Жұртты таңдай қақтырып, махаббат тақырыбында дүниеге келген әндер тарихы біз үшін қашан да қымбат.
Ернат Байұзақ, режиссер: Кей көрермен «Нурикамалды» көруге дайын емес
954
оқылды

Мәселен, композитор Тұрдықылыш Ізтаевтің кеудесін жарып шыққан, ел арасында кеңінен таралған әйгілі әсем ән – «Нурикамал». Жақында ғажап әннің тууы туралы фильм кинотеатр экранына жетіп, көрерменге ұсынылды. Режиссері – Ернат Байұзақ. «Нурикамалды» көрген көрерменнің пікірі алғашынан-ақ қақ жарылды. Шығармашылықтағы Муза мен өмірдегі махаббатты шатастырмауды, өнердің биігін, парасат пен адалдықты идея мазмұнына кіргізген кино режиссерімен сұхбаттасқан едік. 

– Ернат мырза, режиссер фи­льмді қалай таңдайды? «Ну­ри­камал» әнінің туғанын біле­міз, ал кинотуынды қалай туды?

– Фильмнің тақырыбын таң­дау –  әр кезде әртүрлі.  Кей­­­­де режиссер өзі таңдап, ин­весторға ұсынады. Кейде ке­рісінше кетеді, инвестор өзі таң­дап ұсынуы мүмкін. Біздің жағ­дайда сценарист Қанат Ра­мазан екеуміз «Нурика­мал­дың» идеясын инвесторға ұсын­ғанымызда бірден қол­дады. Негізі, бұл тақырыпты ай­тып жүргеніме екі-үш жыл­дың шамасы болды.  Орайы ен­ді келген екен. Егер де­меу­шілер бізге қолдау көрсет­пе­ген­де мүмкін басқа тақырыпты таңдар ма едік? «Нурикамал» киносының сценарийі екі  ай­дай жазылды, дайындық жұ­мыс­тарына да екі ай кірісіп, тү­сі­рілім 20 күнге созылды. 

– Биыл Ханбибі Есенқара­қы­зының 75 жас мерейтойы ғой. Кино   мерейтойға орайлас­ты­рылды ма, сәйкестік пе? Тү­сі­рілімге кіріспес бұрын Хан­би­бі апамен әңгімелескен шы­ғарсыздар?

– Бұл – таза сәйкестік. Шы­­ны керек, ол кісінің ме­рей­­тойы болатынынан ха­ба­рымыз болмады. Бірақ кино тү­сіретіннің алдына Ханбибі апа­ның алдына барып рұқсаты мен батасын алып қайтқанбыз. Одан кейін бірден сценарий жұ­мыстары мен түсірілімге кі­рісіп кеттік. Оқиға желісі ақынның өзі айтқанымен түсі­ріл­ді. Барынша шындығын айт­ты. Киноға кірмей қалған, ки­ноның, экранның эстети­ка­сына сай келмейтін оқиғалар бар ғой. Өмірден алынғандық­тан, кейбір ащы шындық пен ке­леңсіз оқиғаны кинода көр­сетуге болмайды. Ханбибі апа­­мен жолыққанымызда біз­ге сенетінін айтып, одан кейін­гі жұмысты бізге сеніп тапсырды. Сөйтіп, кино дайын болғанда бір-ақ көріп, көңілінен шық­қа­нын айтты. Сценарийді оқы­туымызға болатын еді, бір­­ақ бұл фильм жеке тапсы­рыс емес. Ханбибі апаның жеке өмі­рі болғанымен, кейіп­кер­лер ішінде Тұрдықылыш аға­мыз бар, Нурикамал басқа да біз қосқан кейіпкерлер бар. Хан­бибі апа фильмге жақсы ба­ға­сын берді. Өзінің образын сом­даған актрисаға өзінің мі­не­зінің қосқанын айтып, фи­льм­ді ұнатқанын жасырмады.

– Кинода кей кейіпкерлердің об­разы толық ашылмаған сияқ­ты. «Нурикамал» жалғасын таба ма?  

– Сұхбаттарымда айтып жүрмін, қазір билет сатылымы ки­нотеатрларда жүріп жатыр. Ол тоқтағаннан кейін мемле­кет­тік, мемлекеттік емес те­леар­налар не сайттар алып көр­сетеді. Соларға кинотеатр­да көрсетілген 1,5 сағаттан көп материал бар екенін айтамыз. Өйт­кені фильмге кірмей қал­ған көп қысқа сахналар бар. На­рықтың кинотеатрдың та­лап­тарына байланысты қолда бар деректерді қысқартуға тура келеді. Негізі, 120 минуттық ме­лодраманы көрерменге көр­сету, түсіндіру қиын. Сон­дық­тан жаңағы айтқанымдай, те­леар­на немесе сайттар көр­­­­сете­тін болса, киноға кір­мей қалған артық материал­дардан 4 сериалы фильм түсі­ріп береміз деп едік. «Ну­ри­камал» әнінің шығу тарихында кейіпкерлердің жеке өміріне қатысты көптеген шытырман оқиға бар. Бұл ки­но­ны сол замандағы қазақ мә­­­дениетіне байланысты Ну­ри­камал Сейітжанова апа­мыз­дың тарапынан да көрсетуге бо­ла­ды, Тұрдықылыштың да же­ке композиторлық жұмы­сын­дағы мәселесі мен дири­жер ретінде ашылмай қалған бей­не көп, Ханбибі апаның да ақын­дығы, «Қазақ тілі» қоға­мы­на қатысты көрерменге жет­пегені көп. Қысқасы, екін­ші маусымын түсіруге мате­риал әбден дайын. Оны жазып бас­қаша қырынан көрсетуге бо­лады. Қалай десек те, бәрі кө­рерменнің сұранысына бай­ланысты болмақ.

– Қазір көрермен пікірі екіге бө­лінген. Киноға сын айтқандар не­ге көбейді?   

– Ойымша, қазір сатылым жа­ғы керемет емес. Өйткені шы­нында көрермен пікірі қақ жа­рылды. Көзге шөп салу­шы­лық­ты романтизация жасап, со­ны насихаттайды дегендер де болды. Мұндай пікір қазіргі өзек­ті мәселенің біріне айнал­ған отбасындағы әлеуметтік жағдайлардан айтылған шығар деп ойлаймын. «Нурикамалға» кей әйелдің жұбымен бірге келу­ге қорқатыны да сон­дық­тан болар. Шынтуайтына кел­генде, мелодрама, драма жан­рын әлі де дұрыс қабылдай ал­май жатырмыз. Былай қара­саңыз, эфирде 3-4 сағаттап жүре­тін бағдарламалар бар. Сон­дай бағдарламаларды көр­ген қоғам жеңіл-желпі фильм­дер көріп үйренген шығар. «Ну­рикамал» сияқты фильм­дер­ді көруге дайын емес шы­ғар деп ойлаймын. Сондықтан са­тылым керемет деп айта ал­маймын. Бірақ «Әнді сүй­сең, менше сүй» деген сияқты ән­ді сүйген көрермен, сөзге сен­ген, ән тыңдап өскен, театр мен спектакльдің құнын бі­ле­тін, жалпы өнерді бағалайтын кө­рермен көріп жатыр. Ал жал­пақ көрермен, соның ішін­де жастар жағы дұрыс тү­сі­ніп көре алмайтынын мойын­дауымыз керек.

Көрермен өзіне керегін ала­ды, керек емесін сол жерде қал­дырады. Эмоциясымен бө­лісіп жатқандар да бар. Яғни, ки­но емес, психологиялық тре­нинг деп қабылдап қалған бол­уы керек. Өмірдегі нағыз шын­дық осы деп қабылдағаны да бар. Кино – өнер, бір жа­ғы­нан көркем шығарма болған соң, кейбір жері музыкамен, кей жері диалогпен әсіреленіп, драмалық сахналармен кү­шей­тіледі. Сондықтан көрер­мен қандай ой айтса да, шы­найы реакциясын көрсетіп жа­тыр. Бұрын «Қыз Жібекті» тү­сіргеннен кейін біраз көрер­мен Бекежанды ойнаған Аса­нәлі Әшімов ағамызға көз­қа­ра­сы өзгерді ғой. Сол сияқты ак­терге, фильмге қатысты ай­­ты­латын пікірдің бәрі қа­лып­­ты жағдай деп ойлаймын. 

– Мелодраманы дұрыс тү­сін­бегенін көрерменнің өзіне ар­тып қойғанымыз дұрыс па? Әл­де, актерлерге шынайылық же­тіспеді ме?

– Актерлер өзіне қойылған тап­сырманы толық алып шық­ты. Мысалы, Тұрдықылыштың рөлін сомдаған Олжас Дәлел­хан­ұлы өмірде де композитор, музыкант, актер. Ханбибінің рө­ліндегі Гүлбахрам Байбо­сы­нова, Нурикамал образындағы Фариза Ескермес менің ғана емес, көрерменнің де көңілі­нен шыққан актерлер. Ме­нің­ше, кей көрермен мұндай фи­­­­льм­ге баруды жөн санамады. Бұл – өздерінің талғамы. Ак­тер­лер таңдаған кезде өздері сом­дайтын рөлге ене алатын­дай таңдаймыз. Бірақ Гүлбах­рам Ханбибі апамыз сияқты ақын болмаса да, дайындық ке­зінде ақынның қаншама өлеңін, эсселерін оқыды. Бір­ақ дәл Тұрдықылыштың обра­зын алып шыға алатындай му­зыкант таңдадық. Режиссер бол­ған соң, талантты кейіп­кер­ді табуға тырысамыз ғой. Өмір­лік ұстанымдары да ұқсас бол­ғаны ұтымды шешім. Ал біз­дегі ең ұтымды шешім – Тұр­­дықылыштың образын алып шыққан Олжас Дәлел­хан.

– Рақмет!

Әңгімелескен 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ