Кешелі бері абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Омар Жәлелді жұрттың би етіп сайлаған бейнежазбасы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бұл мәселе жұртшылық арасында да қызу талқыға түсіп жатыр. Бірі би сайлауды дұрыс десе, енді бірі бұған наразы. Мәселенің мән-жайын білмек болып, Омар Жәлелге хабарластық.– Сізді жұрт би етіп сайлады. Неге? Мұның бір мәні бар ма?
– Менің келісу, келіспеуім шарт емес. Бұл – халықтың қалауымен жасалған шаруа.
– Халық деп отырғаныңыз, оңтүстік өңірдің жұртшылығы секілді. Бұл шешімді басқа өңірдің жұрты қабылдай ма?
– Бұл – жергілікті жұрт, яғни оңтүстіктің ғана емес, тоғыз облыстан келген делегаттардың шешімі. Би ретінде кәдімгідей Әділет министрлігінде тіркелген.
– Сонда сіздің қызметіңізге не кіреді?
– «Төле би – бас би» дегендей – жергілікті билерге насихат айту. Билермен жұмыс істеп, олардың халықпен жұмыс істеудегі біліктілігін арттыру
– Енді Әйтеке би, Төле би секілді халыққа төрелік етесіз бе?
– Иә. Мәселен, соттың өзінің заңдық аясы бар. Ал билердің әрекет ету аясы да сол заң аумағында белгіленген. Сотқа дейінгі мәселелер, яғни сот араласа бермейтін мәселелерге араласады. Мәселен, сот біреуге ажыраспа деп айта алмайды. Ондайда сөзі өтімді, беделді адамдар ой салып, тоқтамға келіп, ел ішінде татулық, бірліқ сақтау мақсатында мәселені сотқа жеткізбей-ақ шеше береді.
– Ауыл ақсақалдары секілді ме?
– Би дегеніміз – ауыл ақсақалдары емес пе?! Бұл – қазақтың бұрынғы дәстүрі. Екіншіден, өзін-өзі басқару тетіктері. Қазір сұраныс болғандықтан, ағза ретінде қайта тіріліп келе жатыр.
– Кез келген адам өз мәселесімен сіздерге жолығып, көмек сұрай ала ма?
– Әрине, айта алады. Жергілікті биге барып, бүкіл жағдайын түсіндірсе, қолынан келгенін істеп, көмектеседі.
– Бас би атандыңыз, көмекшілеріңіз бар ма? Олардың міндетіне не кіреді?
– Әлбетте, көмекшілерім бар. Мектеп, тәрбие, отбасы, қаржы мәселелері секілді халықпен жұмыс істейтін жеті топ құрылады. Сол мәселелермен көмекшілерім айналысады.
– Сізге жалақы төлене ме?
– Бізде ешқандай жалақы жоқ. Қоғамдық бірлестік болғандықтан, әр адам өзінің азаматтық парызын атқарып жүр. Олдардың әрқайсысының бизнесмен, мәслихат хатшысы, банкир, малшы, қолөнерші деген өз кәсібі бар. Мұнда ешкім табыс табу үшін келмейді.
– Сонда елімізде би көп пе?
– Әрине, бізде би көп. Қазір әр ауылдың, әр ауданның биі бар. Және бұлардың жұмыс істеп жатқанына 10-12 жыл болды. Көп адам білмеген соң, өзгелерге жаңалық болып отыр. Бірақ бұл бізге таңсық емес. Түркістан облысында қалыпты жағдай. Тоқетері, өмірдің қажеттілігінен туындаған билік пен соттың арасындағы әлеуметтік медиация. Яғни, ел ішіндегі мәселені сотқа жеткізбей шешуге тырысамыз.
– Жаңағы тоғыз облыстан келген делегаттың тоғызы да би ме?
– Олардың бәрі – би. Кәдімгідей Әділет министрлігінде тіркелген.
https://www.youtube.com/watch?v=j4zH6Jea6G4