Әкімнің қаулысына қарсы шыққан жүзге жуық адам әкімдік алдына жиналды
Әкімнің қаулысына қарсы шыққан жүзге жуық адам әкімдік алдына жиналды
© orda.kz
530
оқылды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының 2 жасар баланы балабақшаға қабылдамау туралы қаулысына қарсы шыққан Сарыағаш ауданының балабақша қызметкерлері мен ата-аналар наразылық білдірді. Олар қаулының күшін жоюды талап етеді, – деп хабарлады orda.kz.  Сарыағаш ауданының тұрғыны Гүлнәз Қуандықова екі жасар баласын балабақшадан шығаруға қарсы. Оның сөзінше, 5 күн үйде баласына қарап отыруға мүмкіндігі жоқ. Мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек алмайды.
– Бізге балабақша ауадай қажет. Баламды басқа жерге тастап кете алмаймын. Өзім қарап отырсам, табысымнан қағыламын. Жұмыс істемесем қалай тіршілік етемін? – дейді ол.  
Әкімнің қаулысынан соң кіші топтарда жұмыс істеген балабақша қызметкерлері жұмыстан шығарыла бастаған. Оның бірі тәрбиеші Айдана Құралбаева да қысқартуға түскен. Күйеуі жұмыссыз. Мүгедек баласы бар. Отбасында жалғыз жұмыс істейтін ол да енді қалай күнкөретінін білмей дал. 2 жастағы балаларды мемлекеттік тапсырыссыз балабақшада ақылы қалдыру мүмкін емес екенін айтады жиналғандар.
– Әкімдік ақылы топтарды ашуды ұсынды. Аймақта ақылы топ ашу мүмкін емес. Халықтың қалтасы көтермейді. Оның үстіне, Президенттің 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту туралы бұйрығы бар. Сол бұйрықтың өзін белден басты, – дейді өзін балабақша меңгерушісімін деп таныстырған Назым Жұмағұлова.
Жиналғандармен әкімнің орынбасары мен облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылары сөйлесті. Басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Ахметовтің айтуынша, облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар толық балабақшамен қамтамасыз етілмеген. Осы жоспар орындалғаннан кейін 2 жастағы балалардың жайы қаралады. Ал әкімнің қаулысынан кейін жұмыстан шығып қалғандардың жайы не болатыны белгісіз. Түркістан облысында балабақшаға баратын 153 мың бала бар. Сарыағаш ауданының өзінде 2 жасар 14 мың бала балабақшаға барған. Облыс әкімі «мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» қаулыны 29 қыркүйек күні шығарған. Онда мемлекеттік тапсырыс 3 жастан 6 жас аралығындағы балаларға берілетіні көрсетілген.