«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» халық едік. Бүгінде ел аумағында ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға қамқорлық көрсететін 167 мекеме бар. Мұнда 4622 бүлдіршін тәрбие көріп жатыр. Бұл – БҒМ ресми дерегі. Ал жақында осы балаларды отбасыларға беруге қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Аталған заң ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, балалардың мекемелерге қайта қайтуын азайтуды көздейді. Жаңа тетіктерді биыл жазда іске қосу жоспарланған.
Атап айтсақ, «Неке және отбасы туралы» кодекске бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде маңыздысы – 14-тараудағы «Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерге және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарға аккредиттеу жүргізу» туралы өзгеріс. Бұған ата-аналардың бала асырап алу кезіндегі қағазбастылық, отбасына көмек көрсететін мамандардың жетіспеушілігі себеп болған. Яғни, осыдан кейін бұл шаруалармен арнайы агенттік айналысатын болады. Ал заңда мекемелердің міндеттері мен құқықтары көрсетілген. Қалыптасқан жағдай жайлы «Қазақстанның SOS Балалар ауылдары» КҚ бағдарламаларды дамыту директоры Мария Чернова пікір білдірді. Айтуынша, бала асырап алу тетіктерін қайта қарау керек. Себебі елімізде заң көбіне ата-аналар жағында болып шығады екен.
МАМАННЫҢ АРНАЙЫ КӨМЕГІ КЕРЕК
«Мысалы, біз ата-ананың дайын емес екенін көріп тұрсақ та, заң бойынша оларға баланы беруден бас тарта алмаймыз. Өйткені заң олардың жағында. Сонымен қатар көрсетіліп жатқан қызметтің сапасын қадағалайтын стандарттар да жоқ. Ондай стандарт болса, болашақта баламен қалай жұмыс істеп жатқанын тексеріп отыруға болар еді. Қамқорлық жасайтын органдарда бала асырап алған отбасына көмек көрсететін мамандар жетіспейді. Өйткені ата-ана көп жағдайда жауапкершілікке, бала асырап алудың ерекшеліктеріне дайын болмай шығады».
Маманның айтуынша, бұл жағдайда оларға не істеу керегін, қалай әрекет еткен дұрысырақ екенін айтатын мамандар көмегі керек. Ондай болмаған жағдайда балаларды кері қайтаруы мүмкін. «Ана үйі» қоғамдық қорының жанындағы агенттіктің дерегі бойынша, орта есеппен асырауға берілген балдырғандардың 20 пайызы қайтып келеді екен.
«Жүйеге реформа керек. Қазіргі жүйемен тиімді жұмыс істей алмай отырмыз. Сондықтан бірыңғай мемлекеттік стратегия жасау керек. Оған мемлекеттік емес, сондай-ақ халықаралық ұйымдар кіріп, мемлекет басқаруы тиіс. Дұрыс жүйе болғанда ғана балаларды қайтару азаяды. Былтыр менің білуімше, бұл көрсеткіш он пайыз болған. Ал бізде 65 баланың үшеуі қайтып келді».
Маманның айтуынша, екі жағдайда ата-аналар бейімделу кезеңінен өте алмаған. Үшіншісінде баланы қайтарып алуға отбасындағы қатыгездік себеп болыпты. Үш жағдайда да ата-ана психологтардың көмегінен бас тартқан.
АГЕНТТІК ӨЗ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНАДЫ
Мемлекет бұл мәселені мемлекеттік емес органдардың көмегімен шешпек. Ал агенттік бұған өз ресурстарын пайдаланады. Оның ішіне мекемелерге түскен баланың туыстарын іздеу, бала асырап алғысы келетін отбасыларды дайындау және асырап алған соң да бақылап, психологиялық қолдау көрсету кірмек. «Бұл баланың жаңа отбасына сіңісіп кетуін жеңілдетеді» дейді мамандар. Бұған дейін аталмыш аккредиттеу жүйесі шетелдіктерге қызмет көрсететін агенттіктерге міндеттелген болатын.
«Жетімін жылатпайтын біздің елде асырап алған баланың жаңа отбасына сыймауы санамызды материалдық құндылықтардың билеуінде» деп санайды Елжас Ертайұлы. Яғни, рухани аспектілерге көңіл бөлуді ысырып қоюымыз үлкендер мен жас ұрпақтың арасында түсініспеушілік туындауының негізгі себебі болып отыр. «Өзге тұрмақ өз ұрпағының киімі көк, қарны тоқ болуын ғана көздейтін ата-аналардың баласын мейірленіп маңдайынан иіскеуге уақыты бола бермейді» дейді ол.
«Кейбір ата-аналар баласын жарқыратып киіндіріп, қолына смартфон ұстатқанына мәз болып жүр десек болады. Яғни, олар баланың ішкі жан-дүниесі мен рухани дамуы сияқты мәселелерге көп көңіл бөле қоймайды. Бұл балаға әсер етеді. Оның рухани тұрғыдан азғындауы болашақта тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін. Қазіргі бала тәрбиесінде негізгі мәселе – осы».
Маман сондай-ақ баланы басқаруға тырысу да оның ертеңіне кері әсер ететін әдіс дейді. Ал үшіншіден, ересектердің бала тәрбиесіне немқұрайды қарауы мен ізденістің аз болуы да оң әсер етеді екен. Сондықтан «ата көрген оқ жонарын» әрдайым есте ұстауға кеңес береді.
«Ата-аналармен жұмыс істеп, осы саланы зерттеп жүрген адам ретінде айтарым, қазіргі таңда балаларды тәрбиелеуден гөрі үлкендерді тәрбиелеу көбірек қажет секілді. Мектептегі ата-аналардың чатына кірсеңіз, ата-аналардың мұғаліммен қарым-қатынасын бірден байқауға болады. Немесе ауладағы көршілердің болмашы нәрсеге бола жаға жыртысқанын да көріп жүрміз. Сондықтан үлкендердің өздерін тәрбиелеуі маңызды деген пікірдемін», – деп түйіндеді Елжан Ертайұлы.
Зерттеушінің сөзінің жаны бар. Бұл пікірмен бала қамқорлығымен айналысатын мамандар да келісіп отыр. Жетім балалардың отбасына сіңісіп кетуі үшін шексіз мейірімнен гөрі, олармен түсінісу – маңыздырақ. Заңның бір тармағы көрсеткен ата-аналарға арналған міндетті дайындық курсы осыны көздейді. Жауапты қадамға бармай тұрып қиындықтарға саналы түрде дайын болуымыз керек. Сонда балалар үйіне қайта оралатын балғындар мәселесі өздігінен шешілмек.
Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ