Биыл отандық сақтандыру нарығы тарихи жаңа белесіне көтерілді. Нарыққа бұрын-соңды болмаған жаңа өнімдер шықты.
Сақтандыру секторының серпіні
209
оқылды

Мысалы, үй шаруасымен, бала бағып үйде отырған аналарға лайықты зейнетақысыз қалу қаупі төнетіні мәлім. Елде енгізілген жаңа тетік табысы жақсы отағасының зейнетақылық жарнасы есебінен, сақтандыру жүйесінде үйбикелеріне жұбайымен бірге зейнетақы алуына жол ашты. Сақтандыру саласы 2025 жылға қандай жетістіктермен аттамақ?

Осыдан бірер жыл бұрын сақ­тан­дыру компаниялары ту­ра­лы негізінен банктен ипотека ал­ған қазақстандықтар ғана білетін. Клиент өз өмірін сақтандырмаса, банк­тер ірі несие бермейтіні мәлім. Мы­­салы, жуырда ғана, 2020 жылы елі­міздегі сақтандыру секторының жиын­тықты активі 439 млрд теңгені құ­ра­­ған-тын. Содан бері мемлекет бұл саланы дамыту үшін көптеген заң жобасын қабылдады. 

Бүгінде сала «триллион» деп сөй­лей­­тін дәрежеге жетті. Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің ха­барлауынша, елде 24 сақтандыру ұйы­­мы бар, оның 9-ы өмірді сақтан­ды­руға маманданған. 2024 жылғы қыр­күйектің қорытындысында (кейін­гі айлардың нәтижелері әзірге шыққан жоқ), сақтандыру ұйым­да­ры­ның жиынтықты активтері 2,8 трил­лион теңгеден асқан. 2024 жыл­дың ба­сынан 13,4%-ға ұлғайды. 

Сонымен қатар сақтандыру ұйым­дарының міндеттеме­лері 2024 жыл­ғы қыркүйекте 1,8% өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті. Жыл ба­­­­­сынан бері 21,4%-ға артқан. Агент­тік маман­дарының түсіндіруінше, бұл маңызды көрсеткіш бекітілген сақтандыру шарттарының саны да, кү­тілетін төлемдері де өскенін көрсе­тіп отыр. Мұнсыз сала дамымас еді. 

Тағы бір маңызды жайт: бұрын бір­қатар ұсақ сақтандыру компа­ния­сы аты дардай болғанымен, заты жұр­дай сауда орталығының бір бұры­шын­да қысылып отыратын. Тіпті, бас­панада тіркелген, өз меншігі мил­лионнан аспайтын кеңсесымақ бо­лып келетін. Тек мұнай-газ ал­пауы­т­тарымен, ірі жекеменшік және ұлт­тық компаниялармен тікелей ын­тымақтастық орнатқандары ғана бе­­­­дел-ажарға, дүние мен базарға ие еді. Нарықтың алыптана түсуі ар­қасында бұлардың әрқайсысы дерлік, тіп­ті еңселі жеке ғимараты мен жан-жақ­ты филиалына ие апайтөс фир­ма­ларға айналды. 

Мысалы, сақтандыру ұйымдары­ның меншікті капиталы 2024 жылғы қыр­күйекте, бір айда тағы 2,8%-ға не­месе 24,3 млрд теңгеге артып, жал­пы сомасы 898 миллиард теңгеге дейін жеткен. 

Бұл – енді бұқаралық бизнес

2024 жыл басталғалы бері олар же­ке және заңды тұлғалармен 16,9 мил­лион сақтандыру шартын жасас­ты. Айтқандай, сақтандыру полисте­рін бекіту бірте-бірте «бұқаралық биз­неске» айналып барады. Еуразия ұлт­тық университетінің студенті Ок­сана қолы бос кезде сақтандыру по­лис­терін өткізумен айналысады екен. 

– Кеңседе тапжылмай отыр деген жоқ. Барлығы онлайн жүреді, тіпті ұя­лы қосымшасы іске қосылды, бар шаруаңды сонымен атқарасың. Тә­жі­ри­бең, жұмыс өтілің жоқ па? Қара­май­ды. Мен оқу курсынан өтіп ал­дым. Сақтандыру компаниялары ен­ді кез келген кәмелетке толған жас­қа ресми түрде сақтандыру по­лис­терін сатып, ақша табуға мүм­кін­дік береді. Шетелге шығатын саяхат­шы­лардың медсақтандыруын рәсім­дей­мін. Барлық таныстарға автокөлік пен пәтерлерді сақтандыру қызметін сатамын, – дейді студент қыз. 

Ол әзірге айына жүз мыңның ай­наласында табады екен. Жұмыс берушісі – ірі сақтандыру ком­па­ния­сы 300 мың теңгеге дейін кірісті уәде ете­ді. Ақшасы апта сайын картаға ау­дарылып тұрады. Сақтандыру аген­ті неғұрлым көп полис сатса, соғұр­лым көп табады. Жұмыс кестесі мен сату көлеміне қатысты агенттің өзі би, өзі қожа.

Басқа бір компанияның 3 жел­тоқсанда жариялаған хабарлан­дыруы­на сенсек, ол сақтандыру аген­­тіне 800 мың теңгеге дейін тө­леу­ге дайын. Бірақ үміткерден 3 жылға дейін жұмыс тәжірибесінің болуын талап етеді. «Жұмыс кестесі: еркін, то­лық емес күн және қашықтан жұ­мыс. Төлемі ай сайын. Клиенттермен жұмыс істеуі, өнімдер бойынша кеңес-консультация беруі, полистер рәсімдеуі қажет. Бізден марапаттар, сый­лықтар, саяхаттар, акциялар», – дейді сақтандыру компаниясы. 

Осындай бұқарамен тығыз ын­тымақтастығының арқасында сақ­тан­дыру нарығы толық емес жылда 16,9 миллион сақтандыру шартын бекіту жетістігіне жетіп отыр. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен са­лыс­тырғанда 35,8%-ға артық! Яғни, өсім қарқыны алапат. Егер Қазақстанның бү­кіл экономикасы осындай қарқын­мен өссе, республика оншақты жыл ішін­де дамыған елдерді қуып жетер еді. Негізгі, өсім жазатайым оқи­ға­лардан сақтандыру (3,9 млн шарт, 160,4%-ға өсу!) және өмірді сақ­тан­дыру (497,3 мың шарт, өсімі – 22%) бойынша шарттарға тиесілі.

Мына жайтты біліп, тағы там­са­ныңыз: кәсіби мамандары, студент­тер, үйбикелер, өзін-өзі жұмыспен қам­тушылар сияқты қаптаған сақ­тандыру агенттері зыр жүгіріп, қой­май-қоймай қолқалап жүріп, по­листер сату арқасында 2024 жылдың ба­сынан бері сақтандыру ком­па­ния­ларына клиенттерден 1 триллион тең­ге сыйлықақы-премия түсірген! Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен са­лыстырғанда 49,5%-ға көп. Мұндай ға­ламат табысқа кез келген «желілік мар­кетинг» қызғана, қызыға қарары сөз­сіз.

Сақтандырудан елге қайыр бар ма?

«Сақтандыру сыйлықақылары кө­лемінің ұлғаюы жасалатын сақ­тан­дыру шарттары санының өсу үрдісіне сәй­кес келеді және елде сақтандыруға, әсі­ресе сақтандырудың ерікті түр­ле­ріне сұраныстың ұлғайғанын көр­се­теді. Сақтандыру сыйлықа­қы­лары­ның өсуінің негізгі драйвері ерікті же­ке сақтандыру сыныбы болып отыр. Ол бойынша сақтандыру сый­лы­қақыларының көлемі 2024 жыл­дың 9 айында 546,3 млрд теңгені құра­ды, бұл өткен жылдың ұқсас ке­зеңінен 123,3%-ға көп! Өсу негі­зі­нен зейнетақы аннуитеттік сақтан­дыру сыйлықақысының ұлғаюына байланысты», – деді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Мұның сыртында, ерікті мүліктік сақ­тандыру полистері бойынша сақ­тандыру сыйлықақылары жыл ба­сы­нан 349,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 4,5%-ға көп. Өсу негізінен мүлікті за­лалдан сақтандыру бойынша жи­нал­ған сыйлықақылар сомасының ұлғаюымен байланысты (15,6%).

Жарнама, пиар, маркетингке елік­кен ел өмірін, көлігін, бас­панасын, басқасын белсенді сақ­тан­дырып жатыр екен. Ал содан олар­­ға пайда бар ма? Агенттіктің мә­лі­метінше, 2024 жылғы қыркүйек­те, бір айда сақтандыру компания­лары сақтандыру жағдайына тап бол­ған өз клиенттеріне 30,9 миллиард тең­ге өтемақы беріпті. Биылғы жыл­дың басынан төленген сақтандыру тө­лемдері 233,8 миллиард теңгені құ­ра­ды, бұл өткен жылдың ұқсас ке­зеңі­нен 22,9%-ға көп. 

Бұрын сақтандыру компа­ния­лары әрнені сылтауратып, сақ­тан­дыру жағдайы туындағанда тиісті тө­лемді төлемеуге ұмтылатын. Мұн­дай арамзалық әлі де кездеседі, бірақ нақ­ты сандар олардың жомарт бола түс­кенін аңғартады. Биылғы төлем­дер­дің өсуі, негізінен қызметкерді жа­затайым оқиғалардан міндетті сақ­тандыру бойынша тө­лемдердің ұлғаюымен байланыс­ты. Бұл 2024 жылы зиянды еңбек жағ­дайларында жұмыс істейтін қыз­мет­керлер үшін жаңа «арнайы әлеу­мет­тік төлемнің» (АӘТ) енгізілуімен бай­ланысты.

Сауда көрігін жаңа өнімдер қыздырды

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі төрағасының орын­ба­сары Мария Хаджиева сақтандыру на­рығында жаңа өнім түрлері пайда бо­лып жатқанын хабарлады. Оның бірі Президенттің тапсырмасымен биыл­дан бастап енгізілген «арнайы әлеу­меттік төлем» (АӘТ). Оған сәй­кес, сақтандыру компаниялары есе­бі­нен зиянды еңбек жағдайларында жұ­мыс қызметкерлерге АӘТ төле­не­ді. Оны алу үшін 2 талап қана қойы­ла­ды: экономиканың 19 саласында зиян­ды жұмыс атқаратын адамның жасы 55-ке толуы және БЖЗҚ-да ке­мінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы ау­да­рымдарының болуы.

БЖЗҚ мәліметінше, АӘТ та­ғайын­дау үшін міндетті шарттарға 2024 жылы  – 37 мыңнан, 2030 жылы – 58 мыңнан, 2035 жылы – 95 мың­нан астам жұ­мыс­кер үміткер бола ала­ды. Мария Жа­малқызы биылғы жыл­дың 9 айын­да 8,7 мыңнан астам қыз­меткер 2 мил­лиард теңгеге жуық осын­дай тө­лем алғанын айтты. Қо­сым­ша 19,7 мил­лиард теңгеден тұра­тын резерв қа­лыптастырылған. 

Алдын ала дерек бойынша 2024 жы­лы АӘТ-тың орташа мөлшері бар­лық құрауышын қоса алғанда 208 мың теңгеден асады. 2030 жылы тө­лем орта есеппен 339 мың, 2035 жы­лы – 519 мың теңге болмақ.

Қаржылық реттеу агенттігі төра­ға­сы орынбасарының дерегінше, отан­дық сақтандыру нарығына 2 жаңа өнім – «кейінге қалдырылған» және «бірлескен» зейнетақы аннуи­тет­тері жолдама алды. 

– Кейінге қалдырылған зейне­та­қы аннуитеті азаматтарға 45 жастан ан­нуитет келісімшартын бекітуге мүм­кіндік береді. Бұл жағдайда ол 55 жас­тан ай сайынғы және өмір бойғы зей­нетақы аннуитеті төлемдерін ала бас­тайды. Бірлескен зейнетақы ан­нуи­теті жақын туыстарға, ерлі-зайып­тыларға БЖЗҚ-дан әкеткен зей­нетақы жинақтарын өзара бірік­ті­ріп, зейнетақы аннуитетін сатып алу­ға мүмкіндік береді. Мысалы, ері­нің зейнетақы жинағы үлкен, әйе­лінікі тым аз болса, біріктірген соң, жұбайлар 55 жастан кейін екеуі де өмір бойы әрі тұрақты зейнетақы ан­­­­нуитеті төлемдерін ала алады. Мұ­ның сыртында оларға мемлекет те зей­нетақы төлейді, – деді М.Хад­жиева.

Бұл өнім де сұранысқа ие. Осы жыл­дың 1 қарашасындағы жағ­дай бойынша елде жалпы сақтан­дыру сыйлықақысы 655,4 млн теңгені құрайтын 106 мың зейнетақы аннуи­теті шарты бекітіліпті.

Тағы бір өнім – 2024 жылдың 23 қа­занында Қазақстанда медицина қыз­меткерлерінің кәсіби жауап­кер­ші­лігін сақтандыру енгізілді. 

– Сақтандырудың бұл түрі ха­лық­ты дәрігерлердің, медицина қыз­мет­керлерінің кәсіби қателіктерінен, са­пасыз медициналық қызметтен қор­ғауды күшейтуге бағытталған. Сақ­тандыру полисін ресімдеу про­це­сін жеңілдету үшін медициналық ұйым­дарға сақтандыру шартын жа­сасуға, ал пациенттерге сақтандыру тө­лемін электрондық нысанда алуға мүм­кіндік беретін бірыңғай сақтан­дыру пулының платформасы іске қосылды, – деді Мария Хаджиева. 

Биылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша медицина қыз­меткер­ле­рі­нің кәсіби жауапкершілігін сақтан­ды­рудың 712 шарты жасалды. Сөйтіп, 155 мың қызметкердің жауапкершілігі сақтандырылды.

Қорыта айтқанда, сала дамып, ал­ға басып келеді. Айтқандай, жуыр­да бір топ Мәжіліс депутаты Үкіметке жү­гініп, міндетті сақтандыру бойын­ша төлемнің ең жоғарғы (шекті) со­ма­сын көтеруді ұсынды. Ол сома көп жыл­дан көтерілген жоқ және 600 АЕК-ті құрайды. Депутаттардың пайым­дауынша, бұл қаржы қым­­бат­шы­лық пен девальвация жағдайында салоннан шыққан жаңа көлікті жөн­деп, қалпына келтіруге жетпейді. Қым­­бат көліктің бір шамының (фара) өзі бірнеше миллион тұрады. Бірақ Пре­мьер-Министр сақтандыру ком­па­нияларын одан көп төлеуге мәж­бүрлеуді құптамады. 

– Клиенттердің төлейтін сақтан­дыру сыйлықақыларын көтермей, сақ­тандыру төлемдерінің шекті со­ма­сын жоғарылату қиын. Көлік құ­рал­дары иелерінің азаматтық-құ­қық­тық жауапкершілігін міндетті сақ­тан­дыру (КҚИ АҚЖМС) құны Қа­зақ­стан­да көп емес. Сақтандырудың ор­та­ша құны 15 мың теңге болғанда, биыл шекті сомасы 600 АЕК немесе 2 215 200 теңге болды. Салыстырсақ, Ресейде сақтандырудың орташа құны 7 300 рубль (35 989 теңге), төлемі – 400 000 рубль (1 972 000 теңге). Батыс Еу­ропада сақтандыру полисінің орта­ша бағасы 500 еуро (ресми бағам бойынша 275 955 теңге), төлемі – ша­ма­мен 5 000 еуро (2 759 550 теңге), – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, КҚИ АҚЖМС сақ­тандыру ұйымдарына үлкен табыс әкелмейді. Олардың төлейтін сақтан­дыру төлемдерінің сомасы кейде жинайтын сақтандыру сыйлықақы­сы­нан асып түсіп жатады екен. 

Десек те, Олжас Бектеновтың ай­туын­­ша, қаржылық реттеушіге (агент­­­­­тік) нарықта бой көтерген жаңа мә­селелерді қорытып, заңнамаға тү­зету­лер әзірлеуге тапсырма беріліпті. Қалай болғанда, сақтандыру саласы әл­дебір өмірлік қиын жағдайға қал­ған азаматтарға көмекке келетін әлеу­­меттік міндетін атқару сыртында, эко­­номиканың артуына да қал-қада­ри үлесін қосып жатқаны байқалады.

Айхан ШӘРІП