Майғазиев жұмысынан кетті. Неге?
Майғазиев жұмысынан кетті. Неге?
© sputnik.kz
274
оқылды

Қазір Шымкент жақта үлкен шу. «Сәкен Майғазиев кетіп қалыпты» деген ақпараттың дақпырты жер жарып тұр. Өткен жылдың соңғы айын­да ғана «Түркістан» сарайына лауазымды қызметке келгенін сүйін­шілеген жұрт 3-4 айдан кейін-ақ, Наурыз тойын өткізуге миллиондар жұмсапты деп Майғазиевтің басы дауға қалған-ды. Белгілі әнші наурызға жұмсалған 565 млн теңге туралы ақпаратты жалған деп бірнеше рет айтты.

Тіпті, жуырда өзінің Instagram парақ­шасына оқырмандарына бейнеүндеу жасап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тексеру нәтижесі бойынша таза болып шыққанын мәлімдеген болатын. Онда Майғазиев Шымкентке, яғни туған жеріне атақ пен байлықты, мансапты қуып келме­генін, Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың шақыртуымен өзінің шетелдерде алған білімін қалдырып кетуі үшін келгенін жеткізіп, сенімді сөйлеген. Ендеше бейнемәлімдеме жасағанына 10 күн өтпей жатып, Майғазиев неге орнынан кетті? Шымкент қаласы Мәдениет басқарма­сының Facebook әлеуметтік желісінің ресми парақшасында қаладағы мәдениет мекеме­лерінде кадрлық ауыс-түйіс болғанын хабар­лапты. Кадрлық ауыс-түйісте «Сакен Қорда­байұлы шығармашылық жұмыстардың қар­қын алуына байланысты «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директоры лауазымынан жеке өтініші бо­йынша өз еркімен босатылды» делінген. Бұл ақпарат шымкенттіктердің төбесінен жай түскендей әсер етті. Себебі кеше ғана шымкенттік балаларды өнерге баулып, білі­мін ұштауға белсене кіріскен талантты әнші­нің бірден қабылдаған шешімі көпшілікті ойлантып тастады. Әлеуметтік желіде түрлі пікір қайшылығы жүр. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram каналы арқылы Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғаларының «аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады» деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. «Олар мем­лекеттік органдардың лауазымды тұлғала­рына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатуы үшін 80 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінген. Аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды» делінген ресми ақпаратта. Осынау лауазымды тұлғалардың кім екенін біле алмай жұртшылық екіұдай пі­кірде қалған. Себебі Мәдениет басқарма­сының басшысы өзінің орынбасарының, басқа да қызметкерлерінің жұмыста екенін айтып ақталған-ды. 80 миллион теңге көлеміндегі параны беруі мүмкін қай мекеме екенін білмей сан-саққа жүгіртілген әңгіме де шықты. «Наурыз тойын тойлауға бөлінген қаражатқа қатысты емес пе?» деген ой көп­шіліктің көкейінде қалғаны рас. Олай болса, неге кеше ғана Наурыз тойын өткізуге қатыс­ты тендерлерде қол қойып жүрген Сәкен Майғазиев антикордың тексеруінен аман-есен өттім деп хабарлады?! Өкінішке қарай, Наурыз тойына немесе басқа да қар­жылар­дың заңсыз жаратылуынан болса керек, Сәкен Майғазиев басшылық жасайтын «Түр­кістан» сарайының есепшісі ұсталғанын естідік. Журналист Мият Кәшібай өнер жұлды­зына қатысты тағы бір заңсыздықтың бетін ашты. Бұл туралы ақпарат The Qazaq Times порталында жарияланған. Онда Шымкент қалалық мәдениет үйі Майғазиев директор болып тұрғанда Шәмші әндерінің концерті үшін ЦиMediaGroup ЖК-мен 60 млн теңгеге келісімшарт жасасқанын атап өткен. Алайда мемлекеттік сатып алу порталының мәліметі бойынша, осынау тендерді бір көзден алған компанияның мемлекеттік тіркеуге екі күн бұрын ғана тіркелгенін әшкерелейді. Демек, 14 шілде күні ғана тіркелген компания Шәмші әнде­рінің концерті үшін келісімшартты 16 шіл­деден бастаған. «Шымкент қалалық мәдениет үйі тіркелгеніне екі-ақ күн болған компанияға неге 60 млн теңгелік тендер берген?» деген тұрғыда айыптайды журналист. Мемлекеттік сатып алу порталында Шәм­ші әндерінің концерті 15 тамызда өтуі тиіс болатын. Біз «Шымкент қалалық мәде­ниет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК дирек­торы болған Сәкен Майғазиев кетіп қалған соң оның орынбасары Ғани Аманқұловқа хабарласқан едік. Өзінің мекемеге директор­дың міндетін атқарушы болып тағайындал­ғанын атап өткен ол Шәмші әндері концер­тінің өтпегенін мәлімдеді. Ғани Аманқұ­ловтың айтуынша, карантин талаптарының күшеюіне орай жоспарланған концерт өтпей қалған. «9 тамыз күні концертті өткізбеу туралы басқармадан хат келген болатын. Алайда ол кезде мекеме басшысы Сәкен Қордабайұлы денсаулығына байланысты демалыста еді. Ол 16 тамызда жұмысқа келі­сімен бірден жұмыстан кету туралы арызын жазған. Кеше мекеме басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Есепшімен бірге электронды кілтті жаңартып жатырмыз. Сондықтан келісімшартты бұзу туралы құжат жұмыстары енді басталады. Алайда, іс-шара өтпеді, ешқандай ақша ауда­рылған жоқ», – деді ол. Сонымен бірге жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрығына түскен бухгалтерге қатыс­ты сұрағанымызда, әзірге тергеу амал­да­рының жүріп жатқанын, сот шешіміне қарай белгілі болатынын жеткізді. Сонымен, Майғазиевке қатысты дау-дамай көбейіп кетті. Оның жұмыстан ойда-жоқта кетуіне не себеп?! Наурыз тойына жұмсалған 565 млн тең­геге қатысты ма, әлде есепшісінің антикор­дың құрығына ілінгені ме?! Мемлекеттік порталға тіркелгеніне бар-жоғы екі-ақ күн болған мекемеге Шәмші әндерін өткізу үшін бақандай 60 млн теңгені сеніп тапсыруы да күдік ұялатады. Баз біреулер мұны алдыңғы қаржыны жабу үшін өздерінің ашқан «ЖК»-сы деп жатыр. Қалай болғанда да бір кілти­панның бары рас. Біз мәселені Майғазиевтің өзінен естігі­міз келгенімен телефоны жабық тұрды. Ал осы салаға жауапты қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан денсаулығына байланысты демалыста болып шықты. Шетелде оқып, білімін шыңдаған бірқа­тар лауазымды қызметте жұмыс атқарып, тәжірибе жинап келген Шыңғыс Мұқан өзіне қарасты салалардың біразына елімізге танымал тұлғаларды алып келгені белгілі. Өкінішке қарай, Шымкентті дамытамыз деп келген осынау белгілі жандардың біртіндеп кетіп жатқаны қынжылтады. Соның бірі – дарынды дәрігер, елімізге танымал нейро­хи­рург Мыңжылқы Бердіқоджаевтың да ке­луінен кетуі жылдам болды. Бүгінде елімізге белгілі нейрохирургтің кетуіне қатысты да түрлі алыпқашпа әңгіме бар. Тіпті, дәрігердің өзімен сөйлескенімізде Шымкенттегі билікке ренжіп кеткендей сыңай танытты. Одан бөлек, Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы болып ақпан айында ғана келген белгілі журналист Мәди Манатбектің де қызметтен кетіп қалуы күдік тудырады. Айтпағымыз бұл емес, әри­не. Шымкентке келген танымал жандардың арыны неге басылып қалды екен?!

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы