Сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылық ретінде басталған шеру бүкіл ел бойынша бассыздыққа, бүлікке ұласады деп кім ойлаған? Айналдырған жеті күнде 20-дан аса тәртіп сақшысы оққа ұшады деп болжай алдық па? Бұл дүрбелең алдын ала жоспарланған шабуыл болады деп бағамдай алған жан болды ма? Дәл қазір осы сынды сан сұрақ көкірегімізде жинақталып қалды. Жауап тапқымыз келеді, биліктен сұрасақ дейміз, алайда қазіргі басты міндет басқа. Тыныштықты қалпына келтіру, содырларды құрықтау. Сонда да болған жайттарды ой елегінен өткізейік.
Бұл күндері болған жайттарды сараптауға тырыстық. Неге? Кімдер? Өз қазағымыз шаңырақты шайқалтуға, елдің берекесін кетіруге қалайша қолы көтерілді? Біреудің маңдай терімен тапқан дүниесін тонауға, мемлекет пен кәсіпкердің ғимаратына өрт қоюға, сарбаздарды мерт қылуға, көшедегі жандарға оқ атуға кім бұйрық берді?
Трагедия қалай өрбіді? Сұрақтарға жауап табу үшін алдымен оқиғаның қалай өрбігенін еске түсірейік. 2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласының тұрғындары сұйытылған газ бағасының 120 теңгеден сатыла бастағанына наразы болып, алаңға шықты. Оған себеп – жаңа жылдан бастап газ электронды сауда алаңында еркін айналымда сатылды. Ереуілшілерді Ақтауда да қолдады. Жалпы, Маңғыстауда газ өндірілетін болғандықтан, көгілдір отын бұл өңірде арзан. Сондықтан көліктердің 90 пайызы газбен жүреді. Бірақ бұл газ бағасына ғана емес, азық-түлік, тұрмысқа қажет басқа да тауар бағасының қымбаттауына да қарсылық еді (кейін талаптарында жариялады). Осы себепті де болар митинг Қазақстанның басқа да қалаларында қолдау тапты. Өйткені соңғы 2-3 жылда нарықта жұрт күнде тұтынатын зат атаулының барлығы дерлік қымбаттады. Жағдай ушыға бастаған шақта (4 қаңтарда) үкіметтік комиссия Ақтауға жетіп, жергілікті белсенділермен келіссөз жүргізді. Энергетика министрлігінің газ бағасын 70-85 теңгеге түсіре аламыз деген сөзін алаңдағылар қабыл алмады. Негізі, бұл бағаның өзі қауіптілеу еді. Өйткені республиканың басқа облыстарында газ бағасы 120-125 теңге тұрады. Яғни, неге Маңғыстауда арзан, бізде қымбат деп өзге өңір азаматтары да наразылық танытуы мүмкін еді (Оралдағы митингте заңгер Абзал Құспан дәл осы сөздерді қайталады). Бірақ жағдай ушықпау үшін Үкіметтен келген комиссия ереуілшілердің газ бағасын 50 теңгеге түсіру керек деген талабын орындады. Бірақ билікке талап қояр сәт деп түсінді ме, жиналған топтың бас талабы орындалса да, олар тарқамай, соңынан саяси шарттар қоюға көшті.
Бұл кезде елдің басқа қалалары мен облыс орталықтарында «Жаңаөзен ереуілшілерін қолдаймыз» деп орталық алаңдарға жиналған бастапқы бейбіт шеру кейін жаппай тәртіпсіздікке, заңбұзушылыққа ұласты. Нақтырақ айтсақ, әкімшілік ғимараттарды басып алып өртеу, полицейлерді соққыға жығу, олардың қызметтік көліктеріне от қою, дүкендерді жаппай тонау, қирату, көшедегі кісілерді бүлікке қосыл деп қинау, бас тартқандарын тепкілеу, оқ ату, тағысын тағылар. Одан бөлек, Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, полицейлер мен әскерилердің киімін киіп, қала тұрғындарына, тәртіп сақшыларына оқ жаудырған жайттар да болған. Мәселен, Талдықорғандағы түрмеге арнайы жасақ (СОБР) киімінде келіп, есікті ашқызып, күзетшілерге шабуыл жасаған. Яғни, адам басына келмейтін қылмыстың сан түрі жасалып, о бастағы газ бағасы, бейбіт адамдардың жиыны дегеннен түк те қалмады.
Шығын аз емес. Мұндай бүлік, бассыздық Алматы, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Семей, Шымкент, Ақтөбе қалаларында айрықша жауыздықпен орындалған. Қазіргі мәлімет бойынша, осы қақтығыстарда 16 полицей, бірнеше армия сарбазы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 7 қызметкері қаза тапты. Ал бүлікшілердің қолынан қанша бейбіт тұрғын көз жұмғаны белгісіз. Алайда содырлар атқан оқтан 2 бала қайтыс болып, 1 бала ауыр жарақат алғаны мәлім. Бұл кезде мұздай қаруланған полицей, армия жауынгерлері де өзін қорғау үшін бүлікшілерге қарсы от ашқаны белгілі. Сондықтан қанша қылмыскердің өлгені де қазір белгісіз.
Елге келтірілген материалдық шығынды есептеу қиын. Қазірдің өзінде республика бойынша 500-ге жуық көліктің өртелгені, оның 90 пайызға жуығы полициянікі екені анықталды. Бұдан бөлек, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері де отқа оранған. Әкімдік, бизнес, мәдениет және өзге де ғимараттар ойрандалып жатыр. Бүлікшілер банкомат, супермаркет, дүкен, банк бөлімшесі, басқаларын тонаған. Тек бизнестің шығыны шамамен 93,7 млрд теңгені құрады. Бұл сома артуы мүмкін. Ал мемлекеттік ғимараттардың шығыны әлі белгісіз. Осы қылмыстарды жасаған 8 мыңдай «адам» ұсталды. Әлі де талайы құрықталар. Себебі біразы қала сыртындағы ауылдарға бас сауғалаған деген дерек бар. Оларды кісендеу үшін арнайы операциялар жалғасып жатыр. 300-ге жуығы ұрлаған затымен, қаруымен шекара аспақ болған жерінде ұсталды.
Бүлікшілер кім еді? Бұл болған жайттардың қысқаша хронологиясы, статистикасы. Енді басты сауалдарға жауап іздеп көрелік. Алматылықтар, өз қазағымыз жоғарыда тізбектелген қылмысқа қалайша барды? Мүмкін қылмысқа арандатушылар итермеледі ме? Ондай қылмысқа баруы әбден мүмкін. Алайда бастапқы бейбіт шеруге қатысқандар жиынды бүлікке айналдырған бұзақы топ жайлы айтады. Олардың қолында жанармай толған бөтелке, арматур темір заттар болған. Президент тек Алматыға шетелде арнайы дайындықтан өткен 20 мың терроршының шабуылдағанын айтты. Мұны дәлелдейтін дерек жоқ емес. Оқ тиіп, ауруханаға түскендердің арасында арабша не басқа тілде сөйлейтіндер бар деседі. Бұдан бөлек, кейбір телеарналардың бейнетаспасына рация ұстап, бүлікшілерді бастап, жол көрсетіп, бағыт-бағдарын белгілеп отырған кураторлар түсіп қалған. Яғни, осы ақпаратты түйіндесек, бастапқыда алматылықтар жалпы жиынға бет алады. Олар Республика алаңына жиналады. Кейін бұзақы топ шерушілерді жаппай тәртіпсіздікке бастап кеткен. Қалғаны дүрмекке ілескен болар. Оның соңы адам өлтіру мен тонауға ұласқан. Бүлікшілердің арасында өзіміздің де, шетелдің де азаматтары бар деген сөз. Көпшілігі көше төбелесі мен күресін, полицейлерге қарсы арпалыс әдісін жақсы меңгерген. Өйткені дайындықтан өткен. Мұны бір деңіз.
Енді бұл бүлікті кім ұйымдастырды, ол кімге керек болды деген сауалға тоқталайық. 8 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа да азаматтар ұсталғаны туралы хабарланды. Оларға мемлекетке сатқындық жасау айыбы тағылды. Егер сотта оның айыбы дәлелденсе, бұл жаңалық біраз нәрсенің мән-жайын айқындайтын сияқты. Егер бүліктің бас ұйымдастырушысы арнайы қызмет басшылығы болса, олардың көздегені не болды? Бұл сауалдың жауабын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының онлайн саммитінде Президент Қ.Тоқаев берді. Оның мәліметінше, бүлікшілер елордаға шабуыл жасап, мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеген. Тек ҰҚШҰ күштері елордаға жақындағанда содырлар ел астанасын, Президент резиденциясын шабуылдау ойынан бас тартқан.
Президент пәрмені. Дәл қазір ҰҚШҰ әскерінің Қазақстан жеріне енгізілгеніне жұрттың басым бөлігі риза емес, өз наразылығын ашық жазып жатқандар да бар. Дегенмен Мемлекет басшысының бүгінгі сөзі көп нәрсені айшықтады. Егер ҰҚШҰ әскерінің ұшақтары елордаға дер кезінде жетпегенде нағыз қанды қырғын ел астанасында болар ма еді. Ал оның салдары жайлы ойлаудың өзі қиын. Бір сөзбен айтқанда, бүлік «авторлары» бір уақытта республиканың барлық өңірінде бүлік шығарып, астананы қоршап, Президентті қапыда қалдырып, қыспаққа алып, қызметінен бас тартуға мәжбүр еткісі келген шығар. Алайда елдің берекесін кетірген арам ойлылардың теріс ниеті жүзеге аспады. Президент табандылық танытып, өзінің конституциялық міндетін толық орындады. Өз уақытында батыл қадамдар жасады. Жағдай тұрақтала бастады.
Ал енді шетелдік терроршылар елге қалай кіріп кетті деген сауалға тоқталсақ. Әрине, белгісіз. Бірақ Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметін атқарған Ермұхамет Ертісбаев елімізде содырларды дайындаған лагерь болғаны жөнінде мәлімдеді. Бірақ ақпарат көзін жарияламады. Жалпы, шекараны бақылау Кеден комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі жауапты. Жоғарыдағы деректерді ескерсек, содырлардың ел территориясына өтуіне ҰҚК көз жұмған сынды.
Себеп, салдар, сабақ. Сонымен, еліміз тәуелсіз 30 жылда бұрын-соңды болмаған сынақты бастан кешірді. Билікті күшпен тартып алу мақсатында елге шабуыл жасалды, бейбіт митингті сылтау еткісі келді. Дегенмен азаматтардың о баста алаңға шығуына да нақты себеп болғаны рас. Соңғы жылдары азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай, пәтер, көлік бағасының күрт өсуі, жемқорлық деңгейінің азаймауы, қоғам табысының өспеуі сияқты мәселелер азаматтардың әлеуметтік жағдайын қиындатқаны жасырын емес. Яғни, бүлікті жоспарлағандар осы факторларды ескергені және газ бағасының кезекті рет өсуін триггер ретінде пайдаланғаны анықталды.
Енді мұндай трагедия қайталанбауы үшін не істеу керек? Әдетте мақалада автордың оқырманға ақыл-кеңес айтуы орынсыз. Алайда бұл жолы пікір білдіруге газет ұстаған жандардан рұқсат сұраймыз. Үкімет бағаны бір деңгейде ұстау үшін үнемі мораторий жариялай алмайды, ұлттық компанияның есебінен бағаны төмен ұстауы да мүмкін емес. Бұл елімізді КСРО кезеңіндегі шығыны мол жоспарлы экономикаға кері кетіреді. Сондықтан отандық өндірісті арттыруға және және бағаны нарықтың өзі реттеуге бағытталған күрделі экономикалық реформа қажет екені көрініп-ақ тұр. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты кемітетін әлеуметтік өзгерістер де сұранып тұр. Жұртты жегідей жеген жемқорлықтың көлемін күрт азайтатын кез де келді. Ел көкейіндегісін заңды жиындарда тәртіппен жеткізе алатындай, бірақ ол үшін жазаланбайтындай шынайы саяси реформа да қажет. Жалпы, жұрттың білім деңгейін, саяси сауатын, мәдениетін де арттыру қаншалықты қажет екенін осы дүрбелеңде түсіндік.