«Дикий Арманның» қорғаушылары мәлімдеме жасады
«Дикий Арманның» қорғаушылары мәлімдеме жасады
© Photo : arman.zhumageldiev / Instagram
306
оқылды
Алматыдағы тәртіпсіздік ісі бойынша ұсталған  «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің қорғаушылары мәлімдеме жасады.  Қорғаушы Талғат Есімов Facebook-тегі парақшасында Арманмен Алматыдағы ҰҚК департаментінің тергеу изоляторында кездескенін айтады.
"Арман Жұмагелдиев бұл іске өзінің қатысы жоқ екенін дәлелдейтін түсініктеме бергеннен кейін ҰҚК департаментінің тергеу изоляторына ауыстырылған. Мұнда ол адам шошырлық жағдайда қамауда отыр", – деді Жұмагелдиевтің қорғаушыларының бірі Виктор Кривоносов.
Оның айтуынша, мұны "азаптаумен" теңестіруге болады.
"Алматы полициясының изоляторына ешқандай шағымымыз болмаған. Оның миы шайқалғандықтан, дәрілер қабылдайтын. Ал ҰҚК департаментінің изоляторында ол карцерлік типтегі камераға қамалған. Мұнда ол киіммен ұйықтауға мәжбүр. Суық тиген. Камера өте тар, кішкентай. Мұндай камераға құқық бұзушылықтар жасағандар қамалуы керек", – дейді Кривоносов.
Адвокаттар әріптестерінің Арманды басқа камераға ауыстыру жөнінде басшылыққа өтініш білдіргенін айтады. Бұған дейін тергеу изоляторынан жоғалғаны туралы ақпарат тараған  «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің қайда екенін жазған болатынбыз.