Бүгінде аграрлық саланы дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар аз емес. Нәтижесінде, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, шалғай елді мекендердің өзінде еңбек адамдарының шаруашылығы шалқуда. Міне, сондай жанның бірі – Орынбасар Тілеужанова.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылының тумасы Орынбасар әже асылтұқымды ақбас сиырлар өсіріп, еркекке бергісіз тірлік жасап отыр. Еңбек жолын қаржы саласынан бастаған ана тоқырау жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып, мал шаруашылығымен айналысуға ден қояды. Бастапқыда ұсақ мал баққан Орынбасар бертін келе «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, шаруашылығын кеңейтеді. Бүгінде шаруа алты адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Тағдырдың талай тәлкегін көріп өскендіктен, өмір жолымда тек өзіме сендім.Тәуекелге бел буудан да тайсалған емеспін. Соның нәтижесінде «Нүркен» шаруа қожалығын құрып, ер-азаматтармен иық тірестіре жүріп жұмыс істедім. Отағасы өмірден ерте озғандықтан, үш баламды өзім жетілдірдім. Мал баға жүріп, олардың да тәрбиесіне көңіл бөлдім. Жолдасым о дүниелік болған кезде ұлым небәрі 9-сыныпта оқитын. Құдайға шүкір, қандай қиындық болса да мойымай бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Алдыңғы жылы мемлекеттік бағдарламамен 14 миллион 400 мың теңге несие алып, 75 бас сиыр алдым. Соның арқасында қожалығымдағы ақ бас сиырдың саны екі есеге артты, – дейді ана.
Жетпістің желкеніне жеткен ана «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы екі тракторды лизингке алып, төрт түліктің жемшөбін де өзі дайындайды.
«Нүркен» шаруа қожалығы бүгінде Мойынқұм ауданындағы сауда орындарына ет жеткізетінең ірі тасымалдаушы саналады. Нарықтағы ет бағасы 2 300-2 500 теңгені құраса, Орынбасар ана ауылдастары үшін етті 2 000 теңгеден өткізеді. Малшыларына 150 мың теңгеден жалақы төлеп, олардың да жағдайын жасап қойған.
Орынбасар Жүндібайқызының үлкен ұлы Сәкен аудан орталығындағы «Мәңгілік ел» тәрбие, білім беру орталығының жетекшісі болса, қызы Сәуле Тараз қаласында заңгер. Тек кішісі Нүркеннің шаруашылыққа икемі болып, анасына қолғабыс етуде.
Орынбасардай ананың тірлігі көпке үлгі. Ер-азаматтардан қалыс қалмай, бір ошақтың отын лаулатып, берекесін кіргізіп отырған әжейдің еңбегі сөзсіз ерлік. Қиындыққа мойымай, бір әулеттің түтінін тік ұшырған Орынбасардай қазақтың қайсар аналары көп болсын деп тілейміз.