Қостанай облысында орман өртеніп, Әулиекөл ауданына орасан зор шығын келді.
Осы өрттен кейін Басаман орман шаруашылығы мекемесінің басшысы қамауға алынды. Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы хабарлады.
«Қостанай облысының прокуратурасы биыл 13 қыркүйекте «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ-нің басшылығына қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымды өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын (Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) бастады.
Сол күні мекеме басшысы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 15 қыркүйекте сот мекеме басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді»,– делінген Қостанай облысының прокуратурасы таратқан ресми хабарламада.
Бұған дейін орманды қалпына келтіруге 1 миллиард теңге қаражат бөлінгені туралы жазған болатынбыз.