Долларлық депозиттер сыйақысы өсті
Долларлық депозиттер сыйақысы өсті
394
оқылды

Елімізде шетелдік валютадағы банк салымдарының сыйақысы көтерілді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2019 жылғы 1 маусымнан бастап, доллар мен еуродағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін 2%-ға дейін көтеруге шешім қабылдады.

Қазіргі қолданыстағы ставка бойынша банктер шетелдік валюта­да­ғы жинақтарға ең көп дегенде неба­ры 1% ғана жылдық сыйақы қосатын.

Дегенмен аталған қордың тү­сін­­діруінше, бұл өсім тек сақталу мерзімі бір жылдан асатын жинақ­тар­ға ғана қатысты болмақ. Мерзі­мі­нен бұрын алып қойылатын, сон­дай-ақ 12 айға дейінгі қысқа мерзімге салынған депозиттердің сыйақысы бұрынғыдай 1 пайыз көле­мінде қалады.

Жалпы, 2 пайыздық сыйақы мерзімі 12 ай болатын және одан аса­тын барлық жинақтаушы да, мер­зімдік те салымдарға қолданы­ла­ды.

Сондай-ақ қор алдағы айдан бастап, теңгелік салымдар үлгісінде, шетелдік валютадағы депозиттердің де үш топқа – мерзімді, мерзімсіз және жинақтаушы болып бөлінеті­нін мәлім етті.

Бұл қадамға баруға доллар мен еуродағы салымдардың шетелдегі банктерге көптеп кете бастауы да түрткі болғандай. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) түсіндіруінше, шетелдік нарықтар мен қаржылық институт­тар­­дың нарықтық ставкалары еліміздегі 1 пайыздық сыйақыдан жоғары болып келеді.

Мәселен, қаржыны банктердің өзара тартуының құнын көрсететін LIBOR ставкасы 2018 жылдың нау­ры­зынан бері 2 есеге артқан, тиісін­ше, қазіргі уақытта екі ара­дағы айыр­­­машылық 1,6 пайыздық тар­мақ­­қа жетуде. ҚДКҚ белгілеген валюталық депозиттер бойынша шекті мәннің тым төмендігі (1 пайыз ғана болуы) кесірінен, отандық банктердің клиент­теріне ұсына­тын сыйақы мөл­шер­лемелері тіпті нарықтық мөл­шерден де елеулі түрде төмен болып отыр.