Байлық салығы «байланып» тұр
Байлық салығы «байланып» тұр
471
оқылды
Қазақстанда аста-төк сән-салтанатқа салық салу керек екені депутаттар мен экономистер тарапынан жиі айтылып жүр. Тіпті, биыл Қаржы министрлігі соның нәтижесінде нақты тұжырым бекітуге уәде берді. Бірақ одан еліміздегі бай мен кедей арасындағы айырмашылық азая қояды деу ақылға сыймайтынға ұқсайды. Өйткені вилла салып, яхта сатып алған байлар тізіміне көбірек жалақы алатын, шағын дүкен ашқан қарапайым азаматтар да еніп кетуі мүмкін.

Әлем бет бұрғанымен...

Әрине, қай мәселені алсақ та, «екі қарап, бір шоқып», әлемдік тә­жірибеге иек арту – қалыпты да қажетті үрдіс. Мысалы, Францияда байлық салығы азаматтардың бар­лық активтеріне салынады екен. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Қы­тай, Жапонияда сияқты дамыған бас­қа елдерде салықтың бұл түрі тек люкс класына жататын автомо­биль, яхта, ұшақ және қымбат бұйым­дарға ғана прогрессивті шка­ла есебінен салынады. Швеция болса, байлыққа салық салу үдерісін 2000 жылдардың басында-ақ тоқтатқан. Әйтпесе, ол елдің би­лігі 2005 жылы мемлекеттік бюд­жетке ірі байлардан 500 миллион еуро түсірген еді. Есесіне одан инвестицияға едәуір нұқсан келіп, кәсіпкерлік белсенділік төмендеп, қазына 53 миллиард дол­лардай қосымша кірістен қа­ғылған. Оған жергілікті бай-бағ­лан­дардың көбірек салық төле­ген­нен гөрі, жиған-тергенін шетелге ин­вестиция етіп құйғаны басты себеп. Сол сияқты 30 жыл бойы «шал­қып ішіп, шайқап төгіп» үйренген қа­зақстандық элитаның да ондай са­лық түріне бірден мойынсұна қой­масы түсінікті. Бір жағынан олар­дың байлығы негізінен байтақ жері­міздің табиғи ресурстары мен аг­ро­сектор саласынан құралған­дық­тан, жоғары салықтан жал­тару­ға да хақысы жоқ. Экономист Айдар Әлібаевтың ай­туынша, байлық салығы көп­те­ген элиталық топтардың ықпа­лы­мен жүйеге енбей, жүзеге асырылмай келе жатқанына біраз жыл бол­ған. «Мен ондай заңды жуық ара­да қабылданбайды деп ойлаймын. Байлардың осы кедергі келтіргені – келтірген! Менің өзім сол мә­селенің көтеріліп жатқанын эко­номист мамандардың, сарап­шылардың аузынан кейінгі жылдары 5-6 рет естідім. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Министрлермен де, де­путаттармен де, әкімдермен де сөй­лесіп көрдім. Олардың көбі бай­лыққа салынатын салықтың қа­жет емесін айтып отыр», – дейді ол.

Екі жылда бір жауап

Байлыққа салық салу мәселесі был­тыр көтерілген кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған елдердегідей жеке табыс салығының прогрессивті шка­ласына көшуді ұсынған болатын. Еске сала кетсек, ондай тә­жі­ри­­бе 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін өзімізде де болған. Алайда оған қайта оралуды әлі де қоғам­мен, депутаттармен, мамандармен тал­қылап, жүйеге енгізу-енгізбеу тура­лы шешімді Президент асық­пай қабылдамақ. Бір қызығы, байлыққа арнайы са­лық енгізу мәселесін Сенат депу­таты Мұрат Бақтиярұлы былтырғы қарашада көтерген еді. Биыл да дәл қарашада сол ұсынысын қайтадан алға тартты. Екеуінде де экономика, қаржы саласына жауапты басшылардан бір-ақ жауап алды. «Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біз елдегі бай және кедей топтар ара­сындағы алшақтық едәуір арт­қанына куә болдық. Мұнда сәнді тауарларға, мысалы, яхталар, ұшақ­тар, қымбат жылжымайтын мү­ліктер, қымбат автомобильдер, зергерлік бұйым­дарға салық салу туралы айтылады. Бай­лыққа салық енгізу Қазақстанда салық салудың әділ жүйесін құра алады деп санаймын», – деді сенатор бұл жолы. Енді оған берілген жауаптарға кел­сек, былтыр Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов: «Бай­лық­қа салық салу – тиімді тәсіл­дердің бірі. Мүліктің құны жоғары болса, онда әрине, cалық көп болады. Көлік салығы бойынша да осындай айырмашылық бар, ол 8 мыңнан 600 мың теңгеге дейін. Сон­дай-ақ алкоголь, темекі, акциздерге қосымша салықтар алынады», – деген болатын. Ал биыл Қар­жы вице-министрі Марат Сұл­танғазиев те: «Егер дұрыстап қара­сақ, күнделікті әрекет ететін ак­циз­дің өзі де байлыққа салынатын салық болып саналады. Оларға сәнді тауарлар – темекі, алкоголь, жа­нар-жағармай жатады», – деді. Айырмашылығы, Марат Сұл­тан­ғазиев елімізде байлық салығын жүзе­ге асыру мәселесі 2022 жылы қара­латынын жеткізді. Оның ай­туын­ша, бұл мәселеге қатысты биз­­нес өкілдерімен талқылау жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы үкіметтік жобаға енгізілуі тиіс. «Оны есептейміз немесе бізде мү­лік салығы бойынша салық салу­дың прогрессивті шкаласы бар. Мүлік неғұрлым қымбат болса, соғұрлым мөлшерлеме жоғары болады. Олар да байлық салы­ғы­ның элементтері», – деп түсіндірді Қаржы вице-министрі. Айтуынша, одан халықтың қай бөлігі зардап шегетіні туралы әлі жеткілікті зерт­теу жүргізілмеген.

Түйіннің бір ұшы – табыс декларациясы

Экономист Айдар Әлібаев бай­ларға салық саларда орта және ша­ғын кәсіп иелері зардап шегіп қал­мас үшін жалпыға бірдей табыс дек­ларациясын енгізуді дұрыс жол­ға қою керек деген пікірде. Егер елдегі байлар өз табысын жа­сыр­май, салықтан жалтармай, заң ая­сында жұмыс істейтін болса, қа­зынаға бірнеше миллиард теңге кіріс түсуі тиіс. «Бірақ біздегі заң­сыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді. Прогрессивті шкала туралы айтқанда да, ол шылқыған байларды, жемқор­лар­ды әлеуметтік жауапкершілікке үн­деуге емес, қарапайым табыс­кер­лердің қалтасын қағуға жұмыс іс­теп кете ме деп ойлаймын. Өйт­кені шенеуніктердің кейбірі мемлекеттік қызметкерлер табыс декларациясын тапсырмауы керек деп жатыр», – дейді экономист. Одан өзге сарапшылардың пікір­лерін қарап отырсақ, олар да көлеңкелі экономиканың көрігі қызып тұрған заманда байларға са­лық салу бастамасының әзір ше­ші­мін таба қоятынына сенбейді.

Еркеғали БЕЙСЕН