Ата-аналар Білім және ғылым министріне шағыммен жүгінді. Олар оқулықтарды сынайды. Сондай-ақ балалардың білім деңгейін бағалауда күлегеш-өңтаңбалардан бас тартуды сұрайды. Азаматтар министрге балалардың сауатсыздығының шынайы себептерін анықтап, сонымен нақты күресуді ұсынады.
4-сынып оқушысының анасы Әсел Еңсебаева «Білім беру жүйесі балалардың оқу үлгеріміне өте теріс ықпал етеді» дейді.
– Қазіргі балаларда озат болуға, сабақты жақсы оқуға еш ынта-ықылас жоқ. Себебі баға орнына өңтаңба жапсырады, мұғалім кейде оқушы үздік жауап берсе де «смайлигім бітіп қалды» деп ештеңе жапсырмайды. Үй тапсырмасын орындағаны үшін баға қойылмайды. Баланың үй жаттығуларын ұдайы орындауы жиынтық бағалауға еш ықпал етпейді. Оқулықтар да жете пысықталмаған, не сұрайтынын бала түгіл, ересек түсінбейді, – дейді ол.
Ә.Еңсебаеваның айтуынша, мектептердің проблемасы бастан асады. Мысалы, қазақ тілі, ағылшын тілі мұғалімдері жиі ауысады, сөйтіп, оқушылардың біліміне нұқсан келтіреді.
«Әсіресе, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика оқулықтарында өтіп отырған жаңа тақырып туралы ақпарат өте аз, тақырып бойынша мысалдар сирек. Бұл ақпараттар үйде қайталап, санаға тоқи түсу үшін аса қажет. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде кейбір мектептерде бір сыныпта 35-38 оқушы отырады. Мұғалімнің не айтып жатқаны шәкірттердің барлығына бірдей естілмейді. Бала қайдан жақсы білім алсын?» – дейді оқушының анасы.
БҒМ-ге алда басталатын «Бөлім бойынша жиынтық бағалауға» (СОР) қатысты сұрақтар түсуде. Ата-аналар онда баладан не сұрарын білмей, бас қатыруда екен. Олардың біразы таяуда «қолданыстағы білім беру жүйесіне қарсы петицияға қол қойғандарын» ескертеді. Себебі мектеп лайықты білім бермегендіктен, репетитор жалдауға отбасылардың көбінің жағдайы келе бермейді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов азаматтардың шағымдарымен танысып шығыпты.
Ол күлегеш-өңтаңбалардан бас тартпайтынын білдірді. БҒМ басшысының айтуынша, балалар сабақта бағалау орнына өз білімін жақсарту жөнінде сапалы ұсынымдар алады. Мысалы, көңілсіз өңтаңба – ары қарай талаптан, ал күлегеш – білімің өте жақсы деген сияқты.
– Бұл тек оқушыға ғана емес, ата-анаға да маңызды. Ол осы арқылы баласының оқудағы ілгерілеуін қадағалай алады. Күн сайынғы оқу жетістіктері жиынтық бағалауға еш әсер етпейді деген де дұрыс емес, сол арқылы бала қорытынды сынақ тапсыру жолында кезең-кезеңмен білімін қордалайды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол «бөлім бойынша жиынтық бағалау» (СОР) және «тоқсандық жиынтық бағалау» (СОЧ) сұрақтарын мұғалім өз бетінше қалыптастыруға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл ретте ол сұрақтар «өтілген материалдан ауытқып кетпеуге» тиіс көрінеді.
Ал білім ордаларында қазақ және ағылшын тілдері мұғалімдерінің тұрақтамайтынына қатысты пікір білдірген БҒМ басшысы «Білім туралы» заңына сәйкес, әр мектептің әкімшілігі кадрды дербес іріктеп, жұмысқа алатынына сілтеме жасады. Сондықтан ата-аналар педагогтердің білім деңгейіне шағымын жергілікті білім беру басқармасына бағыттағаны жөн.