Елдос Сметов араға тоғыз жыл салып Астана төрінде күресті. Иә, талантты дзюдошы «Олимпиада алтынын алмай қоймаймын» деп отыр. Демек, 60 келі салмақтағы тартыс одан сайын қыза түседі.
Елдос Сметов, дзюдодан екі дүркін Олимпиада жүлдегері: Жолдамаға лайық болмасам, әуелде-ақ бас тартар едім
3,756
оқылды

Өйткені Нұрқанат Серікбаев пен Мағжан Шамшадин де оңай шағылар жаңғақ емесін дәлелдеп жүр. Десе де, бұл шайқастың нәтижесі Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатынан кейін белгілі болмақ. Ал оған дейін 10-12 мамыр күндері елордадағы «Үлкен дулыға» бәсекесі күтіп тұр. Бәйге алдында ел мақтанышымен сұхбаттастық. 

– Төрткүл дүние көз тігетін додаға 2,5 ай уа­қыт қалды. Елдос Сметов Олимпиадаға дайын ба?

– Баға берер болсам, толық дайынмын деп ойлаймын. Физикалық, психологиялық тұр­ғыда өзіме көңілім толады. Ал техника жа­ғынан енді-енді қалыпқа келе бастадым. Ме­ніңше, психология тұрғысынан Олим­пиа­да аурасы қысып, мысы баспайды. Өйт­кені бұл менің үшінші олимпиадалық цик­лім. 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қа­тыса алмай қалдым. Рио мен Токио Олим­пиа­дасында татамиде өнер көрсетіп, жүл­де­гер­лер мінберіне көтерілдім. Алтынның оң жа­ғынан да, сол жағынан да қарап көрдім. Енді чемпион тұғырына шығатын бір ғана бас­палдақ қалды. Адам алдына мақсат қойып, қандай да бір қиындыққа мойымай, шы­дам танытса жеңіске жетпей қоймайды. Ме­нің спорттағы түйгенім – осы.  Алдымнан ке­зіккен сәтсіздікті  жігерлендіру ретінде қа­былдап, оған мойымай, күресе түстім. «Қан­дай да бір нәрсені қатты жақсы көрсең, со­нымен сыналасың» деп жатады. Мен спорт­ты, соның ішінде Олимпиада ойын­да­рын сүйемін. Еліміздің атын шығарсам, Әнұранын әуелетсем деймін.  Қазақтан шық­қан  дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атан­сам деген бала күнгі арманым бар. Елор­дадағы бәсеке алдында оқу-жаттығу жиын­дары Жақсылық Үшкемпіров ғимаратында өтіп жатыр. Көзі тірі кезінде Жақсылық ата­мыз тілек айтып, Рио мен Токио Олим­пиа­­дасына аттанарда батасын беріп, «ар­тым­нан ізімді басқан, Олимпиада чемпионын көр­­сем» деп тілегін айтқан еді. Сол сөзі әлі са­намда жаңғырып тұр. Дзюдодағы ман­са­бым­ды аяқтамай, спортта ұстап тұрған бірден бір дүние – атамыздың арманы. Менің де қа­лауым осы. Сондықтан  артқа шегінер жө­нім жоқ. Түбіне жетпей қоймаймын деп уәде бер­генмін. Бұйырса, Олимпиаданың алты­нын аламын деген ниетім бар. Тыңғылықты дайын­дық үстіндемін. Жалпы, ересектер құра­масы сапында жүргеніме 15 жыл уақыт бол­ды. Иә, біршама жарақат кедергісін кел­тірді. Олим­пиадамен қатар еліміздегі Grand Slam додасына да дайындалып жатырмын. Бұған дейін 2015 жылы Астанада әлем чем­пио­ны атанып едім. 9 жылдан кейін қайта елор­да төрінде күресемін. Сәтін салса, рей­тинг ұпайын алып, ел үмітін ақтауға барымды са­ламын. 

– Сонда жарақатыңыздан толық жазыл­дыңыз ба? Азия чемпионаты алдында «бел­десу­ге 70-80%-ға дайынмын» дегенсіз.

– Ташкент қаласында Әлем біріншілі­гін­де белдескенімде иығымдағы жарақатпен кү­рес­тім. Көп уақыт бойы мазалап жүрген жа­ра­қат. Мұны сезінетін де, түсінетін де өзім. Сон­дықтан халық алдына шығып, «иығым­дағы жарақатқа байланысты ұтылдым» деп жар салып айта алмаймыз. Көптеген жарыс­қа дайынмын деп барамын, бірақ екі-үш бел­десуден кейін шабуыл жасайтын кезде жара­қатым күресуге мұрша бермейді. Қазір то­лыққанды жазылдым деп ойлаймын. Жа­рақатым аса қатты мазаламайды. Әрине, мик­рожарақаттар бар. Татами төрінде ел на­мысы үшін күрескеніңде микрожарақатты ұмы­тасың. Не боларын алда көреміз. Бас­тысы, қандай жағдайда да жаттығу жасай­мын. Үйде болсам, күніне бір рет, оқу-жат­тығу жиыны кезінде екі рет жаттығамыз. 

– Ал сіздің «Олимпиада алтынын алсам» дейтін арман жолында басқа дзюдошы «жанып» кетпей ме?

– Спорт бәсекесінде «інім бар, ағам бар, жол беру керек» деген жоқ. Біріншіден, кім мық­ты, сол додаға қатысуы керек. Екін­шіден, мен лайық емес болсам, дайын емес болсам, өзім-ақ бас тартамын. Егер мүм­кіндігім бар екенін сезінсем, соңына дейін күресемін. Қазір мүмкіндігім бар еке­нін сезінгеннен, әлі күнге спорт саласында жүр­мін. Артымнан өсіп келе жатқан ініле­рі­ме сәттілік тілеймін, соңына дейін күресіп, мық­ты екенін дәлелдесін. Күні ертең Аста­на­дағы жарыс, одан кейін Әлем біріншілігі күтіп тұр. Сонда топ жарып тұрса, менен бір бас жоғары екенін дәлелдеп тұрса, онда еш­қан­дай реніш жоқ. Өз басым қолдау көр­се­темін, қолымнан келген көмегімді аямай­мын. Психологиялық, техникалық тұрғыда да, жаттығу барысында да оларға білгенімді үйретемін. Бәсекеге келсек, құрамада  жүр­ге­нім оларға зиянын тигізбейді. Пайдам ти­месе, зияным тимейді. Әлемдік додаларды көр­ген соң, тәжірибеммен бөлісемін. Ағалық кө­мегімді аямаймын.

– Алдағы БАӘ-де өтетін Әлем біріншілігіне жо­лыңыз түсе ме?

– Наурыз айында Нұрқанат Серікбаев Тби­лисидегі Grand Slam-да топ жарды. Күні ке­ше Мағжан Шамшадин Душанбедегі Grand Slam-да күміс жүлдегер атанды. Алда Аста­надағы Grand Slam бар. Бұйырса, осы тур­нир қорытындысы бойынша әлем чем­пио­натына баратын дзюдошы анықталады деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, бә­секе жоғары. Бәсеке арқылы ғана биік тұ­ғыр­дан көріне аламыз. 

–  Сіздіңше, 60 келі салмақта үздік төртік­ке кіретін балуандар кім?

– Бірден айтайын, қарсыласымды ың­ғай­сыз не оң жамбасқа келетін деп бөлмей­мін. Дайындыққа ғана мән беремін. Бабымда болсам, ешкімге дес бермесімді білемін. Же­ребе қалай түсетіні, кім қарсылас бола­ты­ны маңызды емес. Тонуста болып, татами үстін­де мүдірмей өнер көрсетуім маңызды. Қал­ғанына бас ауыртпаймын. Екі Олим­пиа­дада жиған тәжірибем бойынша, адам қан­шалық тыңғылықты дайын болады, сонша­лық жемісін жейді.  Соған анық көзім жетті. Өйткені Токио олимпиадасына жеребе ауыр түс­ті. Бірінші белдесуде түрік балуаны, екін­шісінде корей балуаны, ақтық айқасқа жол­дама алуы үшін Такатомен шықтым. Төрт фаворит бір топқа түсіп қалдық. Сол сияқты кімнің бағы жанады, бабы шауып тұрады сол жеңіске жетеді. Өйткені Такатомен белде­суім­де  «әттең-ай» дейтін жерім қалған жоқ, ба­рымды салдым. Олимпиада алтынын алуға үш мүмкіндігім болды. Мүмкіндігімді уыстан шы­ғарып алдым. Ал уыстан шықпайтын мүм­кіндікті жіберіп қойдым. Осы салмақтағы  мық­тыларға келсек,  жапон Рюдзю Нагаяма, фран­цуз Лука Мхеидзе, испан Франсиско Гар­ригос, Тайбэй балуаны Янг Юнвэй көш бас­тап тұр. Алдағы додаларда бәріне сәттілік тілей­мін!

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:

Астанада дзюдодан өткен Qazaq­stan Barysy Grand Slam жарысында Елдос Сметов қола медаль жеңіп алды.