Соңғы жылдары Шу ауданындағы «Шатыркөл» кен орнына аудан тұрғындарының арыз-шағымы жиі түсуде. Өйткені кен орнынан шығатын шикізаттың аудан экологиясына тигізер зияны көп көрінеді. Nur Otan партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында өткен аудандық қоғамдық кеңестің отырысында осы мәселе күн тәртібіне шығарылды.
Басқосуда Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Жахангер Назарбеков «Шатыркөл» кен орны мен аудандағы экологиялық жағдайға қатысты нақты мәліметтермен бөлісті.
Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын аталған кен орнына тексеріс жүргізіп, Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі кеніштің санитарлық қорғаныш аймағынан ауа сынамасын алған екен. Нәтижесінде, экологиялық жағдайдың тұрақты екені анықтаған.
«Шатыркөл» кен орнының тоқсан сайын өткізіп отыратын өндірістік экологиялық бақылау есебінен де заңсыз іс-әрекеттер байқалмаған. Жоғарыда аталған жұмыстарды тілге тиек еткен бөлім басшысы радиациялық сынамалар мен денсаулық сақтау мекемелеріндегі онкологиялық науқастар, ана мен бала өлімі және түсік тастау сияқты оқиғалар департаменттің құзыретіне кірмейтінін, оған Тауарлар мен көрсететін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасы жауапты екенін жеткізді.
Алайда «Қазақмыс» корпорациясы 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 4,2 гектар аумаққа шаң басу жұмыстарын жүйелі атқара алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек, мекеме тарапынан Бірлік ауылында радиацияның деңгейін анықтауға арналған радиациялық бекет қойылу керек болған. Дегенмен қазіргі кезде бұл жұмыстар да тиісті деңгейде орындалмай отырған көрінеді.
Ал Қонаев ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Байкен Досымбеков ауылдықтардың жағдайы 80-жылдарға дейін жақсы болғанын айтады. «Бұрнағы жылдары ауылда мал шаруашылығы өте жақсы дамыды. Ауыл тұрғындары төрт түлікті түгел өргізіп, кеңшілікте өмір сүрді. Қазіргі «Шатыркөлден» ары қарай 12 шақырым жерде су диірмені болды. Сол жерде мал бақтық, жеміс-жидектің де түр-түрін өсірдік. Сол маңдағы өзеннің суы мол болғаны соншалық, жаз айында атты адам өте алмайтын. Кейін «Шатыркөл» кен орны өз жұмысын бастағанда, сол судың деңгейі күрт төмендеп кетті. Енді міне, суымыз тарылып, жолымыз нашарлап, ауру көбейді. Өткен жылы ауылда 120-130 бас ірі қара қырылды. Оның себебі әлі күнге белгісіз. Кейбір тұрғындар ауласындағы жалғыз сиырынан айырылды. Оның өтеуін кімнен сұраймыз? Мұның бәрі сол экологияның салдары. Су тартылып, малымыз тұрып қалған судан ішкен соң, оның ішкі ағзасы зақымданады. Өйткені тұрып қалған жылы суда сүлік көп болады. Оның малға тигізер зиянын өздеріңіз де жақсы білесіздер.
Қазіргі «Шатыркөлден» ары қарай 12 километр жерде су диірмені болды. Сол жерде мал бақтық, жеміс-жидектің де түр-түрін өсірдік. Сол маңдағы өзеннің суы мол болғаны соншалық, жаз айында атты адам өте алмайтын. Кейін «Шатыркөл» кен орны өз жұмысын бастағанда сол судың деңгейі күрт төмендеп кетті. Енді міне, суымыз тарылып, жолымыз нашарлап, ауру көбейді.
Бұдан бөлек, ауылымызда бұрын атын естімеген аурулар пайда бола бастады. Ауылдағы негізгі көшені әрең дегенде күрделі жөндеуден өткізген едік. Қазір «Шатыркөлдің» ауыр жүк көліктері салдарынан ол да құрып бітуге жақын. Оған қоса, ауылды аудан орталығымен байланыстыратын күре жолдағы көпірдің жағдайы әлі күнге апатты жағдайда тұр. Рас, кен орнының қасынан уақытша көпір салды. Алайда ол бір ғана көліктің жүруіне есептелген» – дейді ақсақал.
Сондай-ақ «Балқаш-түстіметалл» өндірістік бірлестігінің эколог маманы Назым Усимбекова жоғарыда аталған түйткілдерге «Шатыркөл» кен орнының қатысы жоқ екенін тілге тиек етті. Ол серіктестік әр тоқсан сайын ауадан, судан, шикізаттан, қалдықтардан сынама алып, радиациялық мониторинг жүргізіп, арнайы аккредитациядан өткен зертханаға жіберіп, қорытындысын облыстық экология департаментіне өткізіп отыратынын тілге тиек етті. Бүгінгі күнге дейін бұл сынамалардан ешқандай теріс нәтиже байқалмапты. Дегенмен аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері аталған мәселеге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтағанын да айта кету керек.
Дәлірек айтар болсақ, кен өндіру жұмыстарының салдарынан сол маңға жақын аумақтағы ағын судың жүйелері бұзылып, судың барлығы бір жерге жиналған. Оған қоса, жер астынан шығатын қайнарлар тартылып қалған. Осындай түйткілдердің кесірінен жақын маңдағы ауыл тұрғындарында ауызсу тапшылығы байқалып, бірқатар шаруа қожалықтары малдарын суғару кезінде осы мәселеге тап болып отыр.
Кеңес отырысында Бірлік ауылының ақсақалдары ауылдағы «Шатыркөл» кен орнының қоймасы балабақшаға тым жақын орналасқанын айтып, оның да зияны тиіп жатқанын жеткізді. Сондықтан жиында айтылған мәселелер мен кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері ескеріле келе, қоғамдық кеңес бірауыздан бірнеше ұсынымды қабылдады. Атап айтсақ, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша экология департаментінің басшысы Б.Қалымбетовке «Шатыркөлде» кен өңдеуді әзірлеу және тасымалдау кезінде экология мен қоршаған ортаға кері әсер ету жағдайларының алдын алу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, Бірлік стансасында радиациялық фонды күнделікті өлшеу үшін электронды табло орнату тетіктерін қарастыруға ықпал етуді ұсынды. Ал «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаш-түстіметалл» өндірістік бірлестігіне қарасты «Шатыркөл» кен орнының директоры М.Ертаевқа кен орнынан Бірлік стансасына дейінгі аралықта кенді жабық күйде тасымалдауды, кен өндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан маңдағы ауылдық округтердің жайылымдық жерлерін қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды, кен орнынан Бірлік стансасына дейін теміржол құрылысын жүргізу тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жиында айтылған мәселелер тиісті министрлікке жеткізілетін болды.
Арсен БАЙЗАҚ,
Жамбыл облысы