Қазір әрбір тұрғынға элек­трон­ды денсаулық паспортын жасау мен тол­тыру жұмысы 100%-ы құрайды. Атап айт­­сақ, зертханалық зерттеулердің нәти­желері, элек­тронды рецепттері, еңбекке жа­­ра­м­сыздық парақтары «Дамумед» қосым­шасы арқылы электронды форматта бері­леді. Сізге айтайын, мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 300 мыңнан астам адамға жетті. Яғни, қазір 18-50 жас аралы­ғын­дағы интернет арқылы қызмет алатын белсенді халықтың көрсеткіші 48,6%-ға жет­кен. Қаладағы тегін медициналық кө­мек­тің кепілдік берілген көлемі және мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсетуге келісімшарт жасасқан 118 медициналық ұйымның барлығы 100% МЗРК және «Сақ­тандыру» ақпараттық жүйелерімен бірік­тіріл­ген медициналық ақпараттық жүйе­лерді енгізіп алды. Сонымен қатар жер қатынастарын ци­фр­ландыру және «Астана қаласының геоақ­параттық орталығы» – «Елорданың цифр­лық егізін» іске асыру 801 шаршы шақырым кө­лемінде елор­даның жер телімдері 1 пик­сельге 3 см дәлдікпен цифрланды. Елорда­ның цифрлық рельеф моделі мен цифрлық жер­гілікті моделі толығымен салынды. Осы са­лынған бөлігінің 3D модельдерінің 100%-ы құ­рыл­ды. Қала аумағының 2D картасы мен не­гізгі инженерлік желілері де 100% цифр­лан­ды­рылды. Сондай-ақ жер қаты­настары, сәу­лет және қала құрылысы бойынша 15 мемле­кет­тік қызмет цифрлық форматқа көшірілді. Цифрланған инженер­лік желілер көлемі 16 мың шақы­рымнан асты. Ин­женерлік-геодезия­лық жұмыстар­дың нәтижелері бойынша магистральдық және аулаішілік желілердің 205 мың ұңғы­масы зерттелді. Ендігі жерде геопортал ақ­параттық қауіп­сіздік бойынша аттес­тация­лаудан өткізілуде. – Қоғамда мемлекеттік қызметтерді алу­дың қиындығы аз айтылмайтыны рас. Бұл орайда қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? – Әкімдік 164 мемлекеттік қызмет көр­сетеді. Осы қызметтердің барлы­ғын 100% электронды форматта алуға болады. Қазір біз мемлекеттік қызметтерді көрсетудің биз­нес-процестерін және жасырын мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік органдардың функ­цияларын үнемі анықтап, автоматтан­дырудамыз. Әкімдік мемлекеттік қызмет көр­сетуден туындайтын мемлекеттік орган­дардың функцияларын автоматтандыру бо­йын­ша бөлімдер арасындағы жұмысты бас­тады. Былтыр 850 функцияға талдау жүр­гізіліп, оның ішінен 10 функция таңдалып, авто­маттандырылған. Алдағы уақытта әкім­дікке бағынысты мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыруды жоспар­лап отырмыз. Бұдан басқа, қазір басқарма мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуді кеңінен насихаттау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда. Бұдан кейін тұрғындарға ыңғайлы болу үшін iQala орталығы жұмысын бастады. Онда бір терезе қағидаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық секторды ұйымдастыру бойынша қызметтерді алуға болады. Бұрын қызмет көрсетудің регламенті болмаған. Мәселен, азамат пәтер сатып алғаннан кейін барлық монополистерді аралап, әр­қай­сысымен жеке-жеке келісімшарт жаса­сып, сан мәрте телефон соғып, құжаттары­ның дайындығын біліп отыруы керек бо­ла­тын. Сөйтіп, бұл үрдіс бір айға созылып ке­­те­­тін. Енді қазір iqala.kz сайтында өтініш беріп, 3-5 күн ішінде құжаттарының дайын­дығы туралы sms хабарлама алады. Орта­лық­­тың мүмкіндігі көп. Қызмет алушы ор­та­лық­тың фронт-офисінің операторына ха­бар­ла­сып болмаса https://www.iqala.kz/ сіл­темесі арқылы порталға өз бетінше кіріп, қызмет­терді алуға мүмкіндігі бар. Елордалық iQala жобасы елдегі бірегей жоба болды. Биылдан бастап iQala үлгісімен елдің өзге де аймақтарында «коммуналдық ХҚКО» ашыла бастады. Біздің орталық ашылғаннан бері барлығы 133 қызмет түрі жү­з­еге асты, 450 мыңнан астам қызмет көр­сетілді. – Сандық технология білім беру саласын­да қандай серпін берді? – Қазір қаламыз­дағы 3 IT мектеп бағ­дар­ламалау негіздері, web-мастер, бейнетех­нологиялар, мобильді қо­сымшаларды әзір­леу, мобильді робо­тотех­н­ика, ғылыми-зерт­теу бағыты бойынша білім береді. Оқушылар сарайында мыңнан астам баланы қамтитын әл-Фараби «Таным» креативті технология­лар орталығы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 5 мыңнан астам баланы қамтитын Sana шығармашылық білім беру орта­лығын ашу жоспарлануда. Оған қосым­ша білім берудің техникалық бағыты бойынша мем­ле­кеттік білім беру тапсырысы орналасты­рыл­ды. Сондай-ақ IT кадрларын даярлау бо­йынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйе­сінің білім беру қызметтерін 13 кол­ледж көр­сетеді. Оларда 1 500-ге жуық сту­дент білім беру тапсырысы бойынша оқиды. Тағы бір айта кетерлігі, ата-аналар «Мек­тептегі тамақты қолма-қол ақшасыз төлеу» жобасының арқасында балаларының мектепте қалай тамақтанып жүргенін бақы­лай алады. Бұл өз кезегінде мектептегі та­мақ­тандыру сапасын арттыруға септігін ти­гізді. Сонымен қатар мектеп оқушылары­ның тамағын сатып алу автоматтандырылып, 4,6 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды. Қазір 92 мектеп, 94 балабақша, 8 колледждегі қауіпсіздік мақсатында қойыл­ған цифрлық бейнебақылау 90%-ды құрайды. Атқарылып жатқан жұмыстарымыз әлі де жалғасын табады. Өйткені цифрлан­дыру жүйесі – ұзаққа созылатын процесс. Заман ағымына қарай қоғамның қажеттілігін қанағаттандыру үшін сандық технологияның да әрбір салада атқарар рөлі зор. – Әңгімеңізге рақмет!