Атақты футболист Криштиану Роналду, Голливуд жұлдызы Николь Кидман, британ әншісі Элтон Джон, пуэрторикан поп-музыканты Рики Мартин, Ресей эстрадасының «примадоннасы» Алла Пугачева суррогат ана жалдап, перзент сүйгенін мақтан етеді. Ал Қазақстан Үкіметі осыны қалаған отандық «жұлдыздар» мен олардың жолын қуушыларды бұл мүмкіндіктен айырды. Елде «суррогат ана стандарты» жарияланды.
Пенденің бұл дүниедегі басты бір міндеті – перзент сүю, үрім-бұтағын жалғастыру. Осы арқылы адамзат өзін өлмес етеді, мәңгіліктің жазығына құлаш ұрады. Баласы болмаған отбасы – суалған теңіз, қуарған бәйтерек. Бақыттың киесі де, төресі де – өмірге бала әкелу.
Бағзы замандардан бері мұндай бақыттан айырылғандар осы баққа кірудің кілтін, түрлі тәсілін іздеумен болған. Француз заңгерлік антропологиясы қауымдастығының негізін қалаушы, аты әлемге мәшһүр ғалым Норбер Руланның дерегінше, Ежелгі Римде заң жүзінде кейбір еркектерге өз зайыбын әйелі бедеу отбасыға жалға беруге рұқсат етіліпті. Осыған орай «құрсақты қарызға беру» термині қолданылды. Әрине, ол кезде ұрықты шыны түтікте өсіріп, жатырға медициналық жолмен көшіру ойлап табылмаған, сондықтан бәрі табиғи жолмен жүзеге асырылатын.
Көрші орыс елінде белгілі бір ақыға басқаның баласын туып беретін әйелге қатысты «котелок», «сумка», «котомка», «лодка» ұғымдары арналыпты. Сонымен қатар «Не та мать, что родила, а та, что воспитала» деген қағида етек жайды.
Алаяқтар айласын асыра алмайды
Өзгеде кең тараған мұндай құбылыс қазақ елінде болмаған. Рас, «тексіз» саналған, тақыр кедей отбасылар тауқыметтен құтылудан дәметіп, не басқа бір қысыммен «төреден тұқым алу» дәстүріне жүгінген. Бірақ оның бедеулікке еш қатысы жоғы мәлім.
Бөтеннің ұрпағына «инкубатор» ана болу тарихы Қазақстанда 1998 жылдан бастау алады. Сол жылы «Неке және отбасы туралы» заңы қабылданды және онда «қосалқы репродуктивтік технологиялардың» осы әдісі заңдастырылды. Бұл ретте Үкімет пен Парламент заңгерлері тіл мамандарымен кеңесе отырып, «құрсақ ана» деген терминді бекітті. Заң жобасын талқылау барысында қоғамымыз мұның не үшін керегіне қанықты. Әйткенмен республикада экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) маманданған алғашқы клиникалар ашылып, жан-жақты қызмет ұсына бастағанға дейін бұл бапқа сонша сұраныс та байқалмаған. 1999 жылы Адамды репродукциялау орталығы суррогат ана болуға қатысты тұңғыш операциясын өткізді.
2004 жылғы 16 маусымда «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» заң қабылданды. Ол «құрсақ аналарды» еш сөзсіз, шусыз, даусыз туған баласын тапсырушыға беруге міндеттеді.
Кейін, 2009 жылғы 18 қыркүйекте салаға арналған, суррогат ана болудың құқықтық негізін нығайтқан жеке заңның күші жойылды. Ал ондағы нормалар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» және «Неке және отбасы туралы» кодекстеріне таратылды.
Отандық ғалымдар Г.Атабаева мен Р.Хафизова саланы құқықтық реттеуге қатысты зерттеу еңбегінде Қазақстан заңнамасының бір ерекшелігіне назар аудартады. Атап айтқанда, бізде құрсақ ана тапсырыс берілген баланы дүниеге әкеле сала, оған деген барлық құқығынан айырылады және бұдан былай ол сәбиге түк қатысы болмайды. Генетикалық шеше бірден сол перзенттің ресми түрде анасы атанып, туу туралы куәлігіне жазылады. Соның арқасында «сурананың» баланы бермей қоюы, қосымша сыйақы талап етуі, «жеке құпияңды жария етем» деп қоқан-лоққы жасауы секілді әртүрлі алаяқтық пен спекуляциялардың жолы кесілді.
Ал Ресей, Батыстың бірқатар елдері ондай даудан басы арылмауда, себебі оларда құрсақ ана бөбектен бас тартатыны туралы өтініш жазғаннан кейін ғана генетикалық ата-ана ресми танылады.
Әйтсе де, Қазақстан заңнамасы «тапсырыс берушілерге» де үлкен жауапкершілік жүктейді: егер «инкубатор» анамен келісімге отырған отбасы сол уақытта ажырасып кетсе, әл-ауқаты төмендесе, сондай-ақ бала кемтар болса, не сал, аутизм секілді дерті анықталса, бәрібір сәбиден бас тарта алмайды. Біріншіден, олар құрсақ анаға уағдаласқан әрі келісімде бекітілген соманы толық төлеуге міндетті. Екіншіден, олар баланың өмір есігін аша сала солардың отбасында мұрагер құқығына ие болатынын естен шығармауы қажет. Осы арқылы заңнама баланың құқығын да қорғайды.
Құрсақ жалдау бизнесі өрістеуде
Әлемдегі ең танымал әрі бай футболистердің бірі Криштиану Роналду 2010 жылы құрсақ ана арқасында ұлды болу үшін 10 млн евродай (4,2 миллиард теңгедей) шығындаған. Себебі екі ананы жалдады: біреуі аналық тұқым жасушасын ұсынған, екіншісі – тоғыз ай толғатқан. Қазақстанда «сураналардың» сұранысы әлдеқайда аз. Бірақ бізде де бұл қызмет тек дәулетті отбасылар үшін ғана қолжетімді саналады.
Елімізде құрсақ ана мен «тапсырыс берушілер» арасында келісім бекітуге медициналық ұйымдар араағайын болып жүр. Тиісінше, суррогат ананы бет-бейнесі, сыр-сымбаты, ұлты, нәсілі және басқа көрсеткіштері бойынша таңдап алуға ЭКҰ орталықтары және суррогат ана болудың мамандандырылған орталықтары көмектеседі: олар осыған қабілетті, ынталы, тәжірибелі әйелдердің арнайы дерекқорына ие. Оны қарау үшін қомақты сыйақы төлейсіз.
Егер отбасы құрсақ ананы өз бетінше іздеймін десе, оған тосқауыл жоқ. Мамандандырылған форумдар «Сурмама боламын!» деген хабарландыруларға толы. Олар клиенттің төлем қабілеттілігіне қарай 6 миллион теңгеге, кейбірі 15-30 мың доллар, кейде одан көп сыйақыға «тірі инкубатор» болуға әзір. Бірақ тапсырыс берушінің шығыны мұнымен бітпейді: ол 50 мың теңгеден басталатын «айлық» төлеп тұруы, «сурмаманың» дәрі-дәрмегіне, медициналық тексерулер мен процедураларға, кейде дәруменді азық-түлігіне кететін шығыстарын көтеруі, жүктілерге арналған киім-кешек сатып әперуі шарт. Егер егіз туса, клиент сыйақыны кем дегенде 30%-ға арттыруы тиіс.
Алматы, Нұр-Сұлтан, өзге қалалардағы деректер базасына Қазақстан тұрмақ, тіпті Ресей тұрғындары үшін «инкубатор» болуға әзір жап-жас қазақ қыздары ұшырасады. Олар бұл қызметі үшін 1 миллионнан 7 миллионға дейін рубль сұрайды. Тіпті, біріне клиент қолқа салып, ЭКҰ-ға сенбейтінін, табиғи ұрықтандыруды қолай көретінін, егер барлық талаптарға жауап берсе, 20 млн рубль беретінін мәлімдеген.
«Көгілдірлерге» қолжетімсіз қызмет
Жалпы, құрсағынан пайда табуға бел буған кез келген адам «суррогат ана» атана алмайды. Қазақстандық заңнама қатаң талаптар қояды. Ең алдымен, құрсақ ана болуға тек 20-дан 35 жасқа дейінгі жас әйелдерге ғана рұқсат етіледі. Денеден тыс ұрықтандыру әдісін елімізде алғаш рет енгізген эмбриолог Салтанат Байқошқарованың түсіндіруінше, 40-тағы және одан асқан әйелдің жатырында эмбрионның тұрақтап, өсіп-жетілуі қиынға түспек.
Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың басында «Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялар көрсетуді ұйымдастыру стандартын» жариялады. Оған сәйкес, құрсақ ананың денсаулығы мықты болуы, психиатр тексеруінен абыроймен өтуі талап етіледі. Ол мерезге, АИТВ-ға, В және С гепатиттеріне, сондай-ақ хламидиоз, уреаплазма, микоплазма, ВПГ, ЦМВ, токсоплазмоз, қызамық (краснуха) секілді инфекцияларға тексеріледі. Құрсақ қуысы ағзаларының УДЗ, ЭКГ, қан талдауы, коагулограмма, флюорография секілді көптеген қосымша тексерулерден лайықты өтуі міндет.
Бұдан өзге, «сурананың» өзінің кем дегенде бір баласы болуы шарт. Егер тұрмыс құрған болса, ерінен рәсімделген түрде рұқсат алуы тиіс.
Қазақстан заңнамасы құрсақ анаға тапсырыс берушілерге де қатал. Мысалы, «сымбатын бұзбау» үшін баласын көтеруді өзгеге жүктеуге тыйым салынады. Батыс елдерінен тағы бір айырмашылығы сол, мемлекетімізде жалғызбасты ер адамға, азаматтық некедегі отбасыға, гомосексуалды жұпқа суррогаттық анамен келісімге отыруына жол берілмейді. Жасырын мәмілелессе, бала оларға берілмейді.
ДСМ-нің жаңарған стандартында суррогат тәсілін қолданып, сәбилі бола алатындардың нақты санаты белгіленген. Оған сай, біріншіден, тұрмыс құрған әйелдің туа бітті немесе дерт кесірінен жатыры болмаса, екіншіден, имплантацияға және жүктілікті көтеруге кедергі келтіретін қуыс немесе жатыр мойны деформациясы туындаса, үшіншіден, эндометрия патологиясы (эндометрия атрофиясы, емге келмейтін жатыр қуысының синехиясы) орын алса, сонда ғана отбасы құрсақ ана бағдарламасына жүгіне алады.
Төртіншіден, зайыбының бойында жүктілікті көтеруге мүмкіндік бермейтін соматикалық аурулары бар болса; бесіншіден, ЭКҰ әдісімен жоғары сапалы эмбриондар бірнеше рет енгізілгеніне қарамастан, жұбайының бойына бала бітпесе, ондай отбасыларға да суррогат ана қызметін пайдалануына рұқсат.
Елдос СЕНБАЙ