Жәрмеңкенің жұмыссыздарға жәрдемі зор
Жәрмеңкенің жұмыссыздарға жәрдемі зор
615
оқылды
Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК ау­мағында кезекті «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Мұндағы мақсат – жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындарына жұмыссыз азаматтарды орналастыру. Дәстүрлі акция – дәнекер науқан Әлеуметтік проблемалардың басы жұмыссыздық екені бел­гілі. Сондықтан Мемлекет бас­шысының өзі де халықты жұ­мыспен қамту және тұрақты табыс табатындардың санын арттыруды міндет етіп қойып отыр. Елорда әкімдігі бұл мә­селені оңтайлы шешудің жо­лын тапқан.
«Біз жәрмеңкені ай сайын өт­кізіп тұруға тырысамыз. Бұл – жыл басынан бергі 9 жәр­меңке. Бұл жолы 55 жұмыс беру­ші түрлі салада 1 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олар – құ­рылыс, өндіріс, сауда, та­мақтандыру, қаржы, сақтандыру, көлік, қойма және тағы басқа­лар. Соның ішінде, мүгедектігі бар адамдарға және кәмелет жасқа толғанша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөс­пірімдерге 7 жұмыс беруші 584 бос жұмыс орнын ұсынған бол­са, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үшін 11 жұмыс беруші 239 бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл ретте, денсаулық сақтау, сауда, құрылыс және өн­діріс саласында мамандар тап­шы­лығы қатты сезіліп отыр. Ең қажет етілетін мамандықтар – тәрбиеші, кассир, фармацевт, слесарь, бухгалтер, архитектор, жобалаушы инженер, көлік жүр­гізуші, сату менеджері, қаржы консультанты, несие менед­жері», – дейді Астана қаласы әкім­дігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің Жұмыс берушілермен өзара байланыс бөлімінің басшысы Бақыт Ракишева.
Осы күні жәрмеңкеге жұмыс іздеп, 2 мыңнан астам адам кел­ген екен. Солардың жартысынан астамы Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба шең­бе­рін­де консультация алған. Бұ­лар­дың барлығы әкімдікте жұ­мыс­сыздар есебінде тұрғандар ғана емес, дәстүрлі түрде өтіп тұ­­ратын акция туралы түрлі ақ­парат көздерінен естіп келіп қа­­ты­сып жатқандар. Жалпы мұн­­дай науқанның дәнекерлік пәрмені уақыт өткен сайын ар­тып келе жатқанын атай кеткен абзал. Жастар сарайы Жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілердің бірі – астаналық Еркін (есімі өзгертіліп алынды) деген азамат мүгедектігіне бай­ла­­нысты тұрақты жұмыстан қи­налып жүр екен. Көлік апа­ты­нан кейін аяғы мертігіп қал­ған ол ұзақ отыра алмайды. Ұзақ жүре алмайтыны да, сірә, тү­сінікті. Сон­дықтан да жұмыс кестесі ың­ғайлы жұмыс іздеп келіпті. Жәрмеңке туралы жақ­сы біледі екен.
 «Талаптанған адамға «екі қолға бір күрек» табылады. Тек денсаулығым жарамай қиналып жүрмін. Көктем кезінде осы жәрмеңкенің арқасында жеткізу қызметімен айналысатын бір фирмаға сәлемдемелерді тір­кеуші болып жұмысқа тұрған едім. Толық жұмыс күні болған­дықтан екі айдан соң онлайн ре­жимге көшіп, үйден жасауға келіскенбіз. Жұмыссыздықта тіркеуде тұрмын. Жеңілдіктері мен жәрдемақыларын алып жатырмын. Таңнан бері әртүрлі жұмыс берушінің талаптарымен танысып, еңбекақысын салыс­тырып жүрмін. 4-5 компанияның өкілдерінен кеңес алдым. Бір компания екі күн істеп, екі күн де­малатын жұмыс ұсынды. Ай­лығы – 165 мың теңге. Уақыт жа­ғынан тиімді екен», – дейді ол.
Жәрмеңкеде бірнеше сала бойынша әртүрлі айлық көлемі белгіленген. Жұмыс уақыты да келушілердің көңілінен шығып жатыр. Мысалы, жекеменшік ком­паниялардың көбінде вах­талық тәсіл бар. Жалақысы 100 мыңнан басталады. Жұмыс істеу қабілетіне байланысты әрі қарай көтеруге де әзір. Сондай-ақ жа­лақы мөлшері жұмыс беруші­нің саласы мен жұмысшылардың тәжірибесіне қарай белгіленген. Жұмыс берушілер жоғары білім­мен ғана шектеліп отырған жоқ. Орта білім алғандарға да әртүрлі жұмыс ұсынып отырғандар бар. Жұмыс берушілер де дән риза Бұған дейін жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК аума­ғында 8 рет жалпы қалалық «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткен екен. Осы алаңды пайда­ланып 460 астаналық жұмыс беру­ші штатын жасақтауға мүм­кіндік алды. Солардың бірі – «Алкон плюс» фирмасы.
«Біздің мекеме металл құрас­тырмаларды шығарумен айна­лысады. Алюминий, пластик материалдардан витраждар, бө­геттер, сөрелер, есік-терезе­лер және тағы да басқа заттар жа­саймыз. Көптеген мемлекет­тік ірі-ірі жобаларға да қатыс­қанбыз. EXPO-да павильондар жасадық. Нарықта жүргенімізге келесі жылы 25 жыл болады. Жұмыспен қамту орталығымен тұрақты түрде байланыстамыз. Бұған дейін де талай жәр­мең­келеріне қатысып жүрміз. Мә­селен, былтырғы акция кезінде көптеген қызметкер таптық. Тіпті, Ресейден келген инже­нерді жұмысқа алуға мүмкіндік туды. Жұмысшы мамандығы бо­йынша жүк тасушы, монтаж­даушы, құрастырушы бірнеше адамды қабылдадық. Біз жұ­мысқа тәжірибесіз адамдарды да аламыз. Оларды өзіміз оқытып, үйретеміз. 250-300 мың теңге көлемінде айлық төлейміз, түскі ас тегін. Қысқы, жазғы арнайы жұмыс киімін, аяқ киімге дейін береміз. Орталықпен жәрмең­ке­ден тыс та ұдайы ынтымақ­тас­тықта жұмыс істеп келеміз. Тіпті пробация есебінде тұрған адам­дарды да жұмысқа қабылдадық. Мүгедектігі бар адамдарды жеңіл жұмыстарға тартамыз. Шетел­діктерді заң бойынша көші-қон қызметі арқылы рә­сімдейміз. Штатымызда тұрақты түрде 250 адам бар, ал жұмыс кө­бейген кезде олардың саны 380 адамға дейін барады», – дейді «Алкон плюс» ЖШС HR менеджері Тоғжан Бауыржан­қызы.
Ал жалпы осыған дейін өт­кен 8 жәрмеңке кезінде жұмыс берушілер 400-ден астам адамды әңгімелесуге шақырған болса, олардың ішінде 260 ізденуші тұрақты жұмысқа қабылданған. Оның сыртында іс-тәжірибеден өтіп жатқандар мен жаңа жұ­мысқа құжаттарын жинастырып жүргендері де бар. Осы реттен алғанда мұндай акцияларды тап­тырмас мүмкіндік деуге болады. Орталық жыл аяғына дейін тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр. Жұмыспен қамту – тұрмысқа қолдау Жалпы елімізде «Халықты жұмыспен қамту орталықтары» аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, Алматы және Астана шаһарларында 2011 жылы құрылған екен. Бүгінде Қа­зақстанда осындай 200 орта­лық бар. Қызметін «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңы негізінде жүзеге асыратын ме­ке­мені құрудағы негізгі мақсат – аза­маттар мен жұмыс беруші­лерге арасында дәнекер болу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу­дің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеу­меттік қорғауды ұйымдастыру. Мұндағы барлық қызметтер те­гін ұсынылады. Орталықтарда ар­найы дайындалған қызмет­керлер жұмыс істейді және бі­рың­ғай жұмыс стандарттары қолданылады. бос жұмыс орны «Бізде барлық сұрақ бойын­ша менеджердің жеке консуль­та­ция­сын алуға бо­лады. Сон­дай-ақ жұмыс беру­шілерден бос жұ­мыс орындарын тіркеудің көп арналы тәртібі қарастырыл­ған. Элек­трондық еңбек бир­жасы бар. Яки Enbek.kz сайты арқылы жұмыс іздеуге немесе қызметкер іздеуге бо­лады. Бұл екі тарапқа да тиімді. Мұнда ең ірі түйіндеме дерек­қорына және бос жұмыс орын­дары дерек­қорына қол жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жұмыс беру­шілерге талап еті­летін дағ­дылар бойынша қыз­меткерлерді кәсіби іріктеу, жұ­мыс іздеу­шілердің жұмыс беру­шілермен кездесуін, соның ішінде жұмыс­пен қамту ор­та­лы­ғында сұхбат­тасуын ұйым­дастыру, жұмыс берушілердің тап­сырыстары бойынша әлеует­­ті жұмыскер­лерге қысқа мер­­зім­ді оқыту курс­тарын ұйым­дас­тыру қыз­ет­терін көр­сетеміз. Уа­­қытша жұ­мыс орын­дарын құру үшін мем­лекеттік субси­диялар бөлу де қарас­тырылған.
 Азаматтарды жұмысқа орна­ластыру мәселесінде жаңа тә­сілдемелер енгіздік. Олар – әр клиентке атаулы қарым-қаты­нас, жұмысқа орналастырудың жеке жоспарын дайындау, Элек­тронды еңбек биржасы арқылы Online режимде халықты жұ­мыспен қамту орталықтарымен түйіндемелерді алмастыру және тағы басқалар», – дейді Астана қа­ласы әкімдігінің «Халықты жұ­­мыспен қамту орталығы» КММ директоры Азамат Байтасов.
Одан өзге «Жұмыспен қамту орталығы» арнайы шараларды жолға қойған. Олар – «Бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастыру, жұмыс берушілер мен азаматтарды еңбек нары­ғындағы жағдай туралы хабардар етіп отыру, оқушылардың түрлі кәсіптер өкілдерімен кездесу­лерін ұйымдастыру, орталық қызметін таныстыра отырып, жұмыс берушілердің мақсатты топтарына арналған роуд-шоу ұйымдастыру және жұмыссыз азаматтарды психологиялық қолдау.