NASA ғарыш стансасына Starliner жаңа кемесін жібермекші. Екі америкалық астронавт ұшуға дайын. Бірақ кемеде ақау табылып, ұшырылу жұмаға дейін шегерілді.
Қазақстан Байқоңырды Илон Маскпен бірлесіп пайдалана ма?
Ресейге 115 млн долларға жалға бергенше Байқоңырды Илон Маскпен бірлесіп бірнеше миллиард табыс табуға бола ма?! Фото: Britta Pedersen / DPA
2,841
оқылды

Жаңа кеменің ғарышқа дайындығы туралы BBC News басылымы хабарлама жасады. Boeing компаниясы жасаған жаңа ғарыш кемесінің техникалық сипаттамасы мен жаңашылдығымен Aikyn.kz британдық басылымға сілтеме жасап таныстырады.

2024 жыл 4 мамыр. Канаверал мүйісіндегі 41 ғарыштық ұшыру кешеніндегі Boeing Starliner капсуласы Atlas V зымыранына орнатылды. Фото CNN сайтынан алынды. Авторлығы: Terry Renna/AP

Starliner ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) екі адамнан тұратын экипажбен алғашқы сынақ рейсін жасамақ. Starliner өзінің алғашқы экипажбен болатын сынағына Флоридадағы Канаверал мүйісінен ұшады. NASA-ның екі астронавты жаңа ғарыш кемесімен сапарға дайын. Бірақ техникалық ақауға байланысты ұшырылу жұмаға ауыстырылды.

Жаңа кемені Boeing компаниясы жасаған. Құрылысы 1998 жылы басталған ғарыш кемесін әзірлеудегі сәтсіздіктерге байланысты оның ұшырылуы ұзаққа созылды.

Осы жолы ұшырылу сәтті болса, Starliner кемесі Илон Масктың Crew Dragon кемелерімен қатар ХҒС-қа экипаждар тасымалдауға және кері қайтаруға қабілетті екінші жеке компания болады.

Илон Масктың Crew Dragon ғарыш кемесі. Коллаж Ridus.ru сайтынан алынды. Авторы: Вениамин Ветролесов

Егер бұрын NASA ғарыш агенттігі ғарыш аппараттарын өзі жасаса, енді ғарышқа тасымалдау қызметтерін коммерциялық сектордан сатып алмақшы.

Жаңа кемені жоспарлы ұшыру дүйсенбі күні, 6 мамыр жергілікті уақыт бойынша сағат  22:34-ке (Астана уақыты бойынша сейсенбі күнгі, 7 мамыр сағат 10:34) белгіленген. Бірақ ұшырылуды Boeing кейінге шегерді. «Бұл Boeing үшін өте маңызды күн. Компания ғарыш кемесімен ұзақ уақыт жұмыс істеді, сондықтан олар сынақ ұшуларында бірнеше қиындықтарға тап болды», – деп түсіндірді Ашық университеттің ғарыштанушы ғалымы, доктор Симеон Барбер.

Starliner кемесінің құрылымы оңтайлы жасалған. Фото NASA сайтынан алынды. Авторлығы: Boeing

Бастапқыда Starliner экипажсыз алғашқы сынақ рейсін 2015 жылы жасайды деп жоспарланған болатын, бірақ ол 2019 жылға ауыстырылды. Сол жылғы сынақта бағдарламалық жасақтамадағы ақаулардың салдарынан жанармай көп жұмсалып, капсула ғарыш стансасына жете алмай қалды. Екінші әрекет 2021 жылдың тамыз айына жоспарланып, қозғалтқыш жүйесінде ақаулықтар табылған соң 2022 жылдың мамырына шегерілді.

Бұл жолы Starliner ақыры Жерден көтеріліп, өз миссиясын толық орындай алды. Бірақ кейінірек кеме қозғалтқыштары мен салқындату жүйесінің жұмысында кемшіліктер анықталды. Осы қателерді және сымдар мен парашют қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді түзетуге тағы екі жыл керек болды. 

Үшінші әрекет экипажбен жоспарланды. NASA мен Boeing барлық ақаулар түзетілгеніне сенімді болмаса және ғарышкерлердің өміріне қауіп төнсе, бұл сапарға рұқсат бермес еді. Сондықтан 6 мамырда ғарыш аппаратында табылған ақау белгілері байқалып, ұшыру тоқтатылды.

NASA астронавтары Суни Уильямс (сол жақта) және Батч Уилмор. Фото CNN сайтынан алынды. Авторлығы: Terry Renna/AP

Ұшу алдындағы баспасөз мәслихатында Әскери-теңіз күштерінің базасында дайындалған астронавтарға сәтсіздіктер ұшу сапарын олардың отбасы мен достары үшін «қорқынышты» ететіні айтылды. Экипаж мүшесі Барри «Бутч» Уилмор әртүрлі техникалық ақауларды «сәтсіздіктер» деп бағалаған дұрыс еместігін айтты.

«Біз ақауларды түзету алға жасалған қадамдар деп атар едік. Біз кемшілікті тауып, оны түзетеміз және оны отбасыларымызға түсіндірдік», – деген астронавт.

Ал ғарыш кемесін басқаратын Сунита «Суни» Уильямс: «Біз бәріміз осындамыз, өйткені бәріміз дайынбыз. Біздің достарымыз бен отбасымыз бұл туралы естіді. Біз олармен бұл туралы сөйлестік және олар біздің дайын екенімізге қуанышты және мақтан тұтады», – деп толықтырған әріптесін.

Starliner ғарышкерлерді Айға апарған Apollo капсуласына қарағанда кеңірек. Фото NASA сайтынан алынды. Авторлығы: Boeing

NASA SpaceX және Boeing ғарыш кемелері ескі тасығыш кемелерді ауыстыратынын жариялаған кезде, олармен бірдей келісімшарт жасап, олардың жаңа капсулалары пайдалануға берілген соң алты операциялық миссиясы үшін ақы төлейтін болды.

SpaceX келісімшартының құны 2,6 миллиард долларды құраса, Boeing 4,2 миллиард доллар алды. SpaceX 2020 жылы өз экипажын сынауға мүмкіндік алды. Бұл Boeing төрт жыл артта қалды дегенді білдіреді. Жағдайды түзету үшін компания  қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр болды.

Доктор Барбердің айтуынша, SpaceX және басқа стартаптар технологияны дамытуға жаңа көзқараспен қарайды, бұл инновациялардың көп болуына әкелді.

«Сізде бұрыннан бар және белгілі бір жолмен жұмыс істейтін дәстүрлі ғарыш компаниясы (Boeing) бар және сізде басқаша әрекет ететін жаңа ғарыш компаниясы бар: құрастыру, сынау, жою, үйрену және оны қайта жасау. Сондықтан олардың даму циклі өте жылдам», – деген ол BBC News-ке берген сұхбатында.

Starliner капсуласының іші қазақтың киіз үйіндей кең, 10 ғарышкер еркін сияды. Фото NBC News сайтынан алынды. Авторы: John Makely

Boeing компаниясының коммерциялық экипаж бағдарламасының менеджері Марк Наппи журналистерге баспасөз мәслихатында сынақ ұшулары кезінде ақауларды табу жаңа ғарыш кемесін әзірлеу процесінің қалыпты бөлігі екенін айтады:

«Жобалау мен дамуда өсу мен құлдыраулар үнемі болады, бірақ жалпы тенденция әрқашан жоғары. Міне, бүгінгі күнге жеттік. Негізінде, біз осы биік шыңның басында тұрмыз».

Ұлыбритания ғарыш агенттігінің ғарышты зерттеу бөлімінің басшысы Либби Джексонның айтуынша, Boeing ғарыш кемелерін ұшыра бастау SpaceX-пен бәсекелестікті білдіреді, бұл шығындарды азайтуады.

«Бұл тек NASA үшін ғана емес, сонымен қатар Ұлыбританияның ғарыш агенттігі сияқты басқа агенттіктер үшін де өте маңызды, өйткені біз салық төлеушілердің ақшасын ғарышкерлерімізді ХҒС-қа апару үшін жұмсаймыз және біз жоғары сапаны ең төменгі құнымен сатып алғымыз келеді», – дейді ол.

Starliner ғарышкерлерді Айға апаратын Apollo капсуласына қарағанда кеңірек. Капсуланың биіктігі 5 метр, ені 4,6 метр және оған жеті ғарышкер сыяды. Дегенмен онымен тек төртеуін ұшыру жоспарлануда. Капсуланы бірнеше рет пайдалануға болады, ол ғарышқа 10 рет ұшуға жарайды.

Бұл жолы ХҒС-қа сапар кезінде экипаж ұшу орындарын тексереді, борттағы тіршілікті қамтамасыз ету және навигация жүйелері мен жүк жеткізу жүйесін бағалайды.

Астронавтар  сондай-ақ мүлдем жаңа скафандрларды сынақтан өткізеді. Уилмор мен Уильямс Boeing-тің көк скафандрымен ұшады. Ол америкалық астронавтар киетін ескі скафандрдан 40%-ға жеңіл және ыңғайлы, жұмсақ. Астронавтар ғарыш кемесінде планшеттерді басқара алатындай сенсорлық экранға сезімтал қолғаптар киеді.

Starliner Жерге оралмас бұрын шамамен 10 күн бойы ХҒС-пен түйістіріліп бірге сапарлайды. 

Бұрынғы америкалық кемелерден айырмашылығы – сапар аяқталған соң Starliner АҚШ-тың оңтүстік-батысына қонады. Жылу қалқаны мен парашюттер жерге қонуды жұмсарту үшін қауіпсіздік жастықтары ашылмай тұрып жылдамдықты азайтып, қонуды жұмсартады.

Астронавтар мүлдем жаңа скафандрларды сынақтан өткізеді. Уилмор мен Уильямс Boeing-тің көк скафандрымен ұшады. Фото NASA сайтынан алынды. Авторлығы: Boeing

Егер бәрі жоспарға сай болса, Starliner экипаждың ХҒС-қа тұрақты ұшуы үшін сертификат алады. Келесі жылдың басына жоспарланған келесі ұшырылымда кеме төрт ғарышкер мен ХҒС-қа жабдықтар мен керек-жарақтар тасымалдайтын болады.

АҚШ-тың Quilty консалтингтік компаниясының қызметкері Калеб Генридің айтуынша, Starliner-ді ұшыру ғарыштық ұшу тарихындағы маңызды сәт болмақшы: «Біз қазір ғарышты зерттеудің жаңа дәуіріне аяқ басып жатырмыз. Бір қызығы, жеке сектор рөлінің артып келеді. Ол ғарышқа ұшу жиілігін арттырады, жаңа мүмкіндіктер тудырады».

Ғарышты игеруге әлемдік державалар өздерінің коммерциялық компанияларын да тарта бастады. Жердің айналасындағы кеңістікте ғана емес олар айда колониялар салу, Марсты игеру сияқты өршіл жобаларды іске асыруда. 

Қазақстан өзінің Байқоңыр ғарыш айлағының әлеуетін оңтайлы пайдалану арқылы үлкен әлемдік ғарыш бағдарламаларына қосыла алмай келеді. Бұл да бар мүмкіндіктен барынша мол табыс табудың жолдарын таба алмағанымыздан болар.

Ресейге жылына бар-жоғы 115 млн долларға жалға бергенше Байқоңырды Илон Маскпен бірлесіп пайдалану жолын іздеуге болар ма еді?!