Оңтүстік өңірде, яғни Шымкент қаласы мен Түркістан облысында тарихи-мәдени орындар талқандалып жатыр. Бұл туралы газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде де айтқан едік. Ол кезде Шымкент қаласының аумағындағы Тұран шағынауданында орналасқан VIII-X ғасырлардағы атауы жоқ тарихи-мәдени ескерткіш жайында сөз қозғадық. Жергілікті маңызы бар, ортағасырлардан сақталып келе жатқан ескерткіштің құрылыс материалдарына пайдаланылып жатқаны жөнінде археоологтердің, табиғат жанашырларының жанайқайын жеткіздік.
Мәдени ескерткіш емес, мәдени шара маңызды болған
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Байтанаев Шымкент қаласындағы тарихи ескерткіштерді сақтау бойынша проблеманың көп екеніне қарамастан жергілікті биліктің мұндай киелі орындарға аса көңіл аудармайтынына қынжылады. Археолог «шаһардағы тарихи ескерткіштердің ахуалын, көне дәуірде қандай қалалар болғаны жөнінде, олардың орнын Мәдениет басқармасы не әкімдік білмейді» деп ашынған болатын. Айтса айтқандай, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова басқармада мәдени мұраларды қорғауға бекітілген арнайы бөлімнің де, маманның да жоқ екенін жасырмады. Тіпті, мәдени-тарихи орындардың тізімі де, күтімі де Шымкент қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының құзырында екенін айтып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Демек, шымкенттік мәдениет саласының билігі тарихи орындарды жылы жауып қойған. Сонымен, шымкенттік табиғат жанашырлары дабыл қаққан тағы бір киелі орын – Құрлық қалажұрты (X-XII ғ.ғ.). Бұл ежелгі қала сонау 1990-жылдардың басында табылған. Шымкент қаласының аумағына кіретін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан. Бүгінде осынау қалажұрт да жер астында жоғалып кетуі мүмкін. «Археологиялық сараптама» орталығы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ортағасырлық Құрлық қалажұртының жойылу қаупі бар екенін анықтаған. Мұнда ауқымды құрылыс жобаларының бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы жүрген. Кезінде осы мәселе бойынша дабыл қағылып, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мәселе зерттеліп болмайынша, құрылыс жүрмейді деп жауап берген-ді. Алайда тура сол жылы, яғни 2011 жылы Шымкент қаласының бас жоспарының өзгеруіне байланысты «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» магистральды автожолының оңтүстік жақ беті 2014 жылы түгелімен Шымкент қаласының аумағына өткен. Қазір бұл аумақ Шымкент қаласы, Қаратау ауданының аумағындағы жер. Профессор Бауыржан Байтанаев ағамыз айтып өткендей, жергілікті биліктің мұндай киелі орындарға аса көңіл аудармайтынының дәлелі осы болса керек. Бүгінде ежелгі қалажұрттың жартысы тегістеліп, жүк көліктері аялдайтын орынға айналыпты. Өкінішті...Адам сүйектері шашылып жатыр
Ал енді Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы жағдай мүлдем қиын. Дәл қазір Төлеби өңірінің аумағында орналасқан Сұлтан-Рабат (VIII-XIV ғғ.) және Қарауылтөбе (I-V ғғ.) учаскелерінде бульдозерлер күні-түні осынау ортағасырлық тарихи орынды талқандап жатыр. Көне қалашық тас- талқаны шығып, карьерге пайдаланылуда. Ерекше қорғалуға жататын аумақ жекенің меншігіне өткен. Түркістан облысы Мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» мекемесінің бөлім меңгерушісі Бақытжан Сабаев мұнда көне қыш ыдыстары ғана емес, адам сүйектерінің де шашылып жатқанын айтады. «Бұл Жібек Жолы бойындағы үлкен қала болған. Бірнеше жылдан бері карьер алынып жатқан аумақта мәдени қабат түгелдей қазылып кетті. Алайда әлі түйіні тарқатылмай келеді» деп қынжылды ол. Бұл туралы сол аумақтағы Киелітас ауылының тұрғындары да дабыл қағуда. Олар ата-бабаларының сүйектері аяқасты болып, шашылып жатқанына ашуланады. Тарихи орындағы бұл сұмдық жағдайға куә болған Бақытжан Сабаев осында келген Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Қанат Мылтықбаевтың екіұшты жауабына көңілі толмағанын жеткізді. Әкімнің орынбасары бұл жайт бойынша әлі зерделеу жұмыстарын жүргізіп, комиссия құрып, кінәлілерді жазалайтынын айтты. Ал Төлеби ауданы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, бұл аумақ Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 28.03.2008 жылғы №88 санды қаулысы негізінде «Карим-Т» ЖШС-не Төлеби ауданы, Қазығұрт ауылдық округі аумағынан алаңы – 4 гектар жер учаскесін саз топырақ өндіру үшін ұзақмерзімді жер пайдалану құқығымен жалға берілген. Кадастрлық нөмірі 19-298-080-2025 санды сәйкестендіру құжаты рәсімделген. Аталған жер учаскесі тарихи-мәдени ескерткіштiң аумағына кірмейді, шекаралас орналасқан. Ендеше әкім орынбасары кімді жазаламақ? Алайда Ескерткіштерді қорғау туралы заңға сәйкес, жерді қорғауға алынған объектіден кемінде 120 метр қашықтықта пайдалануға рұқсат етіледі. Сонда дейміз-ау, аудандық әкімдік қорғау аймағы екені жазылып тұрған белгінің жанында құрылыс жұмыстарының жүріп жатқанын көре тұра, тіпті адам сүйектері мен қыш ыдыстарының шашылып жатқанына қарамастан мұны тарихи-мәдени аумақ екенін мойындамағандарына жол болсын?! Тарих ғылымдарының докторы, археолог Александр Подушкин де бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр. «Мұның тарихи шығыны көп» дейді ол. «заңсыздықтан болып жатқан бұл бассыздықты тез арада тоқтату керек. Түркістан облысы әкімдігіне қарасты жауапты басқармалардың басшылары келіп, комиссия құрып, анықтасын. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөніндегі талаптар ескеріліп заңсыздық тыйылсын», – дейді ол. Ауыл тұрғындары дәл осындай жағдайға тап болған мәдени ескерткіштің бірі Қарауылтөбенің де талқандалып жатқанын, құрылыс алаңындағы құздардан орға қарай жыл сайын бірнеше мал құлап өлетінін айтып ашынды. Айта кетейік, бұл Оңтүстіктегі алғашқы жағдай емес. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, жергілікті билік талай қорғандар мен қалашықтарды экскаваторлар мен бульдозерлердің таптауына себепші болып отыр. Дәл бұлай жалғаса берсе, тарихымызды да ұмытып қалуымыз бек мүмкін... 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Билік тым болмаса осы күні мәдени-тарихи орындардың маңыздылығын еске алып, талқандалып жатқан орындарға араша түсер деген үміттеміз.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы