Бүгінде «AMANAT» партиясы мүшелерінің саны 800 мыңға жуық адамды құрайтын еліміздегі ірі саяси ұйымға айналып отыр. Республика бойынша партияның 235 филиалы бар.
Ержан Жылқыбаев: Бастауыш ұйымдар мықты болса, партия да мықты
4,587
оқылды

Оның ішінде 20-сы облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, 206-сы аудан-қалаларда, 9-ы ірі бастауыш партия ұйымдарының базаларында құрылған. Партия дегеніміз – ең бірінші кезекте оның 4 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы. Халық арасында күнделікті ұсыныс-тілектерін тыңдап, мұң-мұқтажын біліп, тығыз жұмыс жүргізетіндер осы – қатардағы белсенді партияластар. Осы орайда өңірлердің тынысын білмекке «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сондай-ақ партиялық қадағалау жүйесінің қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар барысы туралы да әңгіме өрбіттік.

– Ержан Жұматұлы, 2023 жыл партия үшін жемісті кезең болды десек, артық айт­­қандық емес. Мұнда, әсіресе ба­с­­та­уыш ұйымдардың да рөлі зор болды. Өзі­ңіз республика бойынша қай оқиғ­а­ларды атап өтіп, қай өңірлерді ерекше бағалар едіңіз?

– «AMANAT» партиясы жаңаша си­патта жұмысын жүргізгеннен бері ел өмірінің қай саласында да түрлі мәселеге қозғау салған қоғамдық күшке айналып келеді. Оның саяси аренадағы жұмысы көптің көз алдында. Ал өңірлерге тән әлеуметтік-экономикалық мәселелерге араласудағы орасан зор жұмыстар ауқы­мы сырт көзден таса болып қалып жат­қа­ны рас. Ендеше осы жұмыстардың бел ортасында жүрген бастауыш ұйым­дар мен ұяшықтардың жұмысын жоғары бағалай кеткен жөн. Өйткені көзге кө­рін­бейтін, бірақ ел тынысымен бірге бұрқ-сарқ қайнап жатқан орасан зор шаруаларды атқаратындар – біздің өңір­лердегі әріптестеріміз. Олардың ара­сында қоғам белсенділерімен қатар мәслихат депутаттары да бар. Оларды да ерекше атап өткен абзал.

Осы ретте партияның жұмысын сөз еткенде, ең бірінші назарды ішкі құры­лымдық-ұйымдастыру жұмыста­рына аударта кеткім келеді. Өйткені биылғы жыл жаңғырудың жалғасы тиянағын тапқан жыл болды. Сол оқиғалардың ең маңыздысы – тамыз-қыркүйек айла­рын­­да барлық өңірде өткен есептік-сай­лау науқандары. Соның нәтижесінде БПҰ төрағаларының құрамы 49%-ға жаңарды. Ол дегеніміз – 1 909 адам. Олардың қатарындағы әйелдер саны 50%-ды, жастар үлесі 19,4%-ды құрады. БПҰ-ның әрбір оныншы төрағасы мәслихат депутаты. 

Ал партия филиалдарының саяси кеңестеріне 3 917 адам сайланды. Осы­­лайша, бұл қызмет құрамы 55%-ға жаңар­ды, әйелдер өкілдігі 37,2%-ды, жас­­тардың үлесі 20%-ды құрады. Осы тұста атай кетер маңызды жайт – ау­мақтық партия филиалдарының саяси кеңестерінде мемлекеттік қызметкерлер саны 2 еседен астам, аймақтық филиал кеңестерінде 10 еседен астам қысқарды. Мәслихат депутаттары – 1 735 адам.

Енді БПҰ-ларға қатысты кейстерге келсем, бастауыш партия ұйымдары 20% нысаналы трансферттерді «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Арда­гер­лерді ардақтайық» атты тағы да басқа партиялық жобалар аясында әртүрлі іс-шара өткізуге қолданады. Мәселен, «Бақытты отбасы» шеңберінде жыл са­йын «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. 2023 жылы 27,2 мың отбасындағы 44,6 мың балаға көмек көрсетілді.

Нақты өңірлер бойынша да мақта­нышпен айтар ізгі іс көп. Соның ішінде Астана қаласында «Меридиан» бас­та­уыш партия ұйымының төрағасы Роман Шалуткин және БПҰ мүшелері балалар үйіне спорт ғимаратын салып берді. Ал «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Алматы қаласындағы «Алмалы аудандық филиалы» бастауыш ұйымы «Күн Бала», «Луч света», «Кең жүрек», «Жас жауын­гер» атты қоғамдық қорларға ерекше балалар мен олардың ата-аналарына ар­налған «Көңілді старт» спорттық ша­ра­сын ұйымдастыруға көмектесті.

Бастауыш партия ұйымдары, сондай-ақ кәсіби мере­ке­­­­лер­мен құттықтауға арналған іс-шаралар өткізіп отырады. Мысалы, Те­міртау қаласында «Емхана №1», «Емхана №4» бастауыш партия ұйымдары Меди­цина қызметкерлері күніне орай партия­ның белсенді мүшелеріне алғы­с­хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. 

Бұған қоса, бастауыш партия ұйым­дары жергілікті жердегі жүйелі мәсе­лелерді шешуге де атсалысады. Түр­кістан облысы Арыс қаласында «Байыр­құм» бастауыш партия ұйымы Жиделі ауылындағы орталық көшені жарықтандыру мәселесін шешуге бел­сенді қатысты. Бұл мәселені БПҰ-ның көшпелі қоғамдық кеңесі барысында ауыл тұрғыны көтерген болатын.

Ұлытау облысы Жезқазған қа­ласында «Кәсіпкер» бастауыш партия ұйымының мұрындық болуымен бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға келген 150-ге тарта адамға 200-ден аса бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке қорытындысында нақты 36 адам жұмыс берушіден ұсыныс алды. Тізбелей берсем, мұндай жұмыстар қа­тары өте көп.

– Партия өз жұмысында сайлауалды бағдарламаның өңірлік Жол карталарын басшылыққа алатыны белгілі. Уәделердің орындалу барысы қалай? Соның ішінде партиялық қадағалауға ерекше орын берілгенін білеміз.

– Биыл сайлауалды бағдарламаның өңірлік Жол карталарының 1 226 тар­мағы орындалды. Осы ретте бөлінген қаржының уақытында және мақсатты игерілуіне баса көңіл аударылып, іс-ша­раларды орындауға мониторинг пен тұ­рақты бақылау күшейтілді. Мәселен, жыл басынан бері орындауға жауапты қала және аудан әкімдерінің, ал жыл соңында облыс әкімдерінің есебі тың­­далды. 4 желтоқсаннан бастап аймақтың барлық деңгейдегі партиялық бақылау ко­миссияларының төрағаларын тыңдау басталды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Орындалған жұмыстарға келсек, Жол картасы аясында әлеуметтік маңы­зы бар 253 нысан пайдалануға берілді. Олар – 64 мектеп, 11 аурухана, 68 ФАБ, 18 мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 92 дене шынықтыру-сауықтыру орта­лығы. 404 нысанға, яки 260 мектеп пен 144 мәдениет үйі мен клубтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бө­лек, 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй, 1,2 мың шақырым автомобиль жолдары салынды, 92 сумен жабдықтау нысаны іске қосылды. 199 инвестициялық жоба жүзеге асып, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. «Дипломмен – ауыл­ға!» жобасы аясында 3,1 мың жас маман жұмысқа орналастырылса, «Ке­дергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобалары аясында 13,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, 3,8 мың әлеуметтік және көлік инфрақұ­­рылым­дық нысандар бейімделді, 11 отбасын қолдау орталығы ашылды. 

Сонымен қатар қазір 1 450-ге жуық партия мүшесін біріктіретін 665 пар­­тиялық бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Олар құрылыс нысандарына бақылау жасайды. Бастапқыда 1 149 бекет ұйым­дастырылған болатын. Олардың 484-і жабылды, өйткені олар бақылайтын құрылыс нысандары пайдалануға бері­ліп қойған.

Одан бөлек, азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанар-жағармай бағасының өзге­руін бақылауды қоса алғанда, халықтың мәселелерін жедел шешу үшін ден қоя­тын 216 мониторинг тобы жұмыс жүр­­­­гі­зуде. Олар 17 мыңнан астам нысанда, атап айтқанда 8 мыңнан астам дүкен, сау­да нүктесі мен орталықты, 3 500-ден астам дәріхана, 3 200-ден астам жанар-жағармай құю бекеті және 2 400-ден ас­там тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық нысандарында 8 мыңнан астам рейд жүргізді. Соның барасында 640 заңбұзушылық анықталды.

Осы тұста республикалық сай­­лауалды штаб хаттамасының тапсырмаларын орындау бары­сына да тоқталмай кетуге бол­майды. Онда 153 тапсырма берілген, оның 80-і, яки 52%-ы орындалды. Орын­­далған іс-шаралар қатарында: Атырау облысының Құлсары қаласын­­дағы ескі және апатты үйлердің тұр­ғындары 60 пәтерге көшірілді, Қостанай облысында 38 шақырымдық «Арқалық – Державинск» автомобиль жолы жөн­делді, Түркістан облысының Кентау қа­ласында Жылу энергоорталығының 8 қазандығына және 14,5 шақырым магистралды желілерге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді және тағы да басқа шаруалар бар.

– Жаңа бір сөзіңізде депуттардың жұмысын ерекше бағалай кету керек деп қалдыңыз? Оларды бөлек қарастырып көрсек.

– Мұнда да атқарылған жұмыс өте көп. Мәселен, Астана қаласы мәслиха­тының депутаты, «AMANAT» партиясы Алматы аудандық филиалының төраға­сы Азамат Айтхожин тұрғын үй алап­тарын газдандыру мәселесін шешуге үлес қосты. «ҚазТранс­ГазАймақпен» бірлесіп тұтынушыларға газды жеңіл­дікті тарифтер бойынша қосу үшін мер­дігер ұйымдарды тартты.

Алматы қаласы мәслихатының де­путаты, Qazaq Stroy Properties ЖШС директоры Болат Ибрагимұлы Наурыз­­бай ауданының қарт тұрғындарын белсенді өмір салтына тарту мақсатында өз қаражаты есебінен SENIM демалыс және ұзақ өмір сүру орталығын салды. Орталық екі қабатты жеке ғимараттан тұрады, жалпы ауданы – 800 шаршы метр. Бүгінде орталықта 160 қатысушы бар, олармен түрлі бағыт бойынша 20 маман жұмыс істейді.

Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Байдалы-2» ЖШС дирек­торы Марат Оразалин бес баласы бар көп­балалы Попивчак отбасына үй са­лып, кілтін табыс етті. Одан бөлек, көп­балалы отбасыларға ар­налған тағы екі үй салуды бастады. Сан­дық­тау ауда­ны­ның Веселое ауы­лын­да 2022 жы­лы осы де­путаттың бас­та­ма­сымен және қа­ра­жаты есебінен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауын­гер­лердің құрметіне Жеңіс паркі мен мо­нумент ашылды, оған 35 млн теңге жұмсалды. Одан бө­лек, осы елді мекеннің әлеуметтік ма­ңызы бар объектілері – мектептер, ем­ханалар, пошта, балабақша үшін био­отынға арналған қазандық салып берді. Мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. Сол сияқты Ақтау қала­лық мәслихатының депутаты, «АБН Сер­вис групп» ЖШС директоры Дүйсен Адам­бергенұлы «Өркен» тұрғын үй ке­шеніндегі 88 пәтердің тұрғындарын газбен қамта­­масыз ету мәселесін шешуге ықпал етті. Ал Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының депутаты, ау­дандық жарықтандыру мекемесінің директоры Алтынбек Жәмішжанов Үл­гілі ауылында балаларға арналған шағын футбол алаңын салуға 9 млн теңгеге, Байзақ ауданында көпбалалы және толық емес отбасыларға арналған 3 үй сатып алуға 20 млн теңгеге демеу­шілік көмек көрсетті. Семей қаласы мәс­­лихатының депутаты, Gold KING ЖШС директоры Андрей Алтайбаев болса Семей қаласы бойынша 4 спорт залын ашты. Онда «Кедергісіз келешек» пар­тиялық жобасы аясында ерекше қа­­жет­тіліктері бар адамдар үшін спорт­пен шұғылдануға жағдай жасалған. Қа­зір 100-ден астам ерекше қажеттілігі бар адамдар мен параспортшылар тегін барып жүр.

– Депутаттарға ерекше тоқталып отырсыз. Олардың жұмысын ұйымдас­тыратын партия фракциясы емес пе?

– Иә, барлық деңгейдегі мәсли­хат­тардағы партия фракцияларының да жұмысы бір төбе. Естеріңізде болса, биыл маусым айында «AMANAT» пар­тия­сынан сайланған мәслихат депутат­тары­ның бірінші республикалық фору­мы өткен болатын. Оған мәсли­хаттардың 2,5 мың депутаты қатысты. Депутаттар­дан келіп түскен 500 сұраққа орталық мемле­кеттік органдардан жазбаша жауап­тар жолданды.

Желтоқсан айының соңына дейін мәслихат депутаттарының өңірлік фо­румдары өткізілетін болады. Мұндай жиындар жергілікті проблемаларды шешу, Жол картасын іске асыру аясында де­путат­­тық корпус пен мемлекеттік ор­гандардың өзара іс-қимылын кеңейту, тәжірибе алмасу, депутаттардың құзы­реттерін күшейту бойынша қала мен аудан мәслихаттары депутаттарының об­лыс әкімдерімен «тікелей диалог» алаңына айналып отыр.

Желтоқсан айының бірінші жұлдызына дейін барлығы 800-ге жуық фракция оты­рысы өткізілді, оның нәтижелері бо­йын­­ша жергілікті атқарушы органдарға 3,2 мың ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ заң шы­ғару қызметіне қатысу үшін депутат­тар пу­лы құрылғанын да атай кеткім келеді. Оған барлық деңгейдегі 873 де­путат еніп отыр.

– Орындалып жатқан істер туралы көп мысал айттыңыз. Ал орындалмай қалған жұмыстар бар ма? 

– 2023 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша өңірлерге инспек­торлық сапарлар ұйымдасты­рылып, партия филиалдарын тыңдау өткізілді. Соның соңғысы 18 қыркүйек пен 31 қазан аралығында өтті. Барысын­да партияның 84 қалалық және аудан­дық, 20 облыстық филиалдарының қызметіне тексеру жүргізілді. Алғаш рет пар­тия филиалдарының басшыларын тыңдау практикасы енгізіліп, 20 қазан мен 30 қараша аралығында 211 филиал басшысы тыңдалды. Нәтижесінде, жер­гілікті жерде партиялық бағдарла­маларды орындау көрсеткіштерінің төмендігі, фракциядағы мәслихат де­путаттары жұмысының әлсіреуі, сай­лаушылардың талап-тілектерінің орын­далуына формальды қарау, партия мү­шелері мен жарна жоспарының уақытылы орындалмау деректері белгілі болды. Жұмыстың бірнеше бағыты бойынша көрсеткіштердің төмендеуі байқалған филиалдар анықталды. Осы­ған байланысты филиал басшыларына партиялық тәртіптік шара қолданылды.

– Қаржының уақытында және мақ­сатты игерілуіне баса көңіл бөлініп, іс-шараларды орындауға мониторинг пен тұрақты бақылау күшейтілді дедіңіз. Ол қандай жұмыстар?

– Партия қызметінің тиімділігін көр­сететін маңызды көрсеткіш – пар­тияның сайлауалды бағдарлама­сының орындалуы. Өйткені ол сайлау­шы­лардың өтініш-тілек, аманатынан тұра­ды. Осыған орай «AMANAT» пар­тиясы жанынан Партиялық бақылау комитеті (ПБК) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республи­калық кеңес (СЖҚІРК) құрылған. Биыл біз ПБК-нің сегіз отырысын және СЖҚІРК-нің бес отырысын өткіздік. Бұл жиындарда қоқыс полигондары, қалдықтарды өңдеу зауыттарын салу сынды экологиялық жобалар, су тас­­қынына дайындық, жылу электр орта­лықтарын газға көшіру, ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерді суб­­­­­­­­­­­си­­­диялау мәселелері қаралды. Соның ішінде Арқалық жылу электр орта­­лығының жылыту маусымына дайын­дығын қамтамасыз ету, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы мен Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері бар. Жалпы білім беретін мектептерді салу және жөндеу бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша да халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жетілдіру, аза­мат­тардың өтініштерін қарау жайы көтерілді.

ПКБ отырыстарының қоры­­тын­­ды­лары бойынша әртүрлі партиялық және мемлекеттік органға 180-нен астам ұсы­ныс берілді. Партиялық жауапкер­­ші­лікке 43 партия мүшесі – орталық мем­лекеттік және жергілікті атқарушы ор­­ган­дардың басшылары тартылды. Олар – облыс әкімінің орынбасарлары, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі, аудан және қала әкімдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, әкімдіктер мен министр­ліктердің департаменттері мен басқар­маларының басшылары. Тарқатып айтар болсақ, ПКБ-ның партияның тек қоғамдық қабылдау бөлмелерінде аза­­маттардың өтініштерін қарау мәселесі бойынша өткен отырыстары қорытын­дысы бойынша ғана аудан-қалалардың 18 әкімі мен мәслихаттардың 8 депутаты партиялық жауапкершілікке тартылды.

Ал СЖҚІРК-нің жұмысына келетін болсақ, жыл басынан бері оның 5 оты­рысы, оның ішінде 3 көшпелі отырысы өткізілді: Теміртау, Атырау және Орал қалаларында. Онда Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жұмыс және партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдар­ламасын жүзеге асыру барысы талқы­ланды. Астана, Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында және азаматтық авиация саласындағы сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шара­лары қаралды. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі респуб­лика­лық кеңес мәжілістерінің қорытындысы бойынша әртүрлі партиялық және мемлекеттік органға 65-тен астам ұсы­ныс берілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ