Ұйқыға кеткен адам өзіне ыңғайлы қалыпты таңдайды. Қырынан немесе шалқасынан жатып ұйықтауға әдеттенеді. Түнгі ұйқы жақсы болуы үшін қалай жатып ұйықтаған дұрыс? Қорылды болдырмаудың жолы қандай? Біздің талдауымыз.
Шалқасынан жатып ұйықтау қауіпті
3,434
оқылды

Ұйқыға кеткен әр адам өзіне ыңғайлы қалыпты таңдайды: кейбіреулер түнде қырынан жатқанды ұнатса, кейбіреулер шалқасынан жатып ұйықтауға әдеттенген. Түнгі ұйқы жақсы болуы үшін қалай жатып ұйықтаған дұрыс деген сұраққа BBC News сайтында жариялаған мақалада жауап беріледі. Ұйықтауға ең ыңғайлы әрі пайдалы қалыпты таңдаудың маңызын Aikyn.kz ағылшындық әріптестердің материалына сүйеніп түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Catherine Delahaye

Түнгі ұйқыға жайғасқан адам қалай жатқанын және қандай қалыпта оянғанын ғана есінде сақтауы мүмкін. Зерттеуші ғалымдар ұйықтап жатқан адамның түні бойғы қозғалысын видеоға түсіру немесе олардың қозғалысын бақылайтын құрылғыларды кигізу арқылы адамға ыңғайлы ұйықтау қалпын анықтаған. Мысалы, Гонконгта зерттеушілер қалың көрпеге оранған адамның ұйықтау кейпін анықтай алатын инфрақызыл тереңдік камераларын қолданған.

Даниялық зерттеушілер еріктілердің жамбастарына, арқасының жоғары жағына және иықтарына бекітілген шағын қозғалыс сенсорларын олардың қолайлы ұйықтау жағдайын анықтау үшін пайдаланған.

Осындай зерттеулердің нәтижесінде түнгі ұйқыға кеткен адамдар уақытының жартысынан астамын қырынан, шамамен 38%-ы шалқасынан жатып және 7% етбетінен жатып өткізетіні анықталған. Жасы келген адамдар қырынан жатуға бейім болады екен.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Christopher Bernard

Қырынан жатып ұйықтау адамның жасы ұлғайған сайын көбірек болса, үш жастан асқан бүлдіршіндер қырынан, шалқасынан және етбетінен бірдей уақыт ұйықтайтыны белгілі болды. Ал, нәрестелер көбінесе шалқасынан жатып ұйықтайды, өйткені қауіпсіздік мақсатында оларды бесікке осындай қалыпта жатқызады.

Зерттеулер адамдар оң қырынан жатып ұйықтайтындар сол қырымен жататындарға қарағанда ұйқысы қанатынын анықтаған. Ал, сүңгуір қайықтағы теңізшілердің кереуеттер тым тар болғандықтан олар тек шалқасынан жатып ұйықтауға дағдыланады екен.

Тағы бір зерттеуде сауда кемелерінің теңізшілері шалқасынан жатып ұйықтайтындықтан олардың арасында қорылдау сияқты тыныс алу жүйелеріндегі ауытқулар жиі кездескен. Қорылдау ұйқы кезіндегі апноэмен байланысты.

Апноэ – адам ұйықтап жатқанда қысқа уақытқа тынысы тоқтап қалатын тыныс алудың бұзылуы. Мұндай ауытқулар үнемі шалқасынан жатып ұйықтайтын адамдарда жиі кездеседі.

Ал, қырынан жатып ұйықтағанда жоғарғы тыныс жолдары ашық болады және тілдің көмейін жауып қалудан сақтап, қорылды азайтады. Кейбір жағдайларда қырынан ұйықтау апноэны болдырмаудың бірден-бір жолы деп айтылады. Төмендегі видеода апноэның себептері мен алдын-алу жолдары көрсетіледі:

 

 

Aesthetic Surgery журналында эстетикалық хирургтер бет терісінің серпімділігін сақтауда ұйықтап жатқанда бетке күш түсірмеу керектігін жазған. Яғни, бетті жастыққа батырып ұйықтау дұрыс емес екен. Ал, егер адамның асқазанында қыжыл болса, сол жақ қырынан ұйықтау көмектеседі.

Португалиядағы фитнес бағдарламасына қатысатын егде жастағы ересектердің қатысуымен жүргізілген зерттеуде белі ауыратын адамдарға бір қырынан, мойны ауыратындарға шалқасынан жатып ұйықтауға кеңес берілген. Төрт аптадан кейін қатысушылардың 90%-ы ауырсынуының жақсарғанын байқаған. 

Бұл айтылғандардан қандай қорытынды жасауға болады? Ұйықтаудың қалыптары адамның жеке физиологиялық ерекшеліктері мен денсаулық жағдайына байланысты екенін ұмытпау керек. Сондықтан түнгі ұйқының пайдалы болуы үшін адам өзіне ыңғайлы жағдайды тауып алғаны дұрыс. Бұл оған ең жақсы ұйықтау тәсілі болуы мүмкін.