Нью-Йорктің ең қымбат ауданы Манхэттенде 46 қабаттан тұратын Avenir зәулім ғимаратының 100 пәтері тұрғын үй лотереясында (Housing lottery) ойнатылады. Бұл кешенде 192 метр биіктікте екі ғимаратты қосатын ғажайып аспалы көпір болады. Миллиардерлер тұратын кешенде қарапайым тұрғындарға да пәтер беру америкалық әділеттілік саясатын көрсетеді
Лотереяға қатысып, Нью-Йорктен пәтер ұтып алыңыз!
1,807
оқылды

Нью-Йоркте тұрғын үй лотереясы (Housing lottery) деп аталатын қалалық бағдарлама бар. Тұрғын үй лотереясына  тек орташа табысты адамдар ғана қатыса алады.

Тұрғын үй кешендері атақты Манхэттен мен Бруклин аудандарында орналасқан. New Atlas технологиялық жаңалықтар сайтында жарияланған мақалада лотереяда ойнатылатын керемет тұрғын үй кешені туралы жазылған. Aikyn.kz сол мақалаға сілтеме жасап тұрғын үйдің ерекшеліктерін хабарлайды.

Фото Silverstein Properties сайтынан алынды

Жақында мегаполис билігі қаланың ең қымбат ауданында әрқайсысы 46 қабаттан тұратын Avenir зәулім ғимараттың 100 пәтері тұрғын үй лотереясында (Housing lottery) ойнатылатынын жариялаған. Бұл кешенде 192 метр биіктікте екі ғимаратты қосатын аспалы көпір Нью-Йорктегі ерекше архитектуралық шешім болмақшы.

Манхэттендегі керемет жаңа зәулім ғимараттың жобасын Silverstein Properties жылжымайтын мүлікпен айналысатын холдингі Steelman Partners және CetraRuddy архитектуралық компанияларымен бірлесіп әзірлеген.

Жобаға сәйкес биік мұнаралар жалпы подиуммен бекітілген жұқа шыны тіктөртбұрыштар тәрізді болады. Төменгі қабаттарда үлкен казино, ойын-сауық және мейрамхана кешені орналасады, ал мұнаралардың 45-қабатында 1000 орындық концерт залы, 1000 люкс қонақүй бөлмесі болады. Дәл сол 45-қабатта орналасатын Skybridge аспалы көпірі жасыл желекпен қоршалып, қаланың керемет көрінісін ұсынады.

АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамптың да офисі Манхэттенде орналасқан. Мына видеода Трамп офисін Wall Street Journal тілшісіне таныстырады. Видеода орысша субтитр бар.

Steelman Partners компаниясының бас директоры Пол Стилман: «Біз Нью-Йорктегі барлығын қамтитын Avenir кешенін жобалау мүмкіндігін құптаймыз. Біз бүкіл әлем бойынша ойын-сауық орындарын, қонақүйлер мен казиноларды жобаладық.

Әрбір жобада аймақтың ерекшелігі мен мәдени құрылымына сәйкес келетін құндылықтар жасауға назар аударамыз. Бұл орын қаланың көлік жүйелерімен және Javits орталығымен байланысады. Манхэттеннің Қиыр Батыс жағы – бұл тарихқа, өзіндік мінезге, әралуандыққа және мүмкіндіктерге бай орын. Біз бұл жобаға қатысуды асыға күтеміз».

Фото Silverstein Properties сайтынан алынды

Avenir кешені LEED жасыл құрылыс стандарты бойынша жасалады және қайта өңделетін, жаңартылатын құрылыс материалдарының көмегімен салынуы жоспарланған. Тұрғын үй кешенінде энергияны үнемдейтін құрылыс жүйелері болады және электр қуаты тек жасыл энергия көздерінен алынады деп күтілуде.

Әзірге Avenir тұрғын үй кешенінің қашан аяқталатыны туралы мәлімет жоқ, жобаны әзірлеушілер «құрылысты бастауға дайын» екендерін және қала билігінің мақұлдауын күтуде.

Фото Silverstein Properties сайтынан алынды

Жылдың басынан бері Нью-Йорктің әртүрлі бороларында (аудандар осылай аталады) орналасқан 11 тұрғын үй кешені лотерея бағдарламасына енгізілген.

Бағдарламаға қатысқысы келетін қала тұрғынының жылдық табысы $54 000 кем болмауы керек, яғни, айлық жалақысының $4500 жоғары болуы талап етіледі. Тұрғын үй лотереясын ұтып алған тұрғын бір бөлмелі пәтерді жалға алып, айына 1600 доллар төлеп тұра алады.

Нью-Йорк тұрғындарының орташа жалақылары мен олардың төлейтін салықтары туралы қысқаша мәліметтер мынандай. Ресми деректер бойынша 9 млн.-ға жуық адам тұратын әлемнің ең ірі қаржы орталығында орташа жалақы жылына $75 000 екен (айына $6250).

Нью-Йоркте анестезиолог жылына $271 000, хирург $239 000, ортодонт $234 000 жалақы алады. Орташа қаржы менеджері жылына $205 000 табыс табады. Сақшылар мен өрт сөндірушілердың жылдық табысы $70 000 - $73 000 аралығында. Мектептегі мұғалімдердің жалақысы жылына $80 000, такси жүргізушісінің табысы жылына $34 400, шаштараздың табысы $32 740, күзетші $34 400 жалақы алады.

АҚШ-та тұрғындардың жеке табысынан алынатын салық прогрессивтік шкаламен есептеледі. Мысалы, адамның бір жылдық жеке табысы $9 950 дейін болса одан 10% салық алынады, ал табысы жылына $523 601 ауқаттылар жеке табысының 37% салық ретінде төлейді. 

АҚШ билігі бұндай салық саясатын байлардың табысынан көп алып, әлеуметтік әлсіз топтарға бөлуді демократиялық әділетті қоғам тұрғысынан дұрыс санайды.