Қаңтардағы бүлік: тоналған көлігінің құнын өтеп берді
Қаңтардағы бүлік: тоналған көлігінің құнын өтеп берді
630
оқылды
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы талай жүрекке жара салғаны жасырын емес. Қара жамылған үй де, жеке мүлкі қирап жапа шеккендер де аз болмады. Сондай тұрғынның бірі – жамбылдық Жолшыбек Сартбаев. Бүлік кезінде оның көлігін бұзақылар тонап, қиратып кеткен. «ВАЗ 515 YFZ 08» маркалы автокөлігін Жолшыбек қарияның сатып алғанына көп те болмаған екен. Жаңа көлігін құқық сала­сында қызмет істейтін ұлы жұмысқа мініп кетіп, бүліктің ертесіне облыс әкімдігі ғима­ратының артынан түгі қалмай тонал­ған күйі тапқан.
– Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауы­лында тұрып жатқандықтан, ұлым көлігімді жұмысқа мініп, барып келетін. Сол күні де көлікті айдап жұмысына кеткен. Ұлым қас қарайғанша оралмаған­дықтан, уайымдай бастадық. Облыс орталығында бүлік болып жатқанын естіп, бара да алмадық. Тек ертесіне көлікті об­лыс әкімдігінің ғима­раты­ның артынан таптық. Төрт дөңгелегін шығарып, ішіндегі дүниелермен қоса бүкіл бөлшектерін алып кетіпті. Содан көліктің шығынын есеп­тетіп, 1 031 000 теңге көле­мінде мемлекеттен төлем алдым, – дейді Жолшыбек.
Негізі, Жолшыбек қарияның өзі де құ­қық саласының ардагері. Әке жолын қуған баласының сол күнгі ерлігін де әке жүрек ерекше толғаныспен еске алады.
– Балам сол кезде Пушкин көшесіндегі полиция бөлімінде жұмыс істейтін. Облыс әкімдігінің ғимаратын қорғауға шақыр­ғанда ол өз көлігімен барып, тұраққа қой­ған екен. Бүлік басталғанда көлігін алып шығуға ұмтылғанымен, өзіне қарсы жүгір­ген жүздеген бұзақыға қарсы тұра алмапты. Жоғары жақтан «әкімдік ғимаратынан кетіңдер» деген бұйрық келгенде бұлар әріптестерімен бірге Қарахан кесенесіне дейін қашып барған. Осы жерде біраз уақыт бой тасалағаннан кейін өздері жұмыс істейтін полиция бөліміне баруға бекінеді. Барса бөлімде тек қыздар ғана қалған екен. Қаракөздеріміз стратегиялық нысан саналатын полиция бөлімін қорғауға бел буып отырғанын көріп, жігіттер оларды қайтаруға тырысады. Содан бір көлікті ұйымдастырып, бүкіл қызды соның ішіне салып жіберген. Ал өздеріне шегіну туралы бұйрық келгенде балам бастаған жігіттер полиция бөліміндегі бүкіл қару-жарақты бір көлікке салып, тығып тастайды. Мұн­дай қадамға олар облыстық Полиция депар­таментінің қару-жарақ қоймасының тоналғанын естігеннен кейін барған. Алайда бәрі басылғаннан кейін қару-жарақты толықтай қайта әкеліп өткізген. Осы ерлігі үшін оларды медальға да ұсынған. Бірақ Қаңтар оқиғасының қасі­ретін таразылаған жоғары жақ бұл ұсы­нысты қолдамады, – дейді қария.
Жолшыбектің ұлы қазір туған ауылы Сарыкемер елді мекенінде қызметін жалғастыруда. Батыр жігіт әлі үйленбеген. Қанды қақтығыстан ұлының аман шық­қанына шүкірлік еткен ата-ана енді оның өз алдына отау құруын тілеп отыр. Төрт қыздан кейінгі жалғыз ұлынан Жолшыбек қария немере сүюді арман­дайды. Иә, Қасіретті қаңтар оқиғасында біз білмейтін осындай оқиға көп. Жолшыбек ақсақал бүліктен кейін ұлының тергелгенін де жасырмай отыр. Абырой болғанда, баласы ақталып шығыпты. Қария ұлына қатысты әділ шешім шыға­рып, тоналған көлігінің құнын өтеп бер­ген Үкіметке алғысын айтып, енді мұндай қасіреттің қайталанбауын тілейді.

Жамбыл облысы