Щучинскідегі кездесу
Щучинскідегі кездесу
403
оқылды

Қазақстан президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел Щучинск қаласында сайлаушылармен кездесті. «Ұлы дала қырандары» мәдени-әлеуметтік қозғалысының атынан президенттікке үміткер С.Түгел қоғамдық жұмыстары, жастарды отансүйгіштікке баулудағы бірлестіктің жұмысы жайлы әңгімелеп, қатысушылар қойған сауалдарға жауап берді.

Кандидаттың сенімді өкілі Талғат Омар Сәдібек Түгелдің қолға алған ісін әрқашан соңына дейін жеткізетін табан­дылығы мен ұлттық құн­ды­лықтарды ұлықтаудағы ерекше ерік-жігері жайлы айтып, оның шығар­машылығын да қатар алып келе жат­қанына тоқталды. Іс-шарада автордың еңбектеріне арналған кітаптар мен фотосуреттер көрмесі ұйымдас­тырылды.

Ал кеше Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы агротехникалық колледж студенттері арасында үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдерінің қатысуымен асық атудан турнир өтті.

«Бұл ойын түрі UNESCO мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Ұлттық ойын­дарымыздың бәрін тек сайыс үшін ұйымдастырмау керек, ол ұлттық құнды­лығымызды қастерлеу, ата-баладан келе жатқан салт-дәстүрімізді көздің қарашы­ғындай сақтап, қастерлей білуге үйретеді. Ұлттық ойындарымызды жаң­ғырта біл­сек, бұл өткенді ұмытпағаны­мыздың бел­гісі», – деді кандидат, жазушы, «Тү­гел-медиа» халықаралық холдингінің не­гізін қалаушы әрі жетекшісі Сәдібек Түгел.

«Дәл көздей білу, икемділік пен шап­шаңдықты қажет ететін асық ату ойыны басқа спорт түрлеріндей арнайы алаң мен қомақты қаражатты қажет етпейді. Ең негізгісі – ынта мен қызығушылық. Рес­ми деректер бойынша бұл ойын түрі­мен елі­мізде 80 мыңдай адам айна­лысады», – деді кандидаттың сенімді өкілі Ерболат Съезхан.

Асық ату турнирінде Агротехникалық колледж студенттері Рүстем Леденов, Виктор Жуменко және Асхат Тоқсанбаев турнир жеңімпазы атанды. Ақкөл қаласының тұрғыны Рүстем Леденовтің айтуынша, ол бала кезінен тек спортпен шұғылданып қана қоймай, қазақ тілін де жетік меңгерген.


Айдана БЕГІМ