Арқа жұртымен жүздесті
Арқа жұртымен жүздесті
554
оқылды

Қазақстан Президенттігіне кан­дидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстары аясында Қарағанды облысына келді.

Мәулен Әшімбаев жетекшілік ететін РҚШ өкілдері алдымен Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ком­бинаты алаңындағы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шараға қатысты.

– Сапарымызды Қарағанды облы­сынан, дәл сіздердің зауыттарыңыздан бастауымыз кездейсоқ емес. Себебі, бұл зауытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталды. Осы жерде Елбасымыз шың­далып, тұлға ретінде қалыптасып, қайра­лып, қайраттанып шықты. Елбасы­мыз­дың әлемдік деңгейдегі саясаткер бо­луының негізі де осы өңірде, осы зауыт­та қаланды, – деді Мәулен Әшімбаев.

– Елбасымыздың ерен еңбегінің басы-қасында үнемі Қасым-Жомарт Тоқаев жүрді. Шекарамызды шегендеу, халықаралық келісімдерге қол қою, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету сияқты аса маңызды жұмыстарға біздің кандидат тікелей қатысып, өзінің елеулі үлесін қосты. Ол осы істің бәрін алдағы уақытта да жалғастырып, еліміздің әділ жолмен өсіп, өрлеуін қамтамасыз ететінін өзінің сайлауалды бағдарламасында анық көрсетті, – деді РҚШ мүшесі, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев.  

РҚШ мүшелері «Шахтинская» шахта­сының кеншілерімен де кездесті. Кездесуде Республикалық штаб басшысы Қ.Тоқаевтың Сайлауалды бағдарла­масының маңызы туралы кеңінен айтып берді.

РҚШ мүшелері Қарағанды қаласы­ның активімен кездесіп, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдар­ламасына ұсыныстар мен тың идеялар жинау үшін қолға алынған BIRGE жалпыұлттық акция­сының басталуына қатысты. РҚШ мүше­лерінің тағы бір тобы облыстың шалғай өңірле­ріне арнайы барып, Kazakhmys Smelting ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауыты мен Utari KZ ЖШС-ның қыз­меткерлерімен, Жезқазған жұрт­шы­лы­ғымен және Сәтбаев қаласының ак­ти­вімен кездес­кенін де айта кеткен жөн.


Айдана БЕГІМ