Мамыр айындағы Ресейдің Қазан қаласында болған оқиғаны сірә ешкім ұмыта қойған жоқ. 19 жастағы бозбала мектепте оқ жаудырып, талай адамды жайратып тастаған еді. Көп ұзамай дәрігерлер оған анықталмаған ауыр психоз деген диагноз қойды. Яғни, психикалық дертке шалдыққандардан да қоғамға келер қауіп бар. Ал елімізде қанша адам осы тәрізді ауруға ұшыраған? Адамдардың олардан сескенуіне себеп бар ма?
Ол оқиғадан Қазақстан да сабақ алды. Мектептердегі қауіпсіздікті күшейтетін болдық. Алайда психикалық дертпен есепте тұрғандарды ұмытпаған жөн. 2020 жылдың соңында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ұсынған дерекке қарасақ, елімізде 190 мыңға жуық адам психикалық дертке ұшырап, есепте тұр екен. Оның 73 мыңы ақыл-ойы кем деген диагнозбен, 56 мыңы мидың органикалық зақымға ұшырауымен психикалық ауруға шалдыққан. Ал 45 мыңы шизофренияға душар болған. Бірақ елімізде аффективті ауытқуы бар науқастар саны біршама аз. Мәселен, неврозбен 2 500, депрессия немесе маниямен 1 800 адам тіркелген. Сондай-ақ психоактивті заттарды пайдаланудан туған психикалық ауытқуға 92 мыңнан аса адам шалдыққан. Бұл санаттағы науқастардың басым бөлігінің жасы 30-55 арасында. Құқықбұзушылық әрекетке барған 191 адам мәжбүрлі түрде амбулаторлық емделуге жіберілген. Психатриялық ауруханаларда 39 адам дәл солай мәжбүрлі түрде ем қабылдап жатқан көрінеді. Ал 4 500 адам көз жұмып, есептен шығарылған. Енді мәселенің өзегіне оралсақ. Ауруға шалдыққандар есепте тұр, қажет кезінде емделе алады. Дегенмен сау адамдардың да жайын ойлаған абзал. Мысал ретінде қарасақ, ақыл-есі сау болса да «психикалық дертке ұшырап қалмаймын ба?» деген қорқыныш кез келген адамда болып тұрады екен. Ал мамандар «ақылымнан адасатын шығармын» деген үрейлер ауыл халқынан гөрі тығыз орналасқан қала халқында көп болатынын айтады. Көбіне мұндай уайым психиканың стресс пен артық салмаққа реакциясынан туады. Яғни, адамда еш ауру жоқ. Түрлі уайым мен семіздік сондай әсер береді. Бірақ адам психикалық кілтипанмен туады дегенге көп мамандар келіспейді екен. Науқастың туабітті пайда болған эндогенді кінәраты болса да, бәрібір зат алмасудың бұзылуы, ми жарақаты, тамыр ауруы, стресс сияқты ауруды қоздыратын себептер болады. Жалпы, соңғы кездері әлемде психикалық дерттер өрши бастағаны жиі айтылады. Дегенмен бұрын да жағдай мәз болмаған сыңайлы. Мысалы, кеңестік кезде, қайта құру уағындағы ресми мәліметтерге жүгінсек, КСРО аумағында 1978 жылы психатриялық есепте 4,5 миллион адам тұрған. Олардың саны 1988 жылдың басында 5,5 миллионға жеткен екен. Бұл мәселеде бір түйін туады. Адамдардың психикалық ауруға шалдықпауын алдын ала ойлағанымыз жөн тәрізді. Батыс елдерінде психикалық зерттеулер тым жақсы дамыған. Кез келген қылмыскердің санасына шолу жүргізіледі. Ал еліміздегі жағдай қандай? Қылмыс жасады деп түрмеге қамалғандардың ішінде психикалық ауытқулар жоқ деп айта аламыз ба?Мадияр ТӨЛЕУ