Компанияның бас директоры жаңа шешімнің командалық рухты күшейту және қызметкерлердің бір-бірімен адами қарым-қатынастарын нығайтумен түсіндірді.
2 триллион доллар тұратын компания қызметкерлерінен тек офисте жұмыс істеуді талап етуде
Кеңседегі жұмыс әріптестер арасындағы ынтымақтастықты күшейтеді. Фото kartinki.pics сайтынан алынды
1,753
оқылды

Amazon компания қызметкерлеріне аптасына бес күн кеңседе жұмыс істеуді талап еткені туралы CNBC телеарнасы хабарлады. Осы хабарламаға сүйенген Aikyn.kz  мұндай шешімнің себебін түсіндіреді.

Amazon әлемдегі ең ірі стартап сияқты жұмыс істегісі келеді. Бұл үнемі жаңа жұмыс тәсілдерін ойлап табуға құмарлықты, тез шешім қабылдауды білдіреді. Фото pvsm.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Forbes

Amazon қызметкерлері жаңа жылдан бастап аптасына бес күн кеңсеге келіп жұмыс істейтін болады. Бұл шешімді Amazon бас директоры Энди Джасси қызметкерлерге таратқан хатында жария етті. Бұрын Amazon қызметкерлері аптасына кемінде үш күн кеңседе болса ғана жеткілікті болып келген еді. Қалған екі күнде қызметкер қашықтан жұмыс істейтін. Жаңа шешім Amazon компаниясының бұрынғы жұмыс ұстанымының айтарлықтай өзгергенін білдіреді. Енді компания қызметкерлеріне жаңа ережеге көшуге 2 қаңтарға дейін уақыт берді. Корпоративтік қызметкерлер белгілі себептермен кеңседе 5 күннен аз болса, ол өз тобының жетекшісіне түсіндіруі тиіс.

«Пандемияға дейін адамдардың аптасына екі күн қашықтан жұмыс істеуге рұқсаты болмағаны белгілі. Болашақта біз осы жұмыс кестесін жалғастырамыз. Егер өте қажет болмаса, адамдар кеңседе болады деп күтеміз», – деді Джасси. 

Amazon бас директоры Энди Джасси: «Amazon қызметкерлері аптасына бес күн кеңсеге келіп жұмыс істейтін болады». Фото Getty Images сайтынан алынды

Amazon сонымен қатар «бірнеше басқару деңгейін жою және ұйымдарды оңтайландыру» үшін менеджерлер санын қысқартып, корпоративтік құрылымды жеңілдетуді жоспарлап отыр. Әрбір S-команда 2025 жылдың І тоқсанының соңына қарай қатардағы қызметкерлер санының менеджерлер санына қатынасын кем дегенде 15%-ға арттырады деп күтілуде. Бұл басшылар азаяды дегенді білдіреді.

Джасси тізгінді қолына алып, Amazon-да шығындарды қысқартты. Пандемия кезінде өзінің штатын тез көбейткені белгілі, Джасси бас директорлыққа тағайындалғаннан кейін соңғы 27 жылда болмаған қысқарту жүргізді.

Биылғы жылдың ІІ тоқсанында Amazon-да жалпы саны 1,53 миллион қызметкер болды. Бұның өзі өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға көп. Ал 2022 жылдың ІІ тоқсанында қызметкерлер 14%-ға өскен еді.

Amazon менеджерлер санын қысқартады. Фото habr.com сайтынан алынды

Джасси қызметкерлерге арналған хатында Amazon өзінің мәдениетін нығайту және оның икемді болуын қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізетінін жазды. Ол компанияның кез келген қажетсіз процестерді немесе компаниядағы шамадан тыс ережелерді жою үшін арнайы «бюрократиялық пошта жәшігін» ашқанын айтты. Бұл электронды  поштаға кез келген қызметкер хат жазып, жұмысты қалай жақсартуға болатынын ұсына алады.

«Біз әлемдегі ең ірі стартап сияқты жұмыс істегіміз келеді. Бұл үнемі жаңа жұмыс тәсілдерін ойлап табуға құмарлықты, ерекше жылдамдықты, тез шешім қабылдауды, мұқияттылық пен үнемділікті, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуді (сіз өз әріптестеріңізбен бір болуыңыз керек) білдіреді», – деп жазды Энди Джасси.

Мұндай шешімдер Amazon сияқты ірі технологиялық алпауыттарда ғылыми зерттеулерге сүйеніп қабылданатыны белгілі. Amazon қызметкерлердің кеңседе жұмысы компания үшін тиімді екеніне көздері жеткен соң осындай қадамға барып отыр. Бұл басқалар үшін де үлгі болуы мүмкін.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.