Мерекеде қалтасы қалыңдайды...
Мерекеде қалтасы қалыңдайды...
415
оқылды
Жаңа жыл қарсаңында жұрттың көбі жалақысын тиімді жұмсаудың жоспарына кірісе бастайды. Өйткені мереке жа­қындаған сайын азық-түліктен бастап кез келген саланың қыз­мет ақысы көтеріледі. Осы орайда біз де жаңа жыл қар­саңында қандай саланың қызметі өтімді екенін байқап көр­дік. Басында айтып кеткендей, жаңа жылға санаулы күндер қал­ғанда тәттілер және корпора­тивті сыйлықтарды ораумен айналыса­тындардың айы оңынан туатын секілді. Қазір дүкендер мен сауда орталықтарының сөрелерінде ғана емес, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда сыйлық ораумен айналысатындардың жарнама­сынан көз сүрінеді. Алматылық Айманның негізгі мамандығы – оқытушы. Бірақ мереке уақытында өз мамандығынан бөлек қосымша табыс көзі ретінде сыйлық орап, сатумен айналысады екен. Ай­туын­ша, соңғы жылдары себетке салынып, әдемілеп орап берілген сыйлықтарға тапсырыс берушілер көбейген. «Мысалы, базардан түрлі тәттілер мен тұрмыстық бұйым­дарды, косметикаларды көтерме бағада сатып алып, әртүрлі бағаға сай етіп орап беремін. Менің тәтті толы себеттерім 15 мыңнан басталып, 25-30 мыңға дейін барады. Ал косметикаларым­ның бағалары әртүрлі. Сол себепті олардың да бағасы сан алуан. Ең арзаны – 20 мың. Ал жемістер са­лын­ған себетім 10 мыңнан бастала­ды. Жеткізу ақысына қосымша 1 000 теңге аламын», – дейді.

Бір миллионға бағаланатын безендіру жұмысы

Сондай-ақ мереке жақындаған сайын кеңсе, витрина мен қоғам­дық орынды безендірушілердің қызметіне де сұраныс артады. Себебі көптеген жұмыс орны жаңа­жылдық безендіруге басқа мере­келерге қарағанда өзгеше дайын­далатыны жасырын емес. Мәселен, ғимараттың қасбеттерін жарықтандырудың өзі ғана 10 мыңнан басталып, 40 мыңға дейін барады екен. «Декоративті қыз­меттерді ұсыну үшін міндетті түрде жо­ғары білімі бар дизайнер болу міндетті емес. Тапсырыс беруші­лерге безендіру жұмысы мейлінше арзан және тез аяқталуы маңызды. Ең бастысы, жарнамаң өтімді болса, қызметіңе жүгінушілер де көп. Біздің безендірулеріміз әртүр­лі бағада. Шағын дүкендерден бас­тап, мемлекеттік тапсырысқа дейін ала береміз. Тапсырыс беру­шілердің бюджетіне байланысты баға да өсіп отырады. Мысалы, бас­тапқы баға 10 мың болса, ең қымбат тапсырыстар 1 миллионға дейін баруы мүмкін. Әлеуетті клиент­тердің көбі сауда орталық­тары, мейрамханалар, кафелер және кеңсе компаниялары, қала сыр­тындағы үйлердің иелері, де­ма­лыс орталықтарының иелері», – дейді безендіру жұмыстарымен айналысатын елорда тұрғыны Арман Сүйіндіков.

Бет әрлеушілерге жазылу жүріп жатыр

Жыл соңында сұлулық салон­дарының да қызметін алушылар­дың қатары екі есе артады екен. Әдетте клиенттер шаш қидырып, бет әрлеу үшін 2-3 күн алдында ғана хабарласса, мереке қарса­ңында бір-екі апта бұрын жазылып қоймаса, орын шектеулі. Sunny сұлулық салонының иесі Бақытгүл Нұртәлипова шаштараздар мен бет әрлеушілердің бір минут дема­латын уақыты жоқ екенін айтады. Мереке қарсаңында қыз-келін­шектер шаш қидырып, шаштарын боятумен бірге қас-кірпіктері мен тырнақтарын жасатуға жазылатын көрінеді. «Басқа кездері күніне бір шаштараз ары кетсе 7 адамды қабылдауы мүмкін. Ал осындай мереке кездерінде оннан аса адам­ға қызмет көрсетеді. Кератинді шашты түзетуге келетіндер көп. Шашқа ботокс жасату мен кера­тинді түзету де шаштың ұзынды­ғына байланысты әртүрлі бағада. Шамамен 10 мыңнан жоғары. Қазір қыз-келіншектердің біразы қас-кірпіктерін жасатады. Оның бағалары да әртүрлі. Қас қидыру 2 000 теңгеден басталады. Ал тұрақ­ты қас бояуы 17 мыңнан басталады. Кірпік жалғату да 7 000 теңгеден жоғары. Бізге тек қана әйелдер келмейді. Ерлер де түрлі қызметке жазылады. Олар көбіне беттерін тазалату мен шаш қидыруға келеді. Кейбір кездері тырнақ жасатуға жазылатындары бар. Бізде қолдың тырнағын жасату 5 000 теңгеден басталады. Ал аяқтың тырнақтарын жасату үшін 7 000 теңгеден ала­мыз», – дейді сұлулық салонының иесі. Оның айтуынша, қазірден бастап корпоративтерге қаты­са­тын­дар бет әрлеушілерге жазылып жатыр. Оның бағасы да мереке қарсаңында қымбаттайтыны анық. Қазір кешкі макияж – 8 000 тең­геден, күндізгі макияж 6 000 тең­геден басталады.

Қалтаға салмақ салса да, косметологке баратындар көп

Сонымен қатар соңғы жылдары косметологтердің қызметін алу­шы­лардың қатары артқан. Әсіресе, мереке жақындағанда әйелдер косметологияның қызметіне жү­гінеді. Әрине, әдемілік әркімге керек. Дегенмен өз атында жеке­меншік кәсіп тіркелген кез келген сұлулық салоны өзін сұлулық салон­дарының қауымдастығын құрып, сертификат тарата бере­тінін ескерсек, косметолог қыз­метіне жүгінерде абай болу керек екенін де құлаққағыс еткен дұрыс болар. Өйткені қазір медициналық білімсіз үш айлық курстан соң косметологтің қызметін ұсына­тын­дар көбейген. Мәселен, бүгінде бұл сала мамандарының қызметін алушылар кем дегенде бір курс үшін қалтасынан кем дегенде 100 мыңнан аса ақша шығындайды. «Косметологиялық қызметтің түрі өте көп. Бізге тек қана әйелдер келмейді, ерлер де көп келеді. Соң­ғы жылдары бет тазарту, бет тарт­қызуға жүгінетіндер көп. Аппарат­тық және инъекциялық, эстетика­лық косметология деп бөлінеді. Оның бағалары да әр­түрлі. Мы­салы, біреуін ғана ай­тайын. Бетті тазартудың өзі бес про­цедурадан тұрады. Бір проце­дура – 15 мың. Бет тазартудан кейін клиенттің өтініші бойынша бетті ағарту немесе жасарту курс­тары жасалады. Олар да 5-6 про­цедура болуы керек. Бір мезотера­пия 23 мыңнан басталады. Сосын біздің мамандар ерінге татуаж, қабақ жасайды. Қазір көбі табиғи сұлулығына көңілі толмайды. Кішкентай еріндерін үлкейткісі келетіндер мен көзінің қыртысы жоқтарға қабақ жасап береміз. Оның да бағасы әртүрлі. Шамамен 40 мыңнан басталады. Кейде бірнеше процедураға келуі керек болады», – дейді Нұр-Сұлтан қала­сындағы косметология орталы­ғының маманы Шолпан. Мереке

Жалға киім алу – 20 мың

Жаңа жылда жоғары бәсекеге қабілетті қызмет түрінің бірі – фотосалондар. Отбасылық суретке түскісі келетіндер мен корпора­тив­тік кештерді фотоға түсіріп беруге тапсырыс жасайтындар көп. Өйткені мұндай тақырыптық су­рет­терге деген сұраныс әрқашан жоғары. Мысалы, отбасылық фотоға түсудің бір сағаты 20 мың теңгедан басталады, оған қоса жалға отбасылық киім алу үшін қо­сымша тағы 20 мың теңгең болуы керек. Сонымен бірге кафе­лер мен мейрамханалар жаңажыл­дық кешке тапсырысты бір ай бұ­рын ала бастайды. Неғұрлым ер­терек тапсырыс жасасаң, соғұр­лым ақша үнемдейсің. Өйткені қазір түрлі шоу өткізетін корпо­ра­тивтік отырыстар үшін елорданың сол жағалауындағы мейрамханалар адам басына 15 мыңнан, оң жаға­лауда бір адамға 13 мың теңгеден аса ақы сұрап отыр. Мереке

Қылқанжапырақ саудасы қызып тұр

Қыл­қанжапырақтың  да саудасы қыза түскен. Қазір қаланың кез келген жерінде шыршалардың жасанды және жасанды емесі де емін-еркін саудаланып жатыр. Саудагерлердің айтуынша, шыр­шалар Ресейден заңды жолмен әкелінген. Сатып алушылардың біразы жасанды емесін сатып алады. Олардың бағасы 5 мыңнан 15 мың теңгеге бағаланады. Ал шыр­шаны безендіруге арналған гирляндалар сауда орталықта­рында толып тұр. Бірақ қауіптілігі жоғары салюттар мен от­ша­шуларды сауда орталықтарынан табу қиын. Се­бебі соңғы уақытта сапасыз отша­шу­лардың сал­дарынан болатын оқыс оқиғалар көбейген. Сол үшін құқық қорғау қызметкер­лері жыл сайын заңсыз отшашуларды сату­шылардың жолын кесуге жұмыс істейтін көрінеді. ІІМ Әкімшілік полиция ко­митетінің қару айналымын бақы­лау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысовтың айтуынша, былтыр 3 мыңнан астам рейдтік шара жүргізіліп, 352 құқықбұзушылық анықталған. «Ператехникалық заттарды сату мен қолданудың заңмен белгіленген ережесі бар. Сол үшін біз жыл сайын пера­техни­каларды заңсыз сатудың алдын алу жұмысын жүргіземіз. 15-30 жел­тоқ­сан аралығында отшашуларды сатып алу, сақтау, пайдалану, елі­мізге әкелу, әкету, кәмелетке тол­ма­ғандарға сатуға тыйым салу бойынша түсіндіру жұмыстары жү­реді. Заңды түрде сауда жасай­тын­дардың қолында аумақтық ішкі істер департа­менттері берген лицензиясы, екі тілде жазылған сәйкестік серти­фикаттары, қол­дану шаралары жазылған нұсқау­лығы болуы керек», – дейді ол. Оның сөзінше, тұтынушылардың өтініші бойын­ша Kaspi қо­сым­шасындағы ператехникаларды сату бойынша тексеріс жүргізілген. Сондай-ақ интернет арқылы заңсыз отшашу сататындарға да айыппұл салы­нады. Өткен жылы Қарағанды қаласында интернет арқылы ператехникалар сатқан адамға 60 мың теңгеден астам айыппұл салынып, тауарлары жойылуға жіберіліпті. Дегенмен интернет арқылы іздесең, ператехника­лардың кез келген түрін көтерме және бөлшек бағада сатып алуға мүмкіндік көп. Біз де елордадағы 4-5 дүкенге хабарласып көрдік. Көбісінде ператехникалар 16 жел­тоқсанға дейін сатылып кеткені белгілі болды.