«Жазатайым» жағдай жұмысшыны жалмады
«Жазатайым» жағдай жұмысшыны жалмады
© коллаж: Елдар Қаба
868
оқылды
Соңғы кездері еліміздегі әртүрлі өндіріс орындарында оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Таяуда Теміртаудағы «АрселорМиттал» комбинатының цехында апат болып, төрт адам қаза тапты. Ал Ақмола облысындағы алтын өңдеу зауытында жұмысшының үстіне салмағы бір тонна болатын реагенттер салынған үлкен қап құлап, көз жұмды. Бұл аздай, Таразда құрылысшының басына кірпіш түсіп, ол да мерт болды. Осындай жағдайлардың көбейгені өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне назар аудартып тұр. Саладағы бұл түйткілдің шешілер сыңайы жоқ. Қауіпсіздікті кім елемейді? Жұмыс беруші ме әлде жұмысшының өзі ме? Былтыр 200 адам қаза тапқан Жыл сайынғы деректер де жұ­мыс кезінде зардап шегетіндердің аз емес екенін аңғартады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің деректеріне сенсек, 2021 жылы Қазақстанда өнді­рістегі жазатайым оқиғалардың кесірінен 1 465 қызметкер зардап шеккен, олардың 200-і қаза тап­ты. Көрсеткіш 2020 жылмен са­лыстырғанда 2,5 пайызға ғана азайған. Әсіресе мұндай жағдай алпауыт «АрселорМиттал» орна­ласқан Қарағанды облысында көп болады (238 адам зардап шекті). Одан кейін Шығыс Қазақстан (204 адам), Қостанай (122 адам), Павлодар (114 адам), Ақтөбе (107 адам) облысы мен Алматы қала­сы (107 адам) тұр. Біз неліктен «Арселор­Мит­талды» ерекше атап отырмыз? Себебі экономика салалары бо­йынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында тіркелген (276 адам). Ал аталған компанияның тау-кен металлургиядағы үлесі тым көп. Қазақстанда 6,7 млн адам жұ­мыс істейтін 340 мыңнан астам кә­сіпорын бар. Ондағы жұмыс­кер­лердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мем­лекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады. Жұмыстары нәтижесіз емес. Инспекторлар 2021 жылы 5 130 тексеру жүргізіп, 11 мыңға жуық заңбұзушылықты анық­тап­ты. Жүргізілген жұмыс қоры­тын­дысы бойынша жұмыс беруші­лерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасында 1,3 мың айыппұл салынған. Алайда анық­талған заңсыздықтан әлі де анық­талмағаны көп сынды. Елімізде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданғанын білеміз. Оның негізінде 2030 жыл­ға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер са­нын 15 пайызға дейін төмендету, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын азайтып, еңбек заңнама­сының сақталуын тексеру нәти­желері бойынша анықталған заң­бұзушылықтардың жалпы санын 15 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Жұмыс берушілер жалтарып жүр Жалпы, елдегі жұмыс беруші алпауыт компанияларға қауіп­сіздік жағынан сенім аз. Әсіресе, «АрселорМитталдың» жағдайы күмәнді. Осы компанияға тиесілі металлургиялық комбинаттар мен басқа да кеніштердегі қауіпсіз­дікке қоғам мен билік тарапынан жиі сын айтылады. Мәселен, был­тыр Үкіметтің «әуресі» осы ұжым болды. Ауа ластағаны үшін Эко­логия министрлігі алысты, Тө­тенше жағдай министрлігі қауіп­сіздік жағын реттеуді сұрады. Бірнеше рет ескерту айтылып, айыппұл салынды. Бірақ нәтиже жоқ. Өткен күзде Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин «Арсе­лорМиттал Теміртау» компания­сы­ның өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақтал­май­тынын бірнеше рет анықтап, шара қолданғанын айтқан. Алай­да соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орын­дамай, тек айыппұлмен шектел­ген. Жуырда болған жағдайдан кейін компанияға қандай шара қолданылатынын білмек болған едік. Дегенмен YNTYMAQ кәсіп­ода­ғының төрағасы Қайрақбай Жанабеков оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін құрамында Үкімет мүшелері мен арнайы мамандардан құрылған комиссия Теміртауға кеткенін айтты. Сон­дықтан «АрселорМиттал» өкіл­де­рінің осы жолы нені айтып ақта­латынын әзірге білмейміз. Айтпақшы, қызметкер жаза­та­йым қаза болғанда жұмыс бе­руші ұйымдар да заң бойынша оңай құтылатын тәрізді. Мысалы, «Құқық қорғау қызметi туралы» заңның 66-бабында «Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару ке­зiнде не орындалуы міндетті қыз­меттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қаза тапқан жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бо­йынша 60 айлық ақшалай бiр­жол­ғы өтемақы төленеді» делінген. Тек өтемақымен құтылу дерсіз. Себебі оқыс оқиғалардан соң кө­біне «жаттанды амалдар» жүзеге асатыны рас. Комиссия құрылып, оқиға болған жерге барып, қалай болғанын зерделеп, ескертуін айтып, жалпы алғанда салдарын шолып шығумен бітеді. Ал еңбек дауларына жиі араласып жүрген қоғам белсендісі Уайс Ерсайын­ұлы алдағы уақытта да ескерту мен айыппұл ештеңені шешпей­тінін айтады. – Мұндай оқыс жағдайларда кінә бір жақтан ғана болмайды. Біріншіден, жұмыс беруші сақ­тан­дырмаған болса, екіншіден, жұ­мысшының өзі өндірістің қа­таң техникалық заңын ойламайды. Көп компанияның ішкі мәселесін көрген адам ретінде айтарым, өндірістегі қауіпсіздік саласы «бар­мақ басты, көз қыстымен» келе жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі алпауыт кәсіп­орын­дарды осындай жағдайда ғана тексермесе, жай күні тексеруге құзыры жоқ. Сол себепті ведом­ствоға ерекше функция берген абзал. Белгілі бір тексерістер бол­маған соң жұмыс берушілер қауіпсіздікке салғырт қарайды. Ал техникалық инспекторлардың жұмысына сенбеймін. Қауіп­сі­з­дікке жауап беретін қызмет­кер­лердің өзі, айналып келгенде, басшысына қарсы келмейді. Фак­торлар өте көп, бірақ мәселе ком­панияларға ескерту айтумен ше­шілмейді. Бұл жерде әр адамның өміріне деген жауапкершіліктің жоқтығы себепші. Мысалы, мұ­най өндіруші компаниялар зат тасымалдамағанда көліктің жыл­дамдығын сағатына 40 шақы­рым­нан асырмау керек. Кейбір жұ­мысшылар сонда да екі есе асы­рып жүре береді. Ал бақылау­шы­лар таныстығын біліп үнде­мей­­ді, – дейді ол. Былтыр елімізде 4206 өнді­рістік нысан аттестаттаудан өткі­зілген. 15,5 мыңнан астам өнді­рістік кеңес құрылып, 18 мың­­нан артық техникалық инспектор ішкі бақылауға көшкен екен. Дегенмен, жоғарыда айтқандай, осы инспекторларға сенім жоқ. Шамасы, бақылауды жүзеге асы­ратын қызметкерге басшылардан тәуелсіз құзырет берілгені жөн. Жұртшылық жұмысшылардың басы қатерде жүретінін жақсы біледі. Дауылды күні құрылыс­шылардың кранды іске қосып жұ­мыс істей беретінін талай көр­дік. Қауіпке итермелеген басшы­лар оқыс оқиғадан кейін барын салып жалтарады. Тіпті, төлеуге тиіс бір реттік өтемақыны бергісі келмейтін де жағдайлар бар. Мы­салы, Қызылорда қаласының тұр­ғыны Қуаныш Майлыбай бірнеше жыл бұрын ет өңдейтін кәсіпорында жұмыс істеген. Әуелде қауіпсіздік ережесі тү­сіндірілмеген. Соның кесірінен аза­маттың сол қолының саусақ­тарын ет турағыш құрылғы орып кеткен. Бірнеше сағат қансырап, көп қан жоғалтып, ақыры саусақ­тарын кесуге тура келеді. Бір алаң­датқан мәселе, осы оқиғаны жұмыс беруші компания барынша жасыруға тырысыпты. Заңбұзу­шылық үшін мемлекетке төлеуі тиіс айыппұлдан жалтармақ бо­лып, мәселені зардап шеккен аза­матпен екеуара жасырын ше­шуге талпынған. Ақыры кәсіп­орын­да қауіпсіздік ережесін біл­мейтін, сақтандырылмаған қыз­мет­керлер жұмыс істеп келгені анықталады. Міне, өндірістегі жағдайдың бір көрінісі – осы.
ТҮЙІН: «Өндіріс болған жерде келеңсіз жағдайдар да болады» деп дау айтатындар табылуы мүмкін. Де­ген­мен оқыс оқиғаны азайтуға қа­уіпсіздік жағының ескерілгені әсер етеді. Осы күні жұмысшы­ларының өміріне бейжай қарайтын алпауыт кәсіпорындарға жүйелі тексеріс жүргізу қажет-ақ. Сон­дықтан Тө­тенше жағдай министр­лігіне ерекше функция жүктелгені абзал. Әйтпесе әр оқиғаның сал­дарынан кейін ғана жүргізілетін тексерудің еш мәні болмай тұрғаны анық.