Гранттың миллиондарын кім игермек?
Гранттың миллиондарын кім игермек?
238
оқылды

Биыл өңірлердегі оқу­шы­­лар­дың белгілі бір тобы Ұлт­тық бірың­ғай тесті­леуге да­йындық үшін қинал­ма­са болады. Елі­міздің ауыл­дық жерлеріндегі орта мек­тептердің жоғары сы­нып оқу­шы­ларын ҰБТ-ға волонтер­лер дайындайды. Иә, олар биыл­ғы мектеп бітірушілердің ағыл­шын тілі, ком­пьютер жә­не құқықтық сауатын кө­теруге көмектеседі. Бір­ден ай­тайық, бұл жеңілдік мектеп түлек­терінің бәріне бірдей бұйыр­­майды. Азаматтық баста­маларды қолдау орталығы (АБҚО) арқылы үкіметтік емес ұйымдарға үлестірілетін мем­лекеттік гранттар жос­парындағы осы және өзге де мә­селелер назарымызды аударды, сол туралы сөз етуді жөн көрдік.

Волонтерлер шоғыры қалыптасады

Жалпы, биыл АБҚО арқылы үкіметтік емес ұйымдарға 1 млрд 131 млн теңгеден астам мемлекеттік грант конкурс арқылы беріледі.

Биылғы гранттың ерекшелігі сол, іс-шаралардың басым бөлігі Волонтер жылымен байланысты түзілген. Оның бір мысалы сөз басында айтылған Birgemiz: Bilim жалпыұлттық жобасы. Жобаға АБҚО арқылы 231 млн теңгеден ас­там қаржы жұмсалады. Бұл қар­­жыдан әр аймақ үшін 15 млн тең­геден беріледі.

Ал денсаулық сақтау са­ла­сы бойынша Birgemiz: Saýlyq жал­пыұлттық жобасында науқас­тарды күтуге, оның ішінде хос­пистерде, онкологиялық диспан­серлерде кө­мек көрсетуге де во­лонтерлер тар­тылады. Барлық облыстар мен Алматы, Шымкент және Нұр-Сұл­тан қалаларында жүзеге асатын бұл жоба шеңберінде Алматы қаласында, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында волонтер болуға ниет білдірушілер үшін консультациялар, кездесулер мен оқыту іс-шараларын өткізу үшін 3 орталық құрылады. Соны­мен бір­ге волонтерлік баста­ма­ларды қолдауға бағытталған бай­қаулар ұйымдастырылады, шағын гранттар (әрбір грант 300 мың теңгеге дейін) беріледі.

Қоршаған ортаны қорғау, өзен­дер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұ­рыптауға үйрететін Birgemiz: Taza Álem жоба­сын жүзеге асыру кезінде Ал­ма­тыда, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында волон­тер­лерге кеңес беретін орталықтар құрылады.

Қарттар үйлеріне, халықты әлеу­­меттік қорғау жүйесінің әлеу­­­меттік қыз­мет көрсету ор­та­­лықтарына во­лонтерлерді тар­ту Birgemiz: Qamqor жобасы шеңберінде іске асады. Ал жо­ғалған адамдарды іздестіру, зіл­­зала тәуекелдерін азайту, таби­ғи және техногендік сипаттағы тө­тенше жағдайлардың салда­рын жою жұмыстарын, отандастары­мыз­дың Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тағы ерліктері туралы баян­дай­тын құжаттарды іздестіруге во­лонтерлерді тарту мақсатында Birgemiz: Úmit жобасы қолға алын­бақ.

Жетім балаларға, толық емес және көпбалалы отбасылардағы балаларға көмек көрсету Birgemiz: Sabaqtastyq жобасы арқылы жүр­гізіледі. Тарихи-мәдени мұра ны­сандарын сақтау жобаларына да во­лонтерлерді тартып, Birgemiz: Asyl мura жалпыұлттық жобасын іске асыру жоспарланған. Бұл жо­ба­лардың әрқайсысына (Birgemiz: Bilim жобасынан басқа – ред.) 55 млн теңгеден астам қаржы қарас­ты­рыл­ған.


Мың бала қалай таңдалады?

Бұл жобалардың барлығы Волонтер жылымен байланысты екені белгілі. Атаулы жыл өткен соң АБҚО-ның мемлекеттік грант жоспарының атауы өзгеруі бек мүмкін. Себебі бұған дейінгі грант жоспарларында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасына ба­сымдық берілген-ді. Биыл атал­ған бағдарламаға қатысты тап­сырыс аз, сондықтан келер жылы во­лонтерлер жобадан «қуы­лып» жатса, таңғалмаймыз. Қалай десек те, биылғы мектеп бітірушілердің жолы болғалы тұр. Өйткені волонтерлер ауыл-аймақтағы мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындайды, бұрын-соңды ауыл жақта мұндай жоба болған емес. Бірақ жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, бұл мүмкіндікті бір облыстың мың баласы ғана пай­далана алады: ауылдық жерлердегі орта мектептердің жоғары сынып (8-11 сынып) оқушылары, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан іріктелген оқушылар об­лыстық, республикалық және ха­лық­аралық олимпиадаларға, ғы­лыми конкурстарға қатысуға, қоры­тынды аттестаттауға, ҰБТ-ға, ағыл­шын тілі, компьютерлік және құ­қықтық сауатын көтеруге мүм­кін­дік алмақ. Бір қарағанда, әдемі жоба. Бірақ келер жылы бұл жоба грант жоспарына енбей қалса, биылғы мектеп бітірушілер нағыз бақытты жандар болып қалмақ. Осылайша, әр өңірден 100 волонтер мың баланы дайындайтын болса, олардың тізімін кім түзеді? Себебі бір облыста әлеуметтің осал тобы статусындағы тұрғындар саны кем дегенде он мыңның айналасында. Олай болса, бұл жоба әлеуметтік жағынан осал топтың өзін түгел қамти ала ма?..

Birgemiz: Saýlyq жалпыұлттық жобасында хоспистер мен онко­логиялық диспансерлерде кө­мек көрсету үшін тартылатын волон­терлерді оқыту үшін 3 ор­та­лық құрылатынын айттық. Бұл жобаға медицина саласында білім алып жүрген студенттерді тартса, нәтижелі болар еді дейді бір ойымыз. Себебі олар денсаулық сақтау саласының өз өкілі сана­лады. Басқа салада білім алып жүр­ген жастарды волонтерлікке оқы­тып, дайындап болғанша атаулы жыл өте шықпай ма әрі артық шы­ғын шығарудың керегі бар ма?

 

Тұрақты бағыттардың нәтижесі нешік?

Еліміздегі мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналған ақ­параттық-консультациялық қызмет көрсету (5 млн теңге), жас­тар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау (162 млн теңге), отбасы-демографиялық және гендерлік мәселелерді ше­шуге жәрдемдесу (31 млн теңге), халықтың әлеуметтік осал тобын қолдау (117 млн теңге), азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау (75 млн теңге), қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту (29 млн теңге), сотталғандардың өз құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыру мен өмір­лік қиын жағдайға тап болған жастарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған консультациялық қыз­меттер көрсету (27 млн тең­ге) АБҚО арқылы берілетін мем­­­лекеттік грант жоспарынан түскен емес. Себебі бұл бағыт өте өзекті, сондықтан ел қазынасынан қаржы беруді құптаймыз. Ал ол жобалардың нәтижесі қандай?


Мысалы, отбасы-демогра­фия­лық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу бағыты ажы­расуды азайта алды ма? Жоқ. Статистика Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ажырасатынын айтады, әлем рейтингінде ажырасу бойынша 10-орында тұрмыз.

Мемлекеттік грант жоспарында жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жобаларға да қаржы (18 млн теңге) беріледі. Ал Қазақстан Орталық Азия елдерінде өзіне қол жұмсау оқиғаларының саны бойынша көш басында тұр, өкінішке қарай. Біз бюджет қаржысына атқарылған жұмыстардан, жобалардан нәтиже көргіміз келеді.


Ақпаратқа ашықтық қажет

Мемлекеттік гранттың тұ­рақ­ты бағыты – азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиім­ді­лігін арттыруға жәрдемдесу екені белгілі. Былтыр бұл бағытқа 289 млн теңгеден астам қаржы жұмсалса, биыл 248 млн теңге бөлініп отыр. Бұдан азаматтық қоғам дамыды дей аламыз ба? Айтқандай, азаматтық қоғам институттарының санатына кіретін Кәсіподақ ұйымы мен БАҚ саласы мемлекеттік гранттан сызылып қалыпты. Неге екені бел­гісіз, «Мемлекеттік жастар сая­сатын ақпараттық қолдау» ба­ғытына 11 млн теңгеден астам қар­жы бөлініп отыр. Мемлекеттің жастар саясатына БАҚ грантсыз да ақпараттық қолдау жасайтыны белгілі. Ендеше, бұл – біздіңше, ба­сы артық бағыт. Осы тұста мем­­ле­кет­тік грант жоспары қалай түзіледі, кім түзеді деген сұрақ туындайды. Бұл сауалдың жауабын АБҚО ресми сайтының «Жиі қойылатын сұрақтар» айдарынан табуға болады. Ол жерде «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру жоспарын мемлекеттік саясаттың, стратегиялық және бағдарлама­лық құжаттардың, Президент жол­дау­ларының басым бағыттары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі немесе жергілікті атқарушы ор­ган­дар қалыптастырады» делінген.

Ал экономист, Zertteu Research Institute-нің директоры Қуаныш Оңалбаев азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранттар жоспарындағы жобалар мақсатты ұйымдармен талқылануы тиіс деп санайды.

«Себебі жобалар құнының есебі қажеттілікке жауап беруі қажет. Қазіргі жағдайда қаржы бөлініп, конкурс жарияланып қойды, көп ұзамай грант иелері анықталады. Сондықтан енді жобалардың жү­­зеге асырылуының барынша ашық болуын қамтамасыз ету ке­рек. Мысалы, менде слеттер мен халықаралық сапарларға қатысты сұрақ бар. Мұндай қымбат жоба жекелеген адамдардың туристік сапарына айналып кетпей, волон­терлікті дамытуға ықпал етуі керек. Мемлекеттік грантқа бөлінген 632 млн теңгенің 553 миллионы волон­тер­лікке жұмсалады. Қалған 79 млн теңге түрлі зерттеулер мен ха­­лықаралық сапарларға бағыт­талады. Жобалардың қай-қайсысы да тиімді болуы үшін, бірінші кезекте, барлық процесс ашық жү­руі қажет. Осы елдің кез кел­ген азаматы үшін жобалар туралы мәліметтер қолжетімді болуы керек. Мәселен, Birgemiz: Bilim жобасын алсақ, бұл жоба әр об­лыстағы ауылдардағы 1 мың баланы ҰБТ-ға дайындауды көз­дейді. «Оқушылардың барлығы мем­лекеттің осындай мүмкіндік беріп отыр­ғанынан хабардар ма?», – дейді Қ.Оңалбаев.


Есеп берудің әлегі

Мемлекеттік гранттар жоспа­рында «үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу туралы» бағыт ба­рын, оған бөлінген қаржы көле­мін де жоғарыда жаздық. Бұл бағыт бойынша жүзеге асқан жоба нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдардың өз жұмысын жүргізу сауаты көтерілуі тиіс. Олар жоба бойынша жұмыс атқарып қоймай, сол жұмысы туралы есеп беруді де меңгеріп алуы қажет. Алайда бізге жеткен ақпар бойынша ай­мақтардан астанаға келіп, қара­шадан бері есебін өткізе алмай жүрген ҮЕҰ-лар бар. Жалпы, ҮЕҰ-лардың басым бөлігі жобаның есебін тапсырудың өзекті мәселе екенін айтады. Есеп берудің әле­гі­нен шаршағандар мемлекеттік грантқа жоламастай болғандарын айтып қалды.

«Екіжақты шарт жалпылама жазылады, тараптардың іс-әре­кеті нақтыланбайды, қажет бол­са, тапсырыс беруші қосымша ақ­парат сұратуға құқылы деп жа­зады. Ал сосын басталады, күнде телефон шалу, ана есеп қайда, мына есеп қайда, сайтқа неге шық­пай қалған? Шартта ол туралы жазылмаған десеңіз, «қосымша ақпарат сұратуға құқылы» екенін еске салады. Жүйке қалмайды. Мұндайда көше тазалап кеткің келеді», – дейді аты-жөнін атауды қаламаған сұхбаттасымыз.

Ал Жамбыл облыстық аза­мат­тық альянсы қауымдастығының президенті Зайтжан Юлдашев жобалар есебін электронды нұсқада тапсыруды ұсынады.

«Электронды нұсқада тапсыру біз сияқты өңірлердегі ҮЕҰ-лар үшін тиімді болар еді. Себебі есеп тапсырарда көп мәселе туын­дайды. Астанаға қайта-қайта ке­луге мәжбүрміз. Келіп-кету, қо­нақүй шығыны табысымыздан асып кетеді. Есеп тапсыру неге күрделі десек, Есеп комитетінің талабы солай дейді. Егер шартты сақтамай, қаржы игеруде заң бұзып жатсақ, аудит жіберуге болады ғой, атқарған жұмысымызға сенбесе, біз өткізетін іс-шараларға келіп қатысып көруге де болады. Бәріне есі­гіміз ашық. Есеп тапсырудан қа­жы­ған соң келесі жобаларға қа­ты­суға ниет қалмайтыны рас», – дей­ді ол.

Осы тұста мемлекеттік грантқа үміткер ретінде байқауға қатысар болсаңыз, өтінішті электронды нұсқада да, қағаз жүзінде де тапсыру керек екен. Бір жұмысты екі рет атқарудың тиімділігін көрген емес ек, бірақ бүгінгі талап солай болып тұр. Цифрландыруға бағыт алған елде қағаз нұсқада өтініш толтыру күлкілі жағдай. Тағы бір ескерер мәселе, мемлекеттік грант мемлекеттік бюджеттен төленеді. Ал ел қазынасынан жұмсалатын әрбір тиын қоғамның бақылауында бо­луы тиіс. Сондықтан жоба орын­­даушылардың АБҚО-ға тапсыр­ған шығармашылық, жұмыс (қар­жылық емес – ред.) есебін орта­лықтың ресми сайтына түгел жария­лау қажет. Бүгінгі таңда орталық­тың ресми сайтында ҮЕҰ-лардың жариялаған жұмыстары отызға толмайды. Басым бөлігі орыс тілінде. Осы тұста ҮЕҰ ара­сын­да мемлекеттік тілді ілгері­лету бойынша іс-шараларды ұйым­дастыруға да грант берілетінін астын сызып айтқымыз келеді. Алайда әзірге ҮЕҰ-ның жұмыс тілі орыс тілі күйінде тұр. Демек, бұл бағыттың да тиімділігін таразылап алған артық болмайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, азаматтық қоғамды дамытуға бюджеттен бөлінген қаражат нақ осы салаға жұмсалып, жобалар сапалы әрі тиімді жүзеге асуы міндет. Ол енді тек орталық оператордың ғана емес, грантты жүзеге асырушы ұйымдардың да жауапкершілігі.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ