Әлімжеттік пен зорлық-зомбылық мектептерге дендей енген. Қазақстандық әрбір бесінші жасөспірім не буллингтің құрбанына айналады немесе өзі соған қатысады. Жаңа заманда бұған кибербуллинг қосылып отыр. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау орталығы хабарлады.
Ағылшынның bully, яғни қорқыту сөзінен туындаған буллинг әлем елдеріндегі барлық мектептерде кең таралған құбылыс. Ол тек күш қолданылатын агрессияны ғана білдірмейді, бұл психологиялық қысымнан, қорқытып-үркітуден, өсек таратудан, қоқан-лоқы жасап, ақша талап етуден, мазақтаудан көрініс береді.
– 2018 жылы қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ғалымдарының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» атты зерттеу тобы жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін анықтау үшін оқушылар арасында сауалнама жүргізді. Мұндай көрсеткіштерді зерттеу тобы әр 4 жыл сайын жинайды. Сауалнама барысында шәкірттерден соңғы 2 айда олардың буллинг түрлеріне қаншалықты жиі қатысқаны, не болмаса өздері соның құрбанына айналғаны туралы сұрақтарға жауап беруді өтіндік, – деп түсіндірді орталық мамандары.
Зерттеу тобы ғалымдарының байламынша, әлімжеттікке қатысушылардың да, оның нысанына айналғандардың да болашақта психикасында проблема тууы ықтимал.
Сонымен, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір және одан көп рет буллингке душар болған. Ауылға (14 пайыз) қарағанда, бұл құбылыс қала оқушылары (19 пайыз) арасында жиі бой көрсетеді. Қыз балалар арасында қор болатындар үлесі 18-20 пайызға дейін жетеді.
Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жақындағанда 13-15 пайызға дейін азаяды.
Мектепте басқа оқушының намысын таптауға 11-15 жастағы ер жасөспірімдердің 25 пайызы айына бір немесе бірнеше рет қатысқан. Зорлықшыл қыздардың үлесі – 15 пайыз. Мұндай қарау қарекеттерге, әсіресе 11 және 13 жастағы ер балалар бейім тұратын көрінеді.
«Мұның сыртында жаңа технологиялардың дамуы және әлеуметтік желілердің танымал болуы нәтижесінде кибербуллинг пайда болды. Бұл жаңа түріне интернет арқылы әлдебір оқушының ар-намысын қорлайтын хабарламалар жіберу, әлеуметтік желідегі аккаунтта менменсіген пікірлер жазу, ұятқа қалдыратын фотосуреттерін орналастыру, сондай-ақ электронды форматта біреуді қорқыту, доқ көрсету жатады. Кибербуллинг жасөспірімнің денсаулығына кері ықпал етеді және оның бойында депрессия, мазасыздық, өзін-өзі төмен бағалау, көңіл күйдің бұзылуын тудыруы, психобелсенді заттарды қолдануға итермелеуі, тіпті өзіне-өзі қол салуға соқтыруы ықтимал», – деп ескертеді зерттеуші ғалымдар.
11-15 жастағы қазақстандық жасөспірімдердің 12 пайызы көп мәрте кибербуллингке ұшырағаны айқындалды. Осындай тәсілмен басқа баланың жігерін жасытуға жасөспірімдердің 11 пайызы атсалысқан.
Ғалымдар пікірінше, мектептегі әлімжеттікті азайту үшін буллингтің алдын алу бағдарламасын енгізу, ата-аналарды тарту, тәртіпке шақыру әдістерін қолдану, мектепте достық ауанды және әлеуметтік ахуалды жақсарту, балаларды қадағалау шараларын енгізу қажет.
Ұлттық деңгейде кешенді стратегия, профилактикалық бағдарламалар, жұртшылықты кең ақпараттандыру, буллинг-кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды.